Бақытжан Сағынтаев жастарға пәтер кілттерін табыстады

Бірінші пул бойынша барлығы 1244 өтініш келіп түсті. Соның ішінде баллдық жүйеге сәйкес 249 үміткердің тізімі жасалды. Олардың ішінде көп балалы отбасылар, білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Алматы әкімдігімен өтініштерді қабылдайтын арнайы www.almaty-jastary.kz сайты әзірленді. Бірінші пул бойынша Алатау ауданындағы Көкқайнар ықшамауданындағы 249 пәтерге өтінімдерді қабылдау 30 қазан мен 12 қараша аралығында өтті. Жыл соңына дейін тағы 801 пәтерге конкурс жарияланады. Сөйтіп, 1050 жас отбасын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.   Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Жастар жылын» өткізу аясында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру бағдарламасы әзірленді.   Бұл бағдарлама 5 жылға жеңілдетілген бағамен жалға алуға және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қаражат салуға мүмкіндік береді. 1 бөлмелі пәтерге ай сайынғы жалдау ақысы 4 380 теңгені құрайды. Жалға берілетін тұрғын үй алу үшін мынадай талаптар қойылды:
  • 29 жасқа толмаған жастар;
  • Алматы қаласындағы тіркеуі кемінде 2 жыл;
  • 2 жылдан астам тұрғын үйі жоқ;
  • Ай сайынғы табысы кемінде 101 000 теңге және банкте жинақ шоты (депозиттік) бар.
Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 3 жыл ішінде 1 050 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 2020 жылы қосымша «Алматы Жастары-3» қалалық бағдарламасы іске қосылады. Мұнда 35 жасқа дейінгі 1000 жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өткен 2 жылда «Алматы Жастары» бағдарламасы аясында 238 жас отбасы 5 пайыздық мөлшерлемемен пәтер алды.