«Куәні біз іздеп тапқан жоқпыз, ол бізді өзі тауып отыр!»

Астанады И.Әбішевтің ісі бойынша сотта кеше, 11 желтоқсан күні куә Идрисов тыңдалды. Ол жайлы қорғаушы Саян Жүсіпбаев былай деді: «Қорғаушылар тарапы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тергеушісі, сотқа дейінгі тергеу ісіне қатысқан Идрисовтың сотқа келіп, куәлік беруі туралы сотқа өтініш жасаған болатын. Одан жауап алу қажеттігі айыптау жағының басты куәсі А.Шәймерденовтің жауабынан қарама-қайшылық шыққаннан кейін туды. Ол сотқа берген жауабында Ислам Әбішев менен Асылбек Жампозов арқылы ақша талап етті деді. Ал, сотқа дейінгі тергеу кезінде ол төрт рет жауап берген, сол төрт рет берген жауабының бір де біреуінде ондай сөз айтпаған. Оны біз сот материалдарын зерттеген кезімізде көрдік. Шәймерденов қорғаушының сотта нақтылаған сұрағына: «Мен бұл жауабымды тергеушіге де айтқан болатынмын, ол хаттамаға түсіруді ұмытып кен болар» деген еді. Бүгін сотқа келген тергеуші Идрисов «мен Шәймерденов пен Жампозовтан алған жауаптың бәрін мұқият хаттамаға түсіріп отырдым. Бұл секілді маңызды хабардың ұмытылып, хаттамаға түспей қалуы мүмкін емес, ол тергеуде бұндай мәлімет берген жоқ» деді. Яғни, біз тергеуші Идрисовтің берген куәлік сөзі арқылы А.Шәймерденовтің жауабының өтірік екеніне көз жеткізіп отырмыз».

Қорғаушылар тарабына осыдан біраз уақыт бұрын, сот залынан журналист Сәуле Әбединова «тікелей бейнерепортаж» жүргізуіне судья Қ.Мекемтас әлі тыйым салмаған уақытта, әлеуметтік желіден айыптаушы жақты басты куәсі, И.Әбішевтің үстінен арыз беруші А.Шәймерденовтің сотта куәлік беріп жатқанын кездейсоқ көріп қалған Фуат Ишмұхамедов деген көкшетаулық азамат хабарласып, «мен сотқа барып, өз еркіммен А.Шәймерденовтің кім екеніне соттың да, басқалардың да көзін ашып берейін, өйткені ол менің мектепте бірге оқыған кластасым, бизнесте бірге жұмыс істеген әріптесім, ол басқа тұрмақ менің өзімді миллиондаған теңгеге отырғызып кеткен алаяқ екенін айтып беремін» деп хабарласқан екен, қорғаушылар сол куәнің бүгін сотқа келуін өздері қамтамасыз етіп, судьядан жауап алуға рұқсат етуді сұрады. Судья «ол адамның берер куәлігінің біздің қарап жатқан іске тікелей қатысы бар ма» деген сұрағына қорғаушы Е.Мәкенов: «Қатысы бар, себебі біз куә А.Шәймерденовтің арандатушы екенін дәлелдеп жатырмыз, ал, бұл куә Шәймерденовті көптен бері білетін адам ретінде оның кі екенін, бет-бейнесін нақты ашатын адам» деді. Қорғаушы С.Жүсіпбаев әріптесі Е.Мәкеновтің ұсынысын толық қолдай отырып, судьяның есіне өзінің өтініш-хат бергенін, ол өтініш-хатта куә А.Шәймерденов И.Әбішевке қарсы алдын-ала тергеу ісі басталған кезеңде де, одан кейін де құқық қорғау органдары тарапынан салық түсімін жасырғаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған адам екендігін, яғни, ол сол органдардың ықпалында болғандығы жайлы сотқа мәлімет бергенін, бүгінгі куә сол мәліметке жаңа мәліметтер қосатын маңызды куә екендігін» қосты. И.Әбішев: «Құрметті сот, біздің қорғаушыларымыз А.Шәймерденовтің куәлігіне сенуге болмайтындығын, өйткені ол кәсіби арандатушы екендігін айтып, оған дәлелдер келтіріп жатқанда, мына Ишмұхамедовтің пайда болуы, біздің сөзіміздің рас екенін мығымдай, бекіте түседі. Өйткені, біз қорғаушылар оны іздеген жоқ, ол өзі бізді іздеп келіп отыр. Оны осы сотқа, біздің алдымызға Алла-Тағаланың өзі алып келіп отыр. Тоғыз айда қылмыстық процессуалдық кодекспен біраз танысып қалдық, ол сот үдерісі толыққанды, жан-жақты, терең, объективті, шынайы жүргізілуін талап етеді екен, сондықтан бірге отырып тыңдасақ куәні» деді. Судья прокурордың пікірін тыңдаған кезде, прокурор: «Мен бір нәрсені анықтап алғым келеді – бұл куә осы іске қатысты мәлімет емес, куәгер А.Шәймерденовтің қандай адам ретінде сипаттама, характеристика бергісі келеді ғой, солай ма?» деп сұрады. Оның сұрағына С.Жүнісбаев: «Айыптаушы жақты басты куәсінің құқық бұзушылыққа бейім адам екенін, құқық бұзып отырған адам екенін, оның жалған сөйлеуге бейім адам екенін дәлелдейтін мәліметтер береді, ал, бұл мәліметтер ертең судья үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткен кезде үлкен рөл ойнайтын жанама факторлар болып есептеледі» деп жауап берді. Прокурор: «Мен ол куәден жауап алудың қажеті жоқ деп есептеймін» десе де, судья жауап алған жөн деп тапты.

