Мәкіш Есқараев: Қылмыскер Ислам Әбішевтер емес – Исмагулов!

5933

Әділдік іздеп, сотқа келген елдің ең айызы қанып тыңдағаны – адвокаттардың Ислам Әбішев ісіндегі арандатушылар – тергеушілерді тергеуі болды!
Бұлар, мысалы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның жедел уәкілі Жәрдем Исмагулов сот залына кіргенде есі екеу, түсі төртеу болып, өңі қашып, үркіп тұрды. «Есі екеу, түсі төртеу» деп босқа айтып отырған жоқпыз. Адвокат Мәкіш Есқараев пен Ерлан Мәкеновтардың нақты, тура дәлелді сұрақтарынан сұры қашып, сабақ білмейтін «екілік» оқушыдай жауаптардан жалтарып, тек қана:
«Не знаю», «не помню», » затрудняюсь ответить» деп, жаттап алған сөздерінен басқа сөз айтып жарытпады.
Егер сотта бес адвокаттың түгел болғанда, Абзал Құспан бастаған үш адвокат болмай қалмағанда, прокурорға қайта-қайта жалтақтап жәрдем сұраған Жәрдемге ешкім «жедел жәрдем» бере алмай, жағдайы қиын болар еді…

Ислам Әбішевтің сұрақтары адвокаттардан кем болған жоқ.
«Есіңнен айырып қалдым дейсің құдай солай есіңнен айырып қойған ғой»-деген ол
«Менің Шаймерденовпен сөйлескенімнің фиксациясы бар ғой, содан соң ешқандай кездесу болмады деп тұрсың, солай ғой»-деді. Исмагулов фиксация жасалған тыңдау бойынша бәрін айтып жауап берді.
«Бәрін үтір, нүктесі мен сандарына дейін айтып бердің ғой бұны. Есің кірді ғой сенің, енді бәріне жауап берсейші.
Құрметті судья, мынау Исмагуловтың есі енді кірді. Енді бағана «есімде жоқ» деп жауап бермеген барлық сұрақты қайта қояйық!»-деп еді, жұрт күлкіден қырылып қалды…

Адвокат Мәкіш Есқараев: «Серік Түкеевтің Шаймерденовке демеушілік үшін беретін ақшаны Күрес федерациясы есепшотына аударыңдар»-дегенін есіттіңіз ғой жасырын тыңдауда?
-Иә, есіттім.
-Онда бұл 10 миллион теңгенің Шаймерденовтың өзі ұсыныс жасап, Қазақ күресі федерациясына Спонсорлық үшін берілген ақша екені, ол қаржының бір тиынына дейін
Федерация есепшотына кіріс жасалғанын білесіз бе?
-Білемін.
Жедел уәкіл Жәрдем Исмагулов адвокат Мәкіш Есқараевтың: «Жасырын тергеу амалдарын жасағанда Шаймерденовтың статусы қандай болды? Пара беруші ме, әлде делдал ма?»- деген нақты сұрағына сол күйі жауап бермеді.

Ұлттық бюро тергеушілерінің арандатушылық жаңсыз әрекеттеріне анық көзі жеткен адвокат Мәкіш Есқараев судья Қ. Мекемтасқа қарап:
-Құрметті судья! Қылмыскер Ислам Әбішев пен Серік Төкеев емес – қылмыскер мынау, қарсы алдыңызда тұр – Жәрдем Исмагулов! «-деп саусағымен шұқып көрсетті.
Жәрдем Исмагуловтан үн шықпай қалды…

Осы жерде Ислам Әбішев ісіндегі қарапайым жәй халыққа да айқын көрініп тұрған арандатушылықтар мен заңсыз құйтырлықтардың қаптап жүруі Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан Халқына Жолдауында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро туралы: «Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ!» – деген ауыр айыптауына нақты дәлел болып тұр

Серік Төкеев сексот (секретный сотрудник) Шаймерденовтың Күрес федерациясына спонсорлық жәрдемім деп ұсынған 10 миллион теңгенің 9 миллионы Антикордың (Ұлттық бюро) ақшасы екенін білгенде:
-Онда біздің Дүниежүзілік Қазақ Күресі федерациясының Голландияда өткізген чемпионатына спонсор болған Антикор екен ғой. Рахмет оларға! Біз Голландияда чемпионатты өте жақсы өткіздік. 10 миллионның әр тиынына дейін есебін бердік,-деп елді ду күлдірді…

Бүгінгі соттың түстен кейінгі отырысы Ислам Әбішевтің денсаулығына байланысты 9-ыншы желтоқсанда таңертең 10-00-де жалғасатын болды.
Әлі 4 тергеушіден жауап алынады. Олар:

1. Талғат Идрисов
2. Дамир Бахитов
3. Айдар Аташев
4. Айшуақ Агибаев

Қызықтың бәрі алда болайын деп тұр…

Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz