Жастардың қазақша сөздік қорлары тарылып бара жатыр - тіл маманы

Абайдың бұл өмірден өткеніне ғасырлар емес, бар болғаны 115 жыл болған екен. Абайдың тілін біз түсінуден қалып барамыз, Абай біздің бүгінгі тілімізді түсінген болар ма еді?

Міне, қазақ мектебін бітірген Қаржы мамандығының 4-курс студенті «...оқу материалдарын орыс тілінде оқимын» дейді, «Неге?» десеңіз, «Қазақша оқысам түсінбейм, себебі қолданыста жоқ сөздермен жазылады» деп жауап берді. «Барлық тілде бірдей терминдерді сол қалпында неге қалдырмайды, қазақша оқысақ түсінбей кетеміз» деп тағы жалғады сөзін.

Бұған не дейміз? Жастардың көркем әдебиетті оқымайтыны, қазақша сөздік қорлары тарылған үстіне тарылып бара жатқаны жаңалық емес. Көркем шығарма аудармасынан дәріс беріп тұрғанда қазақ тіліндегі шығарманың бір бетінен өздерің түсінбейтін сөздердің тізімін жасаңдар деген тапсырма берген болатынмын, сонда олардың «егде тартқан, шылбыр, әжуа» деген сияқты қарапайым сөздерді, тіпті одан да қарапайым сөздерді де түсінбейтініне куә болдым. Оның есесіне олар «тайм-менеджмент», «прайм-тайм», «пресс-релиз», «кофэ брейк», «фаст-фут», «һәппи бонус», «лаки-страйк», «фидбәк», «месседж», «пин код» дегендей тізімі ұзағынан түсіп кете беретін өзгелік сөздерді жақсы түсінеді, жақсы көреді, ризашылықпен мәз-мәйрәм болып, молынан қолданады. «Туған күнің құтты болсын» дегеннің орнын «Happy birthday to you» басып алып болды. «Ия», «жарайды» дегенді үлкен-кіші түгелдей «OK» дейтін болған тәрізді. «Wow!» демей жүрмейтін болдық.

Бұған қоса, біздің бүгінгі жазу жүйемізде Қызық times (Хабар телеарнасындағы жастар бағдарламасы), Айнаline (Өскемендегі қонақ үй, т.б.), Айна online (7 телеарнадағы Ж.Қанбаевтың бағдарламасы), Digital Urpaq (Петропавлдағы мектеп оқушыларының сарайы), Toi Like (Нұр-Сұлтан қаласындағы мейрамхана) т.с.с. бұрын мүлдем болмаған гибрид атаулар пайда болып, көбейіп барады, 100loveая деген де бар екен (Атыраудағы асхана), столовая дегені. Сайлауалды жарнамасындағы президенттің есімі Тоқае√ та осы санатқа жататын болар. Мұндай «жаңалыққа» не себеп болды екен? Бір нәрсе анық, амалдар – ішкі дүниенің айнасы. Ендеше, тілге қатысты біздің ішкі дүниемізде осындай «алай-түлейлердің» орын алып жатқаны ма? Барлық нәрсенің себеп-салдары болатыны тәрізді бұл да себепсіз емес болар. Біздің ойымызша, 1-себеп, елдегі үш тілділік саясат; 2-себеп (1-себепке байланысты), бұрын қос тілді болып келген әрбір қоғам мүшесінің енді ағылшын тілінен де хабардар бола бастауы; 3-себеп, қоғамдағы кирилден латынға көшудің өтпелі кезеңі; 4-себеп, затқа заманауи әсерлі ат беруде өзіндік тапқырлыққа құштарлық, бұл да бүгінгі тілде креатив деп аталып жүр.

Мынадай сұрақ туады. Егер бұл атауларды мәтінде қолдансақ, қай тілдегі мәтінде қолданамыз? Әрине, тек қана қазақ тіліндегі мәтіндерде Айнаline, Қызық times, т.б. деп жаза аламыз, ал орыс, ағылшын тілдерінде олар танылмайды. Орыс тіліндегі мәтінде ағылшынша бөлімі оқылады да, қазақша бөлімі танылмайды. Жалпы кирилл жазуында басқа латын қарпіндегі тілдерден плантация (қондыру – Н.Р.) тәсілі арқылы сол қалпында көшіріп жазып алу тәжірибесі бар да, кері үдеріс жоқ. Яғни, латын қаріпті мәтіндерде кирилл жазуынан сол қалпында көшіріп алып жазу жоқ. Бұған себеп – кирилдің қолданыс аясы тар да, латын жазуының аясы кең – ғаламдық.

Дегенмен, осы ономастикалық «трюктар»... жоқ, «трюк» деп айтпайық, тапқырлық делік, ертеңгі күні толығымен латын қаріпті жазуға өтіп кеткен шағымызда бүгінгі әсерін сақтап қала алмайды, себебі атаудың кирилше жазылып тұрған бөлшегі де латын таңбаларына өтеді де, Qyzyq times, Ainaline, Aina online дегендер біртегіс латын әліпбиімен оқылып басқа сөздерге айналып кетеді екен. Мәселен, «Қызық times»-ды «Qyzyq times» деп латынға көшіріп оқып көрсеңіз, бұрынғы әсерінен айрылып, тіпті керісінше, «қызықты емес» деген мағынаға көбірек ұқсас оқылатын болады екен. Демек, бұл гибрид атаулар қоғам кирилл жазуында тұрғанда ғана ономастикалық кеңістікте уақытша номинативтік функцияларын атқарып, латын қарпіне толық көшкен сәттен бастап өздігінен ғайып болатынға ұқсайды. Бірақ бұлардың ғайып болуымен мәселе шешілмейді.

Өздігінен ғайып болу қаупі бар тағы бір нәрсе бар, барлық мәселенің мәйегі осында болып тұр. Қазақ телеарналарының бірінен журналистің «Қазір стартаптар онлайн да, офлайн да ұйымдастырылып жатыр» дегенін естігенде, «Балапан» телеарнасының «Балақай, сен һәппи бонус ұтып алдың!» деп мәз болып жатқанын естігенде «Бұл қандай тіл болды? Біреуге сен неге қазақша сөйлемейсің деп ренжімей-ақ, қазақ тілінен осылай «қазақша» сөйлеп тұрып-ақ айрылып қала беретін түріміз бар екен ғой» деген ойды түймеске амал қалмады. Бесігімізден алғаны алған емей немене?

Абай бұл тілді бүгін естіген болса қазақ тілі деп ойламайтыны анық екен. Абай тұрмақ, кешегі соғысты көрген ата-әжелеріміз де, тіпті олардың ұл-қыздары да түсіне қоймайтын сияқты мынадай хабарларды. Бір ғасырдың ар жақ, бер жағында осындай өзгерісті басынан кешіріп үлгерген қазақ тілінің енді бір ғасыр өте қандай күйде боларын кім білген? ...Егер ол кезде ондай тіл бар болсын десек, ешкімге жалтармастан ұлтжандылық сезімін оятудың амалдарын батыл түрде қолға алуымыз керек.

Абайды Абай еткен оның қиыннан қиыстырар сөз өнерінен бөлек Алланы сүюі, адамды сүюі, халқын сүюі болса, түрлі-түрлі жолдардың ішінде бір ғана Абай рухын дәріптеу арқылы да ұлт құндылықтарын аялап, тілін сақтап қалуға болатындай көрінеді, себебі, «Абай айтты» десе әлі де тоқтамайтын қазақ жоқ.

Нұрсәуле Мақсұтқызы РСАЛИЕВА,

филол.ғ.к., Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Орфография басқармасы жетекші ғылыми қызметкері