Үмітхан Мұңалбаева: Желтоқсан оқиғасы қазақтың үлкен рухты халық екенін көрсетті

Сол күндерді есіме алсам, қазір көзіме жас келеді. Себебі менің тұңғыш балам Желтоқсан оқиғасынан бір жыл бұрын дүниеге келді. Мен ол кезде 1 жасар баланың анасымын. Жасым 27-де. Абай атындағы педагогикалық университетте ғылыми жұмыстармен айналысып жүрдім. Сол сәтті пайдаланып, баламды анама қалдырдым да, сыртқа шықтым. Ойым, сол жастармен бірге алаңда болу еді. 1986 жыл 17-18 желтоқсан күндері «жастар алаңға шықты» дегенді естіген жұрт шулап кетті. Көшеде барлық машиналар тоқтап тұрды. Фурманов көшесімен жаяулата жұрт жиналған жерге келдім. Айнала құжынаған халық. Аяқ алып жүрер жер жоқ. Қатарынан жиылған полициялардың тұрысы көз алдымнан кетер емес. Олар халықты жан-жақтан жібермей, ұстап тұрды. Бір уақытта машиналардың үстіне шығып, біреулер дауыс көтерсе, тағы біреулер даурығып «Колбин кетсін» деп айғайлап жатты. Адамдардың ішіндегі көбісі қазақ жастары. Сол жастармен бірге мен де тұрдым. «Колбин кетсін» дегенге қосылып, айғайлап, дауыс шығардым. Біраздан соң жарлық келді ме, алаңдағы жастарды қуу үшін үлкен-үлкен машиналармен су әкеліп, шаша бастады. Барлығына жан-жаққа қашуға тура келді. Фурманова көшесінде «Океан» деген дүкен жұмыс істеп тұрды. Біршама адамдар қашып, сол жерге барды. Қолына түскен адамдарды полиция қызметкерлері, ұрып жатты. Біршамасы жан-жаққа қашып, қашпағандары дүкенге тығылды. Қашып жүрген 5-6 қызды шашынан ұстап, аяқтарынан тепкілеп жатқандарын көріп, жүрегім сыздап кетті... Абай көшесінде төбесі ашық машинаға мінген қолында автоматтары бар әскери адамдар жүрді. Құдды бір соғыс кезіндегідей күй кештік. Көшеде жай кетіп бара жатқан адамдарды да қуды. Сөйтіп жүгіріп, мен атам үйіне келіп, есік қақтым. Тым-тырыс. Есік ашылмады. Қазір ойлаймын, бәлкім, күндізгі оқиғаны естіген соң, есік ашуды қорыққан болар... Жағалай жамыраған халық. «Қазаққа бостандық керек. Колбин кетсін» деп ұрандап, айғайлаған дауыстар әр жерден естіліп тұрды. Осындай айғай шудың арасында мен Тимирязев көшесіндегі үйіме қалай жеткенімді білмеймін. Есік алдында орыстың бір топ кемпірлері жиналып алып, «Казахи такие, они плохие. Біз қашан келдік Қазақстанға? Бұл да біздің жер ғой. Неге олар Колбин кетсін деп айтады. Өкіметтің саясаты ғой бұл» деп жамандап жатыр екен. Біраз тыңдап тұр едім. Сол кезде анам сыртқа шығып қалды да, мені үйге алып, кіріп кеттік. Менің ата-анам әділет үшін күресіп кететінімді біледі. Есіктен кіре сала «Ойбай-ай, сен қайда кетіп қалдың? Амансың ба?» деді бірден. Шешемнің сөйлейтін де реті бар. Себебі, мен таңертең ерте кетіп, үйге кешке бірақ келдім. Біраз күн өткен соң, көшеге шықтым. Жолай Рахила Батырхановна деген кісіні жолықтырдым. Сол кісі мені көре сала: - Үмітхан Дәуренбекқызы, мен сізді іздеп, таппай жүрмін. Сөйлесетін әңгіме бар. Бір құпия айтайын деп едім, - деді. Мен жақындап келдім де: – Жүріңіз, – деп, шеткері жерге бұрылып тұрдық. – Алаңға