Берік Уәли: Әбіш ағаның рухы қазақ халқымен мәңгі бірге жасай береді

747
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз хатшысы, белгілі журналист Берік Уәли биыл еліміз бойынша 80 жылдығын атап өтіп жатқан Әбіш Кекілбайұлы жайлы салиқалы ойын жеткізді, деп хабарлайды baq.kz.

«Ұлылықтың эталоны қандай болады?» десе, көз алдымызға бірден Әбіш Кекілбайұлы келеді. Әлемнің ілімі мен білімін бір бойына жиған, парасат-пайымы кең, қайраткерлік пен қаламгерлік қасиет қатар қонған асыл абыздың ұлтына деген махаббат-мейірімі жүзінен төгіліп тұрушы еді. Сөйлеп кетсе, еліміздің қадым замандағы тарихын тірілтіп, бүгінгі жайы мен күйін нақты айтып, болашағына зор үмітпен қарайтын. Әбіш Кекілбайұлының әрбір шығармасы оқырманды өткеннің мұнарына, болашақтың шыңына шығарады. Адамзаттың ең ізгі құндылықтарын ойымызға сіңірді. «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» секілді шоқтығы биік шығармалары әлемнің классикалық туындыларының қатарын толықтырды десек, ақиқаттан алыс кетпейміз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында мемлекетіміздің аяқтан тұруына, Егемендігіміздің еңселі болуына, Азаттығымыздың айшықтала түсуіне зор үлес қосты. Бойындағы қажыр-қайратын, өмірлік тәжірибесін елімізді өркендетуге арнады. Еңбегі елеусіз қалмады. Елбасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын өз қолымен тапсырды. Мұны тұтас қазақ халқының Әбіш ағаға көрсеткен құрметі деп түсінеміз – дейді Берік Уәли өз пайымында.

 

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алғаннан кейін өңірлерге екінші жұмыс сапарын қасиетті Маңғыстау жеріне арнағанына тоқтала келіп, «Бұл кездейсоқ жағдай емес. Өйткені Маңғыстау – баршаға белгілі 362 әулиенің мекені және Пір Бекет, Шақпақ ата, Шопан ата сияқты ғұлама бабаларымыз өмір сүрген жер» – екенін айтады.

 

Қазақстан Президенті осы сапарында «Қазақтың таңдайы» атанған Әбіш Кекілбайдай тұлғаға айрықша құрмет көрсетуге тиіспіз деп айтқан болатын. Мемлекет басшысы Маңғыстау жерінде өткен Әбіш ағамыздың 80 жылдық мерейтойына арнайы келемін деген уәдесінде тұрғанын айтқан абзал. Осынау айтулы мерейтой барысында Қазақстан Президенті заңғар тұлғаның құрметіне тұрғызылған ескерткішті өз қолымен ашып, жаңа ғимаратқа көшкен өңірдегі тарихи-өлкетану музейіне Әбіш Кекілбайұлының есімін берді. Мемлекет басшысы Әбіш ағаның 80 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде көрнекті қайраткердің егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырғанын атап өтіп, оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салатынын айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жастарымыз Әбіш Кекілбаевтың қоғамдық-саяси көзқарастарын танып-білуі керек екенін, біртуар тұлғаның «Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет» деген сөзі бүгінгі буынның ұстанымына толық сай келетінін зерделеп берді. Сондықтан Мемлекет басшысы Әбіш ағаны ел мүддесін жоғары қойған нағыз патриот деп санайтынын жеткізді. Қазақстан Президенті өз сөзінде Әбіш Кекілбайдың Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын атап өтіп, «Әбіш ағамен Парламентте әріптес ретінде етене араласып, ерекше сыйластым. Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай – адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Халықтың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз» деп атап өткен болатын – деп жазды баспасөз хатшысы өз парақшасында.

 

Оның сөзіне қарағанлда, Әбіш Кекілбайұлы саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қызмет етуге арнаған ардақты азамат ретінде барша халыққа ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсетті.

 

Осы орайда Мемлекет басшысы патриотизм, ең алдымен, төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең ұғынудан басталатынын және ел еңсесін көтерген жетістіктерімізді жас ұрпақтың білгенін маңызды санайды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Әбіш Кекілбайұлының сүбелі еңбектері – халқымыздың рухани қазынасына қосылған асыл мұра. Оның шығармалары кейінгі ұрпақтың өмірлік темірқазығына айналары хақ. Сондықтан Әбіш ағаның рухы қазақ халқымен мәңгі бірге жасай береді. «Үркер» аумасын, «Аңыздың ақыры» аяқталмасын! – дейді Берік Уәли.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

2 × 2 =