Аманат жауапкершілік жүктейді

Сонау ықылым замандардан мағынасын өзгертпей  бүгінгі күнімізге дейін жеткен ұғымдардың  бірі Аманат болып табылады. Аманат деп бір ел билеушілерінің екінші бір елмен арадағы уағдаластықтарының орындалуына кепіл болатын адамдарды «құрметті қамақта» ұстау дегенді білдірген, мәміле жүзеге аспаған жағдайда оларды жазалап та отырған. Сондай-ақ елдің белгілі тұлғалары  қатпары мол тірлікте тындыра алмаған шаруаларын ұрпағына тапсырып, оны да Аманат деп атаған. Ардақты ағамыз Сәмен Жаңабергенов Торғай өңіріне белгілі Тұрлығұл мен Жәнібек тұқымдарын «Түкті Қошқар ұрпақтары» деп атағаны өлкетанушы-қаламгер Ертай Қарабаланың айтуымен бізге жетіп отыр. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес заманында тарихи шығармаларда Шақшақ Жәнібек жайлы ішінара сөз болғанымен, оның ағасы Тұрлығұл туралы ешкім іште де, сыртта да тіс жармайтын. Ол білместіктен емес. Есейген шағымда әкем Ахметқанның оңашалап, кісі көзінен тасалауда айтқандары құлағымда. Әкем әңгімелеріне қанық ауылдас ағамыз Серікбай Оспанұлы бүгіндері Тұрлығұл Қошқарұлы жөнінде қалам тербеп жүр. Сондай-ақ тарихшы Ирина Ерофееваның архив материалдарына негізделген зерттеу кітабы қолымызға тиіп, олқылықтың орнын толтырғаны бар. Жәнібек атам ұрпақтары ел билеу ісіне араласса, Тұрлығұл балалары  қазақтың өнер біліміне, ғылымына, руханиятына еңбек сіңірген. Ұзақтау тізімді Ахаң әліппесін қазақ мектебі тарихында тұңғыш қолданысқа енгізген  ағартушы Әлмағамбет молда, оның туған інісі, мысалшы Жармағамбет ақын, Ұлы Отан соғысына дейінгі қазақтың алғашқы  дивизия командирі болған Қоғабай Жоламанов, республиканың тұңғыш салалық банкінің басқарушысы Ілияс Омаров, соғыстан кейін генерал лауазымында еңбек еткен Сағи Нүркеев,  қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ поэзиясында баллада жанрын қалыптастырған Қайнекей Жармағамбетов,  бокстан КСРО чемпиондары атанған тұңғыш қазақ спортшылары, ағайынды Махмұд, Мақсұт, Рашит, Ерік Омаровтар есімдерімен жалғастыра  беруге болады. Бүгінгі Қошқар ұрпақтары осы ата-ағаларының аманаттарын арқалап келеді. Осы ретте аманат жүгі ағадан-ініге, буыннан-буынға эстафета сынды тапсырылып келе жатқанын тілге тиек етуімізге болады. Мәселен, Қайнекей ағамыздың 50 жылдығы елде өзінің қатысуымен тойланғаны әлі есімде. Кейінгі 60, 70 жылдық мерейтойларын ел  ағалары аудан көлемінде дүркірете атап өтті. Ал, 1990 жылдардағы қысылтаяң шақта ілгері буын іс басынан кетіп, келесі толқын  қоғамда әлі орныға қоймаған еді. Біздің буын 2000 жылдарда бұғанасы бекіп, аяғына тұрды деуге болады. Енді сол буын қоғамға, елге сөзі жүретін дәрежеге жеткен соң Қайнекей ақынның 2008 жылы 90 жылдығы, өткен жылы ғасырлық мерейтойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық деңгейде атап өтілді, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, жинақ шығарылды.   Осы ретте Торғайда 1993 жылы Шақшақ Жәнібек бабамызға арналып республикалық деңгейде конференция өткенін, содан 20 жылдан кейін - 2013 жылы ғана батыр жөніндегі тарихи мәліметтер, дастандар мен деректі хикаялар мемлекет қаржысына кітап болып басылғанын да атап өтуге   болады. Сөйтіп, ата-баба есімдері араға жылдар салып, кідіріспен болса да еске алынып, аманат орындалып келеді,   жоғарыда айтқандай эстафета ұрпақтан-ұрпаққа берілуде. Бұл жәйт менің атам Әбіқай Нұртазаұлы мен әкем Ахметқанға да тікелей қатысты. 