Алматыда жанармай бекетінің кассирін пышақтап кетті

Алматыда жанармай құю бекеттерінің бірінде кассир-күзетшіге қарақшылық шабуыл жасалды. Бұл туралы Алматы қаласы ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, жанармай бекетінде жұмыс істейтін күзетші-кассирге кешкісін досы келген.

Сол күні 1980 жылы туған Н есімді күдікті әдеттегідей танысына келіп, екеуі ішімдік ішкен. Кейін ол досынан ақша сұраған, бірақ танысы қаражат бере алмайтынын айтқан. 54 жастағы жәбірленуші теріс бұрылғанда шөлмектес досы үстел үстіндегі ас пышағын алып, оның мойнынан салған. Досы қансырап жерге құлағанда қаскөй одан ақша беруін талап еткен, - дейді Жетісу ауданы полиция басқармасының басшысы полиция полковнигі Дархан Мұсанов.

Оның айтуынша, күдікті кассадан 40 000 теңгені алып, қансыраған досына көмектеспестен тастап кеткен.

Жамбыл облысы полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе атқарған шұғыл іс-әрекеттің арқасында қаскөй бір тәулік ішінде ұсталған.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргіліп жатыр.