шыққан адамдардың бәрін фотоға, видеоға түсіріп алыпты. Полициялар сол адамдарды іздестіріп, көшеде жүргендерден «танисыздар ма» деп сұрап жатыр екен. Менің балам сізді таныпты. Бірақ, фотоға қарап, үндемей, танымаймын депті. Одан кейін де мен балама бірнеше мәрте ескерту жасадым. Ол сізді таныса да, айтпайды, - деді. – Іздесе, іздей берсін, - деп мен қоя салдым. Жастардың алаңға шығуына байланысты біраз ойландым. «Расымен де, неге қазақ елін орыстар басқарады?» деген намыс ой біразға дейін маза бермеді. Желтоқсан оқиғасы қазақтың үлкен рухты халық екенін, басына іс түссе, ел үшін, жер үшін берілмейтінін түсіндік. Мен Әбіш Кекілбайұлының отбасымен араласып жүрдім. «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінде жүргенде Маңғыстау өңірінің өте керемет макеттерін Әбіш ағаммен ақылдаса отырып, жасадым. 362 әулие мекендеген киелі жерден шыққан Әбіш ағамның өскен ортасын көрсетемін деп ниеттеніп, талпынған болатынмын. Сол кезде облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев та көмектесіп, қолдау көрсеткенін әлі күнге дейін ұмытпаймын. Атырау өңіріндегі жеті хан жатқан Сарайшықтың сәулетті көркінің өзі неге тұрады? Кейде ойға қаласың. Осынау кең байтақ өңірімізді сақтап қалған ата-бабаларымыз қандай мықты болған! Қаншама жаугершілік, шапқыншылық заманы кезінде де жерімізді бүтіндей сақтап қалды. Осыған байланысты мен Әбіш ағама сұрақ қойдым. Осыншама жерді сақтап қалуымызға себеп не? Сонда Әбіш ағам: «Ол қазақтың рухы, ерлігі, түбірі тарихының тек қана жеңіске жететіндігі. Отаны үшін құрбан болып келе жатқан қазақтың қазақтығы» деп айтты. Киелі өңірде Отпантау туралы да жақсы айтады. Ел шетіне жау келе жатқанда сол от бір қолдан бір қолға жетіп, жау келгендігін білдірген. Үлкен таудың үстінде сол от жанғанда, бар адам жанын салып, ел қорғауға дайындалған. Батыс өңірінен шыққан Исатай мен Махамбет батырлардың ерліктерінің өзі неге тұрады? Бабаларымызыдың ерлігін ұмытуға біздің хақымыз жоқ. Тәуелсіздік бізге өте қымбат. Несімен қымбат? Ол түбіріміен, тарихымен қымбат. Сонау ата-бабамыздың қанымен келген Отанымыз, еліміз, жеріміз сондай қымбат! Менің өз нағашым тарихта аты шыққан Бөлек бабам батыр болған. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Музейінде Бөлек батыр бабамыздың дулығасы әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Сол бабаларымыздың барлығы халық үшін жандарын салып, қайсарлық танытты. Менің бала кезімнен бері естіп келе жатқан әңгімем осындай. Тәуелсіздік – ол біздің еліміздің бүтіндігі, Отанымыздың амандығы, болашақтың кемелдігі. Қазіргі президентіміздің жүргізіп жатқан саясатының жүзеге асуы. Расымен де, біз болашақты ойламасақ, жастарды тәрбиелемесек, қайда барарымызды білмей қаламыз. Менің бір шәкіртім жақында «Дарын» сыйлығын алды. Жастарға стипендия тағайындау, шет елдерге оқуға және тәжірибе жинақтауға жіберуіміз осының бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы. Дұрыс бағытта