2012 жылдың күзінде Әулиекөлде Мүсіреп-Салпы аталарымыздың кесенесі көтеріліп, ас берілуіне орай Әбіқай, Ахметқан ақын өлеңдерінің  «Дүлдүл» атты жинағы баспадан шығарылып, жиналған көпшілікке, ағайын-туысқа таратылды. Қолжазбаны компьютерде теріп, басуға дайындаған, кітап-полиграфия ісінің мамандарын даярлайтын кафедраның меңгерушісі болып істейтін ағамыз осы кезеңде шетелге дәріс оқуға шақырылып, ұзақ уақытқа Польша университетіне профессорлық қызметке кетті. Кейін, 2014 жылы қарашада журналист Асқарбек Бектемісовтің «Жас Алаш» газетінде «Аманатқа қиянат жасады» деген сын мақаласы жарық көріп, онда осы кітапты шығару барысында кеткен полиграфиялық жаңсақтықтар сөз болды. Атап айтқанда, Торғайдағы ақындық мектептің бір ұстазы Әбіқай Нұртазаұлы туралы мақаланың авторы ауыстырылып, Назарбек Бектемісовтің орнына Сырбай Мәуленов есімі түсіп кеткені тілге тиек етілді. (Мұның алдында шетелде жүрген профессормен әңгіме болып, шағымданушы жақ заң орнына жүгінетіні жайлы мәлімделсе керек). Бұл мақаланы оқығанда екіұдай сезімде болдым. Көптеген қаламгер ағаларымыздың соңындағы ұрпақтары ата-әкелерінің мұраларына иелік етіп, іздеуші-жоқшы болмақ түгілі не жазып-не қойғандарынан бейхабар екендігінен жақсы хабардар едім. Осыған орай   Назарбектей найзағай ақынның ізін қуған ұрпағы, жоқшысы барлығына қуандым. Бірақ, автордың «бұрынғының адамдары біреудің ала жібін аттамайтын, кісі баласына қиянат жасамайтын, «жаным-арымның садағасы» деп, «ар» деген ардақты ұғымға шаң жуытпаған жандар болған ғой. Осындай арын жоғары ұстаған аталарымыздың артындағы кейбір ұрпақтары мен ет жақын ағайындары ұят, ар деген ұғымдарды ұмыта бастаған сыңайлы» деп жазуы көңілге кірбің түсірді. «Кейбір ұрпағы» - мен ғой. Автордың қолына қалам алуына кей ағаларымыздың «үйіме телефон шалып, «біз білмей келіппіз, біздің ата-ағаларымыз жайлы алғаш жазған сіздің әкеңіз емес, жазған Сырағамыз екен ғой, деп сүйінші сұрайтыны, олардың алдында не деп ақталатынын білмеуі» себепші екен. Қолына осы мақала тиісімен шетелдегі қызметін мерзімінен бұрын тәмамдауға мәжбүр болған жинақты құрастырушы ағамыз кітаптың толықтырылып, түзетілген, түсініктемелер берілген академиялық нұсқасын кейіннен шығаруды ойластырып жүрсе де оған тез арада өзгерістер енгізіп, қайтадан бастыруды қолға алды. Алғысөзін белгілі ахметтанушы ғалымға жазғызды, баспахана жұмыстарына басынан-аяқ бақылау жасады. (Өйткені, соғыс жылдары аты-жөннің ауысуы былай тұрсын, бір ғана әріптің түсіп қалуынан талай редактор мен корректор айдалып-атылып кеткен болатын). Сонымен не керек, мәртебелі баспадан қайыра жарық көрген «Дүлдүл» кітабы келесі, 2015 жылы қолымызға тиді. Асқарбек мырзаға аракідік телефон шалып тұрғанымызбен, тынымсыз тірлік мойын бұрғызбай, жинақты табыстай алмай келдік. Игіліктің ерте-кеші жоқ деген, осы жуырда ғана елімізге белгілі ұстаз Ақсымбат Төлеуханова апамыз Асқарбек мырзаға аманатты өз қолымен табыс етті. Сөйтіп, тұтас бір әулетке тағылған ауыр айыптан құтылғандай, мойнымыздан батпандай жүк түскендей болдық. Жинақ жарық көрген соң «Жас Алаш» газетінде  2016 жылы «Аманаттың жүгі ауыр» атты жауап мақала шығарылып, Асқарбек мырзаның перзенттік парызға адалдығы атап көрсетілді. Аманат – жалқы ұғым емес, дедік жоғарыда. Айтқандайын, бұл түсінік әкелі- балалы Әбіқай-Ахметқанға ғана емес, елге, жерге, тұлғалы азаматтарымыздың барлығына тікелей қатысты. Саусақ бүгіп, санамалап өтсек, осы кезеңге дейін көзіқарақты ағаларымыздың арқасында Арқалықта Әлмағамбет молданың  есімімен мешіт аталып, шығармашылық жолы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 2009 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеттану ғылымының» тарихына енгізілді. Әлекеңнің бұрындары жарық көрген «Аманат» атты жинағы інісі Жармағамбет ағамыздың мысал өлеңдерімен толықтырылып, «Өсиет» деген атпен 2011 жылы басылып шықты. Қайнекей  Жармағамбетов ағамыздың «Бетпақдала аңызы» атты өлеңдер жинағы 