Е.Мәкеновтің «А.Шәймерденов жайлы не айтасыз?» деген сұрағына Ф.Ишмұхамедов былай жауап берді: «Біз Көкшетауда, №4 мектепте бірге оқыдық. 8-кластан бастап бір партада отырдық. Тығыз дос болдық. 2010 жылы ол маған Көкшетауға қайта-қайта келіп норка өсіретін ферма ашайық, оның болашағы зор» деп үгіттеумен болды. Ақыры, мені көндірді. Мен сол іске 200 млн.теңгеден астам қаржымды құйдым. Мен ақша құйған күннен бастап ол күрт өзгерді. Маған менсінбей сөйлей бастады, олай істе, бұлай істе деп бұйрық бере бастады. 2012 жылы компанияның қажеттігіне деп ол мені тағы да 300 мың доллар қарыз алуға көндірді. Қаржыны құйғаннан кейін «ол сенің жеке басыңның қарызы, менің шаруам жоқ» деп шыға келді. Достығымыз жайына қалды. Мен жайлы сыртымнан мені даттап, өзін ақтап неше түрлі әңгіме айтып жүрді. Жалпы, меніңше оның денсаулығы дұрыс емес сияқты, өйткені ол біреудің мен сияқты қиналғанынан ләззат алады...»

«Сіздің Шәймерденовтің қандай жерде қызмет істегенінен хабарыңыз бар ма?» «2000-2005 жылдары ол Көкшетауда прокуратурада жұмыс істеген болатын. Одан жанжалмен, жағымсыз характеристикамен жұмыстан босатылды, себебі біреудің сыртынан жалған қылмыстық іс ұйымдастырып, онысы жұртқа белгілі болып қалды. Әкесі содан кейін оны әкеліп осында, Астанада, қаржы полициясына жұмысқа орналастырды. Ол бұл жерден де айқай-шумен жұмыстан қуылды, өйткені, бір ауданның әкімінің қолына кісен салып, қылмысты деп алып кеткенде, артынан ешқандай материалдар жоқ екені анықталды. Әкім түрмеге әкеле жатқан жолда инфаркт алып қалды...» «Сіз мына жерде отырған Ислам Әбішев пен Серік Түкеев туралы Шәймерденовтен қандай да бір ақпарат есіттіңіз бе?» «Жоқ. Соңғы рет мен онымен 2016 жылы кездескенмін». «Сізге Шәймерденовтің үстінен арыз жазуға не себеп болды?» «2016 жылы аудиторлық тексеріс кезінде менің компаниям салыққа 200 млн.теңгенің үстінде қарыз екені белгілі болды. Мен компанияның директоры ретінде бұндай қарыз еместігімді жақсы білемін,

сондықтан бұның себебін індетіп іздегенімде, Шәймерденовтің бухгалтері менің мөрімді істетіп алып, мен өзім қол қоймаған құжаттар арқылы миллиондаған ақша өткізгені анықталды. Мен бұны білген бойда, 1016 жылдық желтоқсанында оның үстінен Ақмола облыстық кірістер департаментіне арыз жаздым. Алғашқы жарты жыл бойы менің арызым Ақмола облысында қаралып еді, кейін оны Қарағанды облысына алып кетті. Сол үш жылдан бері мен Шәймерденов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша «күдікті» деп қаралып жатыр деген хат алып тұрдым. Сөйтіп жүріп, осы жақында, күтпеген жерден оның үстінен «күдікті» деген айыптауды алып тастағанын естідім...» «Шәймерденовтің кесірінен сіз өзіңіз нақты зиян шектіңіз бе?» «Әрине! Мен жеке бизнесіммен айналысып, өзіммен-өзім жүрген жан едім. Менің компаниям таза жұмыс істейтін, еқандай дауға ілікпеген болатынмын. Шәймерденовпен байланысамн деп мен, 200 млн.теңге зиян шектім. Одан бөлек, қарыздарсың деп, менің компаниямның жұмысын салық органдары бөгеттеп тастаған, жұмыс жүріп жатқан жоқ, даладағы техника-жабдықтың бәріне қарауыл қоюға мүмкіндік, олар ұрланып таусылуға айналды. Жалақы төлей алмағаннан кейін қызметкерлерімнің, жұмысшыларымның бәрі кетіп қалды». «Бүгінгі таңда Шәймерденовтің атында қандай да бір жауапкершілі шектеулі серіктестіктер бар ма?» «Иә, бар. Ол екеуміз құрған фирма, ЖШС «Қазына-экспоцентр» ЖШС-нің құрылтайшысы болып табылады. Ол фирма арнайы құралдармен – диктофон, бейнебақылау камерасы, т.б. – құқық қорғау органдыран жабдықтаумен айналысады. Ол 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2017 жылы 2 млрд.теңгеге құрал-жабдық әкелгенін білемін. Одан бөлек құрылыспен айналысатын, жиһаз жабдықтаумен айналысатын, тон-ішік сатумен айналысатын компанялар да құрған болатын». «Сізге СМП-610 деген компания таныс па, ол жайлы не айта аласыз?» «Таныс. Азаматтың компаниясы. Оны 2013 жылы Щучинскіден Испания азаматы Сурен екеуі бірігіп, 300 мың долларға сатып алған болатын. Азамат оны Қазақстаннан кетуге мәжбүр етіп, кейін өзі жеке қожайыны болып алды». «Суреннен басқа да шетелдік әріптестері болды ма?» «Олар Сурен екеуі Диего деген португалдықты тапты. Ол екеуі 300 мың долларға алған компаниясын, СМП-610-ды португалдыққа 1млн.евроға сатты. Суренді шығарып жібергеннен кейін, португалдықтың әріптесі бір өзі болып қалды» «СМП-610 жайлы не айта аласыз?» «Ол компанияның жұмысын жүргізе алмаған соң, субмердігерлер оның техникасын қарызы үшін түгел алып қойды». «Субмердігерлердің кім екенін білесіз бе?» «Иә.Суворов Ашот Сурикович». «Құрметті сот, Суворов біз қарап отырған іс бойынша өткен болатын, осған сіздің назарыңызды аударамын». «Бүгінгі Шәймерденов пен Суреннің арасында қарым-қатынас үзілген деіңіз. Ал, оны мен португалдықтың арасында қарым-қатынас бар ма, білесіз бе?» «Шәймерденов жиһазбен жабдықтауға тартқан португалдық Педроға да, арнайы құралдарға тартқан Карл Брагоға да сендерге Қазақстанға кіргізген мен, сол үшін ақша төлеңдер дейтін көрінеді. Педро СМП-610-ға 400 мың доллар құйған еді, «енді компания жоқ, ешкім ешнәрсеге жауап бермейді, соны маған қайтаруға көмектес» деп маған шығып жүр. Ол халықаралық сотқа жүгінбекші».

«Сіз бен Шәймерденовтің арасында тағы қандай да бір мәселелер болды ма?» «Ол кәзір мені қашан шаршап қояды екен деп күтіп отыр». «Дәл осындай жағдай тағы қандай компанияның басына түсті?» «Көкшетаудың өзінен оған жиһаз жеткізіп тұрған Дзюба Вячеслав Анатольевичке 550 мың доллар, Игорь Белоусовқа 1100 мың доллар, маған 1млн.доллар қарыз». «Сізден басқа шағымданып жүргендер бар ма?» «Дзюба - Шәймерденовтің әкесінің досы. «Мен қалай шағымданамын?» деп жүр. Шәймерденовтің әкесін көрдім. Ол да «Вячеславқа қарыз екен, ал, мен баламды көрмегеніме төрт жыл болды. Ешқандай хабар жоқ...» дейді. И.Белоусов Шәймерденовпен бірге «қарағандылық іске» қатысты тергеліп, ол досының үстінен шағымдана қоймайтын шығар. Педро болса «ақырына дейін барамын» деп жүр». «Арнайы құралдар жайлы не білесіз?» «Ол жұрттың бәрінің үстінен компромат жинағанды жақсы көреді. Әлі арамыз үзілмеген кезде оның жасырын тыңдау аппараттарын 5-6 сағат шаршамай, қызығып тыңдайтынын, соған талдау жасап отыратынын көріп, «сенің денің сау емес шығар» дейтінмін. Әйелінің де жүйкесі шаршап, «Азамат «түсінде де, өңінде де КНБ-нің төрағасы болғанын көріп жүр» деген еді бірде маған». «Сіздің өзіңізге де қарсы жасырын тыңдау құралын қолданып көрді ме?» «Ия, мен оның үстінен арыз жазғаннан кейін қолданғанын маған әйелі айтқан болатын». «Тағы басқа кімдерге қарсы қолданды?» «2017 жылы ЭСПО кезінде Шанхайдан таксилер алғанда «таксидің бәріне қойып тастайық, таксиде аадамдар шынын айттады, көбі мас болып мінеді, бүкіл қала біздің уысымызда болады» дегені бар-тұғын. «Сіз Шәймерденовке жала жауып тұрған жоқсыз ба?» «Маған жала жабу қажет емес, мен үш жылдан бері әділдікке жете алмай келемін, соған жетсе болды. Ал, жақында мына іске байланысты бұрынғы ісінен күдікті деген айыптауды алып тастапты. Бұны қала түсінуге болады?!» «Ал, оның осындай істерді қалай шешетінінен хабарыңыз бар ма?» «Ол 2012 жылға дейін тендерге байланысты істерінен қорқып, «мені отырғызады» деп, үрейленіп жүретін. Айтып та жүретін, түрінен де көрініп тұратын. 2012 жылы құдыретті бір адамды тапты. «Ағашка, ағашка» дейді, атын айтпайды. Содан бері қорықпай қимылдайтын болды...»

Өмірзақ Ақжігіт