келе жатқанымыз бізді қуантады. Әлі де ойға алған істеріміз іске асып жатса, тәңірге тәубе дейміз. Арманымыз көп қой, біздің. Қазақ халқы осы Тәуелсіздікті сақтап қалуы керек. Қысқа мерзімде үлкен жетістікке жеткен тарихта бір мемлекет жоқ. Біз жетістікке жеттік. Бұл тек бастамасы ғана. Біздің бағымызға дүние жүзінің саясатын білетін президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келді. Бір жағынан Елбасының саясатын жалғастырып келе жатқанымызға да қуаныштымыз. Бізге сабырлық пен төзімділік, қанағатшылдық пен тәубешілік болу керек. Ешқандай қызбашылық болмау керек. Дүние жүзінде бар нәрсе бізде бәрі бар. Не жоқ деп айта аласыз? Әлем сүйсіне қарай алатын зәулім үйлер, әдемі ғимараттар, халықаралық деңгейдегі әдеби, мәдени және спорттық іс-шаралар өтіп жатыр. Одан бөлек шет мемлекеттерге шығып, қазақ халқы түрлі сайыстар мен жобаларға қатысып, өз-өздерін көрсетуде. Тек қана еңбек етіп, білімге құшатрлығымызды арттыруымыз керек. Ең бастысы кітап оқуға көңіл бөлген жөн. Олжас Сүлейменов ағамыз айтқандай, әдебиетті оқуды мектептің қабырғасынан бастап, тәрбиелеуді қолға алу керек. Балабақшаларда шағын кітапханалардың көбірек болуын, мектептің кітапханасын түзетуді қаматамасыз еткен жөн. Тек оқулықтарды ғана беріп қоймай, нағыз оқитын кітаптар қажет. Қалалық, аудандық және ауылдық кітапханалар да менеджмент пен маркетингі дұрыс жолға қойылса, кітапхана мықты жұмыс жасап кетеді. Жан-жақты білмді азаматтарды тартып, мектеп бағдарламасын өзгерту керек. Ол үшін кітапханашы да мықты болуы тиіс. Кітапханашы – сарапшы, кітапханашы – методист, кітапханашы – аудармашы, кітапханашы – координатор деген бағытта кітапханашыларымызды дайындау керек. Елімізде кітапханашылар даярлайтын оқу орындарына мемлекеттік грант көбірек бөлінсе деген ой бар. Біздің кітапханамыздың қоры екі жарым миллионға жеткеннен кейін, жаңа кітапхана ашу керек. Ал, мына біз қызмет етіп жатқан киелі шаңырақ жасөспірімдер арналған руханияттың ордасы болып қалмақ. Ал, академиялық кітапхана жаңадан салынса, құба-құб. Кітапхананың деңгейін жоғары көтергенде ғана, біз руханиятты сақтап қала аламыз. Бізге Тәуелсіздік мемлекетінің ұрпағын тәрбиелеуді басты назарға алу керек. Ол ұрпақ – өте білімді ұрпақ болғаны жөн. Кітап оқудың жолдарын мектептен іздеу керек. Кітапты жылдам оқитын, жарысып жүріп оқитын сияқты сайыстар ұйымдастарса, балалар кітап оқуға талпынады. Кітап оқудың методикасы дұрыс жолда болуы тиіс. Кітапқа бейімдеп, жетектейтін ұрпақты тәрбиелей алсақ, сол кітап арқылы дүние жүзін тани алатындай деңгейге жеткізе аламыз. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздікті сақтап алу үшін интеллектуалды білімімізді молайтуымыз қажет. Тәуелсіздік бүгінгі ұрпағымызға бұйырған зор бақыт. Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Болашағымыз баянды, келешегіміз кемел болсын! Үмітхан Мұңалбаева, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының басшысы Қазақ үні