2008 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді, сол жылы Алматыда «ХХ-ғасырдың екінші жартысындағы әдеби процесс және Қайнекей Жармағамбетовтің шығармашылығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Көрнекті ақынның  ғасырлық мерейтойына арналған «Қайнекей Жармағанбетов шығармашылығы және қазіргі әдеби үдерістің өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми конференцияның 300 беттік материалдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің  «Ұлағат» баспасында өткен 2018 жылы жарық көрді. Ұлы Отан соғысынан оралмаған ақын Тәшібай Әлұмамбетовке арналып Жезқазған қаласында «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ әдебиеті және жауынгер ақын Тәшібай Әлмұхамбетов шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция 2010 жылы өтті. Тархан Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы туралы мемлекеттік бағдарлама бойынша басылған «Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы» атты жинақ баспадан 2013 жылы шықты. Аманат-жалпы ұғым. Осы қағиданы ұстанған ағаларымыз қара шаңырақ - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде  немере туыс болып келетін көрнекті ғалым, профессор Марат Барманқұловтың және Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғафу Қайырбековтің мәдени мұраларына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Сондай-ақ Алаш көсемі Міржақып Дулатовтың және қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш  журналист, аудармашы, педагог Нәзипа Құлжанованың 130 жылдық мерейтойларына орай  халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференциялар, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін қайта өмірге әкелген қайраткер-жазушы Қоғабай Сәрсекеевке арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференция, дініміз бен діліміздің тірекші-жоқшысы, ұстаз, дінбасы Ғазиз қажы Әмірхановтың 90 және ақын, ғалым Ерболат Төлегеновтың 70 жылдық мерейтойлары ұлықталған Дөңгелек үстел және симпозиум мәжілістері өткізілді. Аманат арқалаған ағаларымыз туған өлкеміздің бұрынғы-соңғы тарихына, тұғырлы тұлғаларына арналған «Торғай елі» өлкетанушылық энциклопедиясын құрастырып, 2013 жылы «Арыс» баспасынан шығарды. Мұнымен қатар соңғы кездері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Өнегелі өмір» сериясымен мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның бұрынғы вице-президенті Ерік Асанбаевқа, академик, әлемге белгілі ғалым Фазылхан Бәйімбетовке, Қазақ КСР Үкіметі төрағасының орынбасары, екі рет ҚазҰУ ректоры болған Асқар Закаринге, жазушы, «Қазақ» газеті мен  «Айқап» журналын қайтадан өмірге әкелген Қоғабай Сәрсекеевке арналған кітаптардың өмірге келуін аға ұрпақ аманатына адалдық деп ұғыну керек. Сондай-ақ өткен жылы баспа бетін көрген, ауданымыздың құрылғанына 80 жыл толуына арналған  «Торғай» энциклопедиясының шығуына жеке тоқталғанымыз жөн. «Біткен іске сыншы көп» деген,  «анау неге кірмеген, мынау неге кіріп кеткен» деген пікірлер естіліп қалуын ағайынның ұсыныс-тілектері ғана емес, ат жалын тартып мінген азаматтарына артқан аманаты ма деп те ойлаймын. Қарап отырсақ, Жақан Қосабаев ағамыз бастаған ұрпақ өз миссиясын абыроймен атқарып кетті. Одан кейінгі ұрпақтың тындырған тірлігінен азын-аулақ ақпарат бердік қазір. Ыбырай атамыз айтқандай, «үміт еткен достарым, сендерге бердім батамды» дейтін сәт те туып қалған сияқты. Киелі Торғай, бүгінгіше айтсақ брендке айналған өлке, ал осындай елдің азаматы атану әрі мәртебе, әрі міндет, әрі аманат. Ат тұяғын тай басуынан үмітімізді үзбейік,  Торғайдың тамаша  тарихы ғасырдан-ғасырға жалғаса берсін, деп тілейік, ағайын!   Болатбек Ахметқанұлы, Алматы қаласы