Жасұлан Иса: Неліктен ең үздік деген қазақи орталықты жабулары керек?

  «Баланың да төресі болады» десек, Ел ордамыз бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ішіндегі төресі, Қазақтың иісін шығарып келетін, Болашағымызға, Ұлтымызға қажеті зор, мықтыларымыздың мықтысы осы деп, бірден Рахымжан Қошқарбаев даңғылында орналасқан №38 «Шаттық» шағын орталығымызды атап, астын сызып тұрып көрсете аламыз.   Осыдан он жыл бұрын ашылған, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының орындары ерекше бөлек екенін біз жақсы білеміз. Егерде, алған бағытымыз түзу болатын болса, халықаралық тәжірибе заманауи білім берудің өзекті міндеттерінің бірі, мектепке дейінгі жастағы зияткерлік тұрғыдан дамыған балаларды анықтау, оқыту мен тәрбиелеу болатынына еш күмәніміз жоқ. Сондай-ақ, бұндай шағын орталықтардың ашылуы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасының айасында, сондай-ақ, президентің 2010 жылдың 1 қаңтарындағы № 922 Жарлығымен бекітіліп жүзеге асқанын да біліп отырмыз. Көпшілік болса, алғашқыдан, осы бастаманы бір ауыздан қолдаған болатын. Өйткені, 3-6 жасқа дейіңгі балаларға, ерекше көңіл бөлініп, мектепке дейінгі дайындықтарына да арнайы жағдайлар жасалады деген үлкен үміт болған. Және те, қарапайым халыққа әлеуметтік-материалдық жағынан да қолайлы болатыны айдан анық еді. Өкінішке орай біздің қоғамда, балабақшадағы тамағына төлей алмайтын тұрмысы төмен отбасылар әлі де кездеседі емес пе? Және тағы, көп балалы отбасыларымыз да бар. Міне, осылайша, төрт жасқа толған балаларын мемлекеттік балабақшалардан шығарып алып, осындай тегін, шағын орталықтарға берулеріне, ата-аналарға толықтай жол ашылған еді.   «Шаттық» шағын орталығына келетін болсақ,бұл орталық, 2012 жылдың желтоқсан айында кішкентай ғана ұжым болып құрылып, осы өткен 7 жылдың ішінде мақтанышпен айта алатындай бір үлкен мекемеге айналғаны сөзсіз. Осы арада, орталықта қызмет етіп отырған педагог мамандар мен ұстаз-тәрбиешілердің біреуі де жұмыс орындарын ауыстырған емес. Педагог қызметкерлердің педагогикалық еңбек өтілі, алды, 30 жылдай мемлекеттік қызмет орындарында ұстаздық еткен ұстаз-тәрбиешілер болса, жас мамандардың өзі, қызмет етіп жүргендеріне 4-5 жылдай уақыт болған екен. Сондай-ақ, педагогтардың жеткен жетістіктері мен қоса алғыс хат, марапаттаулары да айтарлықтай жетіп жатыр. Орталықтың педагогтары ата-аналармен де тығыз жұмыс жасап, өте жоғары деңгейлі қарым-қатынаста болып, олардың тарапынан тек алғысқа ғана бөленіп, ешқандай, бірде-бір ескерту, шағым болмағандары, қуантпай қоймайды.   Және де, ауыз толтырып айтатындай жағдайдың бірі, ол 2017ж. қыркүйек айында БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қорынан келген өкілдерінің, республикамыздың ірі қалаларымыздағы балабақша, мектеп, университет, институттарды аралағанда, осы «Шаттық» орталығына да көңіл бөліп, өз көздерімен келіп көріп, жақсы деген ой пікірлерін білдіріп, жоғары бағаларын беріп кеткендері.   Ал, енді, біз үшін «Шаттықтың» ерекшелігі, ол, осы орталықтың болашақ жасөспірімдерге жай ғана білім бермей, елге, ұлтқа қызмет жасайтын азаматтарды тәрбиелеулерін мақсат тұтуы. Ұлттық қағидаларымызды, Мемлекеттік тілімізді жоғары қоюлары. Осылайша, балалармен арнайы өткізілетін ойындар, тренингтер, экскурсиялар, мерекелер мен ойын-сауықтар сияқты жұмыстың түрлі нысандарында, тек ұлттық құндылықтар арқылы жүзеге асырылып жүйеленгені. Және тағы, ана тілінде тәрбиеленіп, оқытылатын, жергілікті ұлт балалары санының өсуіне ықпал ететін ұйымдардың бірі, осы «Шаттық» балабақшасы деп айтуға толық болады. Ал, «Ұзын құлақтың» айтуы бойынша, осы орталықтан орын алу үшін, ата-аналар қаланың арғы шетінен де көшіп келіп жататын көрінеді. Аталған шағын орталықта қазіргі, 2019-2020 оқу жылында 470 бала тәрибеленіп білім алып отыр екен. Бұл тек осы жылғы көрсеткіш қана. Әр жыл сайын шағын орталықтан 400-ге жуық балалар мектепке шығарылып жатады екен. Қазіргі таңда, орталықтағы жалпы бала саны 235 ке толады. Бірінші кезектегі 15 қазақ тобы бар. Оның ішінде: 10-ы мектеп алды даярлық топтары (5жастағы балалар), 3-еуі ересектер топтары (4жастағы балалар). Қалған 2-еуі, жас ерекшелігі аралас, инклюзивті білім беру және түзету кабинетінің балалары болып келеді. Екінші кезектегі 14 топтың 10-ы қазақ тобы болса, 3-еуі ғана орыс тобы. Сонда не бары, 29 топ болып тұр. Есептік көрсеткішпен бала санын көрсететін болсақ, 2012-2019 жылдар аралығында шағын орталықта 600-700 шамасында балалар тәрбиеленіп білім алған екен. Үш ұйықтаса, түске кірмейтіні, аяққа нұқ тұрып кеткен, үлкен «Мекеменің» жабылуы, кімнің ойына келді екен? Не себеп болды? Кімге керек болды? Бұның артында кім тұр? деген сұрақтар туындайды.   Жоғарыға бармас бұрын, алдымен жергілікті тұрғындарды әңгімеге тартып көрдік. Кей біреулерінің айтуы бойынша,сол маңайдағы №74 мектеп-гимназияның жартылай босап қалғанынан, соның ішінен мектепке дейіңгі орталықтарды ашып орнын толтырулары мүмкін екен. Неге? десек. Сол аудан тұрғындарының кіші-кірім жағдайы барларының бәрі, балаларын сол мектептен «әрі», алыстағы мектептерге апарып жүр екен. Келесі, Неге? деген сұрағымызға, «Балаңызды беріп көріңіз...» деген қысқа жауап алдық. Олай болса, ондай «мектептің» не керегі бар бізге? «Қожайыны» не істеп отыр? Сөйтіп, мектептің жанына да барып көрдік. Шыныменде, мектептен көрі, түзеу мекемесіне ұқсайды екен. Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйінін айтатын болсақ, 5 жылда маңайына 5 тал өспеген мектептен қандай білім, тәрбиені сұрауға болады.Оның қасында, кейін ашылған мектептердің жарқырап тұрғандары бірден көзімізге түсті. Бұл қалай болғаны? Тағы біріміз, осындай шағын орталықтардың саны қазіргі кезде басым болып кетті деген пікірмен бөлісті. Жарайды. Тіпті, солай болғанның өзінде, неліктен ең үздік деген Қазақи орталықты жабулары керек? Неге? Ал, тап осы ауданнан орыс тіліндегі басымдылықпен, жеке меншік шағын орталықтардың ашылып жатқандарына жол беріліп отырғандарын қалай түсінсек? Жабылғалы тұрған «Шаттық» орталығының басшысымен де сөйлескіміз келіп еді. Ол кісі, «Мен ештеңені айта алмаймын» деп, сөйлесуден бас тартты. Ал, ата-аналар болса, жекелеген хаттардан ұжымдық хатқа көшкендерін айтып, енді артқа шегінбейтіндерін жасырмай, көздерінің жастарын да жасыра алмады. Біздің де, жоғарыда отырған «Білімділерімізден», еш нәрсені жасырмай сұрағымыз келеді. Не ұстаздармен ақылдаспайтын, не ата-аналардың жан айқайына құлақ аспайтын сіздермен не болып бара жатыр? Ойланайықшы... Жасұлан ИСА 2019120605154469