Ислам Әбішев: «Прокурор мырза уақыты жоқ болса бізбен бірге отырып дайындалсын, бізде уақыт дегеніңіз өте көп

28-қараша күні И.Әбішевтің сотында іс материалдарын зерттеу-зерделеу одан әрмен жалғасты. Біз күннің қоры­тындысын айтуды қорғаушы Мәкіш Есқараев өтіндік. Ол былай деді: «Түске дейін екі сарапшыдан куә ретінде жауап алынды. Олар бұрын төрт сараптама жасаған сарапшы Құдайбергенованың тұрғысынан әдістеме бұзылғанын, ол қызметкердің тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты. «Әдістеме бұзылған, «Сараптама қызметі туралы заң» талаптары бұзылған, заңның 24-талабы объективті қызмет етуді қамтамасыз етпеді», деді. Егер сарапшы объективті қызмет етуді қамтамасыз етпесе, онда сараптама қорытындысын сот жарамсыз деп тануы тиіс. Бұл енді айдан анық нәрсе. Айыптау жағының негізгі дәлелдерінің бірі осы болатын. Біз бұндай жарамсыз сараптама Сыбайлас жемқорллыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлерінің әсер етуінен деп білеміз. Олардың әсері болмаса, сонау Шығыс Қазақстан облысында тұратын сарапшы бұл адамдардың бір де бірін танымайды, не үшін әдістемені, заңды әдейі бұзады, не үшін қойылуға тиіс сұрақтарды қоймай, айналып өтіп кетеді, не үшін қорғау тарабының сұрақтарына жауап бермей кетеді? Біз сондықтан соттан ол сараптаманы жарамсыз деп тануды және сонымен бірге жаңадан комплексті сараптама тағайындауды сұрап жатырмыз. Және ол сараптаманы Шымкент қаласының мамандарына жасатуды сұраймыз. Себебі, біздің ойымызша қазақ тілін таза, жеткілікті деңгейде білетін, сондай-ақ И.Әбішев пен С.Түкеев Шымкенттен болғандықтан, ол өңірдің өзіне ғана тән диалектісі бар, сол диалектіні дұрыс түсінетін сарапшылар Шымкентте бар, сарапшыны Шымкент қаласынан тағайындалуы тиіс деп білеміз. Біздің бұл өтінішімізге прокурор С.Сүлейменов мырза өз пікірін бүгін, 29-күнгі сағат 15-00-де басталатын сот отырысында білдіремін деді. Одан бөлек соттағы «арыз беруші А.Шаймерденовтің рөлі қандай бұл істе» деген екі күннен бергі айтыс тағы жалғасты. Біз кешеден бері А.Шаймерденовтің жауаптары біз зерттеп жатқан тергеу материалдарымен қаншама жерінде қабыспайтынын көрсетіп, оның арандатушы екеніне дәлелдер келтіріп жатырмыз. 30 томнан тұратын іс материалдарының бір-ақ жерінде, бр ғана абзац бар ол жерде Шәймерденовтің өзі «мен делдалдың іс-әрекетіне имитация жасадым» дейді. Ал, кеше прокурор айтып қалды, ол - пара беруші деді. Ал, бұл істе «пара алушы» бар, делдал бар, пара беруші жоқ! Пара беруші жоқ болса, онда бұл іс «арандатушылық» болып саналады. Қылмыскер жоқ жерде әдейі қылмыскерді қолдан жасау ғой бұл. Соған соттың назарын аудардық. Одан бөлек істегі процессуалдық шешімдердің көбінде тек Шәймерденовтың 2014-жылғы ойдан шығарып алған оқиғасы ЕРДР-ге тір­келгені, тек сол оқиға бойынша ғана алдын-ала тергеу ісі жүр­гізілгені жазылған. Барлық жерде 366-баптың 4-бөлімі…» Міне, өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл істің ешқандай өмірде біреудің біреуден пара алуға оқталғанын көрсететін шынайы іс емес, қалайда И.Әбішевті қамауға алуға бағытталған іс екен. Бірақ, о бастан қиюласпаған іс сол қиюласпаған, қарама-қайшылыққа, қателікке толы күйінде келе жатыр. Осы толып жатқан қателер, сәйкессіздіктер жайлы сотталушы И.