Нұргелді Әбдіғаниұлы: Қазақ тіліне қырын қарайтындар – өзіміздің айыртілділер

Тағы да талас. Тіл төңірегінде. Онда да, отау ішіндегі орта қазанға ортақтас «көп ұлттың» бірінің тілі емес, Мемлекетті құрушы ұлттың, қазақтың тілі, Қазақстанның Мемлекеттік тілі төңірегінде. ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық сенім кеңесінің кей мүшелері Қазақстанда қазақ тілінің мәртебе алып, арнайы Заң болып бекітілгеніне бөтен ойлы екенін білдіріпті.

Бұл туралы күні кеше ғана журналист Өмірзақ Ақжігіт жазды. Белгілі эколог Азаматхан Әміртай да қазақ тіліне қырын қарайтындарға ашық қарсы шығып, өткір пікір білдірді. Қазақтілді ақпарат құралдары да аталған мәселеге мән беріп, дабыл қақты. Тіл тағдырына қатысты таласта «тілімізді тістеп» қалу – арымызға да, азаматтығымызға да сын! Ендеше рет-ретімен жазайық...

Елдің екінші сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел-халыққа есім-сойы танымал азаматтарды жиып, кеңес құрғанын білесіздер. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (17 шілде 2019 жыл. №63 Жарлық). Оған қырықтан аса кісі мүше болды.

Ұлттық мүддені қорғау – мемлекеттік тілден басталады

Сол кеңестің алғашқы отырысы өтіп, онда бірлі-жарым адам баяндама жасады. Баяндаушылардың бірі – кеңес мүшесі, ақын Қазыбек Иса еді. 6 қыркүйектегі жиында Қазыбек Иса: «Ұлттық мүддені қорғау – мемлекеттік тілден басталады» деп сөйледі. «Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін барлығымыз жұмыла әрекет етіп, барлық жерде мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек! Ол үшін Атазаңда Мемлекеттік тіл өз мәртебесін жеке дара иеленуі үшін 7-баптың 2-тармағын алатын уақыт жетті. Бұл Халық талабын алдымен Қазақстан Халқы Ассамблеясы қолдауы тиіс!» деді.

Алып-қосарыңыз бар ма? Әңгіме ҚР Конституциясының 7-бабы туралы. 7-баптың 1-тармағы«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі». 

«Алып тастау керек» деп отырған 2-тармақта: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген мінәйі мәселе бар.

Ал «ҚР тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 Заңының 4-бабында: «ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – ҚР әрбір азаматының парызы», - деп тайға таңба басқандай жазылса, дәл осы Заңның 5-бабында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», - деп жазылған.

Осы бір екіұшты Заңдар мен мемлекеттік тіл төңірегіндегі таластың тоқтаусыз жүріп жатқанына, міне ширек ғасырдан асты. Бөтен тілге буазкөңіл біреулер 7-баптың 2-тармағы мен 151-Заңның 5-бабына жата кеп жармасып, өліспей беріспестей болып келеді.

«Никто ведь не желает идти по пути Михаила ГОРБАЧЕВА»

Міне қараңыз, «Время» гәзетінің ресми сайты. 10 қыркүйек күні «Политолог Данияр АШИМБАЕВ - о первом заседании НСОД: Президенту нужен тайм-аут» атты сұхбат жариялапты.

Президент қатысқан сол бір жиыннан алған әсерін ақтарылып-төңкеріліп айтқан «саясаткер» Әшімбаев «билік базынадан гөрі нақты ұсынысты қалайды» депті. Хош! Нақты ұсыныстар айтылмады деген және өтірік сөз. Саясаткер Айдос Сарым, Айман Омарова, Ермек Тұрсынов, Рақым Ошақбаев, Қазыбек Иса т.б. бірқатар азаматар сол жиында сөз алды. Нақты ұсыныстар айтты.

Қазыбек Иса демекші, жаңағы «саясаткер» Әшімбаев Мемлекеттік тілге мәртебе беріп, Заң қабылдауды сұраған Қазыбек Исанының ұсынысын «күлкілі» һәм «қауіпті» деп бағалапты.

Әңгімесінің әлқиссасын «радикалды ұсыныс айтушылар – Горбочевтің тағдырын ұмытқан ба?» (Никто ведь не желает идти по пути Михаила ГОРБАЧЕВА, когда начинали вроде с хороших и нужных реформ, а закончилось все кровопролитием и развалом страны) деп бастаған Әшімбаев бүй дейді:

«Довольно опасное, на мой взляд, предложение прозвучало из уст Казыбека ИСЫ о необходимости дальнейшего развития государственного языка.

Прежде всего отменить норму закона о языках, согласно которой в стране установлен список профессий, для которых знание госязыка является обязательным. То есть он предложил сделать так, чтобы знание госязыка было обязательным для любой профессии. В условиях фактического двуязычия эта инициатива является дискриминационной и провоцирующей обострение межнациональной ситуации в стране. Кроме того, он предложил разработать новый закон о госязыке и создать отдельное агентство по государственному языку».

«Яғни, Ол (Қазыбек Иса – ред.) мемлекеттік тілді білуді кез келген кәсіп иесіне міндеттеуді ұсынды. Қостілділік жағдайында бұл ұсыныс – елдегі ұлтаралық жағдайды ушықтырып, алалаушылықты қоздыратын бастама», - дейді.

Мемлекеттік тілге мәртебе беру – «радикалды», «қауіпті» қадам ба?

Әшімбаевтың айтуынша -  Мемлекеттік тілге мәртебе сұрау, оны арнайы Заңмен бекітіп, баршаға міндеттеу – елдегі ұлтаралық араздықты тудыратын, тілдік алашаушылықты қоздыратын қауіпті ұсыныс екен. Мемлекеттік тілді білуді баршаға міндеттеу – ұлтаралық араздықты қоздыратын қауіпті фактор болса, Әшімбаев мырза «ҚР Тіл туралы» №151 Заңының 4-бабы – Конституцияға қайшы дегенді де меңзеп тұрса керек... Өйткені, дәл сол 4-бапта:  «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс-қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – ҚР әрбір азаматының парызы», деп тайға таңба басқандай жазылған.

Әрі қарай, «Меніңше, мәселені ономастика мен терминология комиссиясының жұмысына бұрғаны жөн болар еді. Тілдік мәселелерге бөлінген миллиардтардың есебін сұрайтын, республикалық бюджетті бақылайтын Есеп комитеті тексеру жүргізуін, бұл бағдарламалардың аса сәтті болмағынын ескеріп, оны конкурстық негізге көшіру мәселесін көтергенде...», деп жалғапты ойын. Тілді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың сәтсіздігін айтқанын ақылға сыйдырсақ та, қазақ тілі туралы Заң қабылдау – ұлтаралық араздықты қоздырады деп сөйлегенін еш ақтап ала алмаймыз.

Данияр Әшімбаевтың сұхбатына қарап отырып, ҰҚСК-дегі үш жұмыс тобынан сөйлеген алты спикердің ішінде іліп аларлығы жоқтың қасы екен деп ой түюге болады. Мысалы, саясаттанушы Айдос Сарымдар сөйлеген саяси топтың сөзін Президент жай тыңдаған. Ешбір ұсынысын түртіп алмаған. Кейбір топ өз ұсыныстарын сол жиын болардың аз-ақ алдында әзірлеп үлгерген. Айман Омарова өз жұмыс тобымен ақылдаспай, өз бетінше сөйлеген. Рақым Ошақбаев бірді айтып, бірге кеткен. Кеңес мүшелерінің арасында білім-ғылым мен медицина туралы айтатын адам болмаған. Қазыбек Иса тіпті «қауіпті» ұсыныс айтқан.  Ішіндегі ең тәуірі Ермек Тұрсынов екеуі-міс.

Жә, айтпағымыз ол да емес. Тілге оралайық...

Ел халқының 80 пайызы қазақтілді

«Тіл туралы» заң алғаш 1989 жылы қа­был­данғаны белгілі. Содан бері 30 жыл. Тіл мәселесі, осы күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Иә, 1989 жылмен салыстырсақ, тәубе дерлігі көп. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейді. Қоғамдық талаптың тілі, ғылым мен білімнің, керек десеңіз, қоғамдық саясаттың тілі қазақыланды. Елде 18 миллионнан көп жан саны бар десек, сол 18 миллионның 71 пайызы – мемлекетті құрушы ұлт, қазақтар. Осыдан екі жыл бұрынғы дерек бойынша (2017 жылғы), халқымыздың 80 пайызы қазақтілді. Екі жылда бұл көрсеткіштің өсе түскені тағы рас. Өйткені, биылғы қаңтар-қыркүйек есебі бойынша 34,2 мың адам өзге елдің азаматтығын алған екен. Олардың 90 пайызы ТМД елдеріне көшкен. Әсіресе, соңғы жылдары Солтүстіктегі сойы бөлек жұрт іргедегі елге (Ресейге) кетіп жатыр деген ақпарат аз-аздан жариялана бастады. Тәуелсіздік алған 1991 жылы елдегі қазақтардың саны бар-жоғы 40 пайызды құраса, қазір 70 пайыздан асады. Мәселен, бір ғана Қызылорда өңірінде 97 пайыз қазақтар тұрады. Ал 1990 жылдардан бері қарай елімізден жарты миллион неміс, 2-3 миллион орыс кетті.

«Көпұлттылық» - саяси манипуляция құралы

Әрине, этностатистика табу салынған тақырып десек те, ресми статистика осы көрсеткіштің төңірегінде екені және факт. Азды-кем айырмашылық болатыны сөзсіз. Өйткені, «көпұлттылық» бұл – саяси тетік. Манипуляция құралы ғана.  Ал, қазақты, оның тілін доминантты ету – биліктегі мүдделі топ үшін өте-мөте тиімсіз. Бұл екінің-бірі білетін жайт. Десе де, экс-министр (Мәдениет және спорт министрі) Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанадағы ақ жағалылардың бір жиынында 80 пайызды сескенбей айтып қалған. Есімізде.

Шындығында, бейресми деректе Қазақстанда абсольютті доминант тіл – қазақ тілі, басым ұлт – қазақ болды. Енді оған шетте жүрген 5 миллионға жуық қазақтілді қазақты қоса есеп қылыңыз... Демек, біз көп ұлтты құрама мемлекет емеспіз. Біз - унитарлы мемлекетпіз. Яғни, доминантты ұлттың қалауы орындалуы тиіс. Анығында демкоратиялық принцип те бұған қайшы емес.

Алайда, осы 30 жылда тіл мәселесі толық шешімін тапты десек, және қателесеміз. Елімізде қазақ тілінің конституциялық мәртебесі толықтай бекімей  - бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Бұл – факт!

Ал жаңағы «саясаткер» Данияр Әшімбаев сынаған «мемлекеттік бағдарламалар» неге сәтсіз? Миллиардтар бөлініп жатыр ғой. Оған бір ғана себеп бар. Ол – «қостілділік». Иә, жаңағы 7-баптың, 2-тармағы – мемлекеттік тілді дамыту саясатын жүргізуге кедергі келтіріп отыр. Ал енді осының шешімі ретінде – Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдауды ұсыну – Әшімбаевтар үшін «радикалды», «қауіпті» қадам-мыс.

«Әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті». Мұны Конституция міндеттейді! Жоқ, біз жаңағы Әшімбаев айтқандай, «Ойбай, шу шығып кетеді», «Ойбай, бірдеңе боп қалмасын» деген мәймөңкелікпен, тілімізді тістеп қалып, бөтен мемлекеттің мемлекеттік тіліне мұқтаждықты қолдан жасап отырмыз. Ащы, болса да шындығы – осы.

Қазақ тіліне қырын қарайтындар – өзіміздің айыртілділер

Ең сорақысы, қазақ тіліне қырын қарайтындар «Маша-Васялар» емес, өзіміздің айыртілді ала өкпелер секілді. Сенбесеңіз, Ассамблея дейтін әйдік ұйымның кез келген жиынын алып қараңызшы. Ел басшыларының алдында қазақша сөйлеп тұрған диаспора өкілдерін көресіз... Олар қазақша сөйлегенде, қос тілге басы айналып, басыбайлы құл қалған біздікілер жолда қалады...

Сонымен, мемлекеттік тілді білмейтіндер кімдер? Олар қонақтар ма, әлде осы елдің азаматтары ма? 30 жыл бойы ешкім олардың құқығын шектеген жоқ, тіпті өзіміздің құқығымызды аяқпен таптап тұрып, олардың құқықтарын ерекшелеп бердік. Енді осындай жомартық пен кеңдіктің қайтарымы болуы керек шығар... Жоқ, болуы керек! Ендеше Әшімбаевтар неден қауіптеніп отыр? Түсініксіз...

Тіл – кімнің кім екенін анықтайтын индикатор. Өкінішке орай, біз әлі сол кеңестік идеологияның интернационалистік инфекциясы жұққан дерттілермен дауласып келеміз...

Түйін. Тигон (tiger+leon) дейтін мақұлық жаратылыс бар. Жолбарыс пен арыстаннан шыққан шатыс. Қазақшаласақ – жолтан.

Жолтандар – жабайы табиғатта мүлде кездеспейді. Хайуанатар бағында ғана өмір сүреді. Жаратылысы да ерекше. Тұмса табиғаттың құшағына босатып жіберсе, аштан қатады. Себебі бітімі, сүйегі, бұлшық еті шабуға, аң аулауға мүмкіндік бермейді... Я жолбарыс емес, я арыстан емес, жер басып жүрген бір мақұлық...

Өкініштісі сол, бүгінде біздің арамызда да небір жолтандар жүр. Не орыс емес, не қазақ болғылары «келмейді». Олардың да жаратылысы дәл жаңағы жолдандардікіндей-ақ... Болмысы жолбарыстай ірі болып көрінгенімен, шамасы шектеулі... Олар да жолбарыс сияқты ірі, білімді, сабырлы көрінгенімен, табиғи жағдайда өмір сүре алмайды. Қолда өмір сүруге ғана қауқарлы. Сәйкестікті қараңыз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Дереккөз: Abai.kz