Әбішев өте әдемі айтты: «Құрметті сот! Судьяның біздің қамау мерзімімізді созуды ұмытып кетуі бұл Алла-Тағаланың әмірімен болып отырған іс! Істі тіркеуді тергеуші ұмытып кетеді, мерзімді ұзартуды судья ұмытып кетеді, оны прокурор тағы да, тіркелмегенді көрмей қалғаны секілді, көрмей өтіп кетеді. Бұдан басқа да алдын-ала тергеу тарапынан да, сот тарапынан ешуақытта ұмытылып кетуі мүмкін емес нәрселер мүмкін болып жатыр. Бұл қатенің бәрі іс жүзінде ешкім пара алуды ойламағандықтан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бюросының жоқтан бар жасамақшы болған әрекетінің салдарынан туып отыр. Осыншама қатенің бәріне кінәлі адамдардың бәрін осы сот тергеуінің үстінде әлі сіз өзіңіз тауып, олардың бұндай қитұрқы іс-әрекеттерінің бағасын беретін боласыз». 29-қарашада түстен кейін басталған сот отырысында қайта сараптама тағайындауға  қатысты өз пікірін айтатын болып уәде берген прокурор С.Сүлейменов судьяға «менің уақытым болмай, дайындалмай келдім, мүмкін болса, 3-желтоқсандағы отырыста айтайын» деді. Судья оған келісті. Осы кезде сотталушы И.Әбішев сөз сұрады: «Бұл кісілер кешегі сарапшыға да айтқанын істеткен болатын. Содан барып, ол соншама қате жіберуге мәжбүр болды. Прокурор мырза дайын емес екен деп біз осы жерде отыра береміз бе? Біз онсыз да қылмыстық іс қозғалмаса да, алты айдан бері заңсыз отыр екенбіз. Бірақ, біздің қорғаушыларымыз қанша жерден шырылдағанмен, қателіктеріңізді мойындап, босата қояйық деп жатқан сіздер жоқсыздар. 16-қыркүйек күні қамауға отыру мерзімін создыруды да ұмытып кетіпсіздер. Олай етуге құзырыңыз жоқ болса да, құрметті сот, 30-қыркүйек күні, артынан барып заңсыз созыпсыз. Енді келіп прокурор мырза уақытым болмады дейді. Уақыты жоқ болса, біздің қасымызға келіп отырсын, бізде уақыт көп, әрі бірге дайындаламыз...» Судья осыдан кейін барып прокурорға «осымен екінші рет дайын болмай келіп отырсыз, ендігі жолы дайын болып келетін болыңыз!» деп ескерту жасады. Бұдан соң қорғаушы М.Есқараев сөйледі, сөйлегенде бүй деді: «Құрметті сот! Кешірім сұраймын, сотқа қатысушы тараптар ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодекстің талабына сәйкес тек жарыссөзге дайындалу үшін ғана қосымша уақыт сұрай алады, прокурордың пікірін айтуға бола сұраныс жасауы заңсыз, ондай норма жоқ заңда, пікірін айтсын енді кәзір». Судья Қ.Мекемтас қысқа қайырды: « Шешім қабылданып қойды». Қоғамдық қорғаушы Е.Әбішев: «Кешіріңіз, құрметті сот, анау еді, мынау еді деп мыжи берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біреуіңіз процесім еді деп кетіп қала бересіз, біреуіңіз уақытым жоқ еді дейсіз, неге біз сіздердің жағдайларыңызды жасауымыз керек үнемі?..» Судья: «...Қорғаушы Әбішев, орныңызға отырыңыз!» «...Жоқ, сонда сіздің қаулыңыз дұрыс болса да, дұрыс болмаса да, біз соған көніп отыра беруіміз керек пе?!» Судья Қ.Мекемтас: « Дұрыс шешім, бұрыс шешім деген болмайды бұл жерде, судья шешім қабылдады ма, бітті!..» «Тфу!..» Материалды зерттеу әрі қарай жалғасты. Қорғаушы М.Есқараев: «–Мына жерде мемле­кет­тік мекеме «Қазсушардың» бас директорының орынбасарына қызметтік нұсқаулығы тігіліпті. Ол кісі сотта күдікті емес, айыпталушы емес, куә ретінде ғана өткен, не үшін қызметтіе нұсқаулығы сұратып алынған?» Прокурордың жауабына қорғаушы қанағанбады білем, ол судьяға өтініш жасады: « Құрметті сот, бұл әдетте қысым жасалу үшін істелетін нәрсе, мен оны істен алып тастауды сұраймын». Сот материалдарын зерттеу үстінде талай қызық пен шыжық шығып жатыр. Тергеушілердің ісіндегі заң бұзушылықтан, олар шарт жасасып жалдаған, соттағы тергеу кезінде «ұмытып қалыппын, солай шығар, есімде жоқ, тергеу хаттамаларын қараңыздар, сондағы айтқанымның бәрі шындық, сіздер бұнда мені жаңылыстырғыларыңыз келеді, оларыңыздан ешнәрсе шықпайды» деген сияқты үнемі жалтарма жауап берумен келген,  тура қойылған сұрақтардың бір де біреуіне тура жауап бермеуге тырысумен болған А.Шәймерденовтің былықтарынан аяқ алып жүргісіз, бірінен соң бірі тізбектеліп келіп тұр. Сот тергеуіндегі әрбір сөздің салмағы өте ауыр, олардың бәрі де маңызды. Бірақ, оның бәрін жаза беруге газет көлемі көтермейді. Сондықтан кей­біреу­леріне ғана тоқталуға мәжбүрміз. Мысалы, мына жерде А.Шәймерденовтың тағы бір өтірігі ашылды. Прокурор кезекті бір құ­жатты оқып болған соң, қор­ғаушы М.Есқараев тағы да сөз сұрады: «Жаңа оқылған хаттан өздеріңіз естіп отырсыздар, СМП-610 мекемесі 2018 жылдың 1 тамызына ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетімен келісім-шартта көрсетілген 1370 млн.теңгенің орнына бар болғаны 447 млн. теңгені игерген. Мердігер бөлінген қаржыны игере алмайтын болса, онда ол келісім-шарт заңды түрде бұзылады. Құрметті сот, А.Шаймерденовтің бізге берген жауабының бәрі өтірік, ешкім ешкімге ешқандай да көпе-көрінеу қысым жасамаған, құжат көрсетіп тұр: «Объектіде жұмыс жүргізілмеген, техника тоқтап тұр, адам ресурстары мен техниканың толық көлемі жоқ» дейді. Мына хат – факт, фактіге қарсы ешкім ешнәрсе дей алмайды ғой». Сотталушы И.Әбішев сөз алды: «Құрметті сот, мен қорғау­шымның сөзін толық­тырып, сіздің назарыңызды мына нәрсеге аударғым келіп отыр. 447 млн.теңге – ол біздің мекеме жұмыс істеуге қажетті түрлі техника, жабдық сатып алсын деп алдын-ала  төлем етіп аударған ақшамыз. Ал, олардың бар игерген қаржысы 37 млн. теңге ғана! Бір емес, 5-6 ай күткенбіз, бұлар қашан жұмыс бастар екен, бір емес бірнеше ескерту хат жазғанбыз. Келісім-шартты бұздыңдар деп, ұялмай-қызармай, олар ...бізді сотқа да берген. Оны да екі сатыда ұтып алғанбыз. Біз енді ол Шәймерденовтің компаниясы екен деп қарап отыра бермейміз ғой. Одан кейін арыздың астында қалғанбыз...» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  ұлттық бюро (әрмен қарай Ұлттық бюро – Ө.А.) бір Шәймерденовтың, жеке адамның құқығын қорғағанының салдары тұтас саланы қиратумен тең болды – біздің кәсіпорындар, мекемелер қаптаған, шетсіз-шексіз  тексеруден көз аша алмай қалды. Игерілуге тиіс 224 мың суармалы жердің 26 мың гектары ғана қолдануға берілді, апатты жағдайдағы, жөнделуге тиіс 8 (сегіз) Су тоғаны жөнделмей қалды. Айта берсе, сөз көп, құрметті сот...» Шәймерденов демекші, 5 желтоқсан күнгі сот отырысына куә ретінде шақырылған Ұлтық бюроның қызметкері, жедел уәкіл Жәрдем Смағұлов қорғаушы Мәкіш Есқараевтың: «Шәймерденовтің жасырын тергеу іс-әрекетіндегі мәртебесі қандай болды – пара беруші ме, жоқ әлде делдал ма?» деген сұрағына жауап бере алған жоқ. Ал, сот материалдарын зерттеу-зерделеу кезінде қорғаушы М.Есқараев судья Қ.Мекемтастың назарын бір емес, бірнеше мәрте жасырын тергеу іс-әрекеті жайлы хаттама толтырған тергеушілердің бір де бір оның делдалдың рөлін алмайтынын (имитация жасайтынын) ия пара берушінің рөлін ойнайтынын ашып жазбай, сызық тас­тап кете бергендеріне аударған болатын. «Бұл – байқамай емес, әдейі істелінген. Себебі, олар сол кезде-ақ өздерінің ісі шикі екенін білген. Көріп отырсыздар, істе пара алушы бар дейік. Ислам Әбішев – пара алушы. Ұлттық бюроның нұсқасы бойынша. Делдал бар  Шаймерденов. Енді пара беруші қайда? Жоқ қой. Ол жоқ болса, қылмыстық іс те жоқ. Қысқартылуы тиіс. Соның рөлін іс жүзінде, хаттама да нақты көрсетілмесе де, Шәймерденов атқарып жүргенін көріп отырмыз». Ж.Смағұловтың да ауыз аша алмай отырғаны сол. Ж.Смағұлов сондай-ақ, сот отырысында Шәймерденов Серік Түкеевке берген 10 млн. теңгенің 9 млн.теңгесі Ұлттық бюроның ақшасы екенін де мойындауға тура келді... Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz