Мемлекеттік тілге қарсылық - Ұлттық мүддеге қарсы қауіпті құбылыс

Ұлттық мүддеге қатысты  қауіпті құбылыс байқала бастады. Ол не? Қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрған Ұлттық кеңестің мүшелері әлеуметтік желі бетінде, интернет сайттарда бір-бірімен тартысып, «араздасып» жатыр. Мемлекеттік тіл үшін талас басталды.  Ол не дейсіз ғой. Тіл мәселесіне келгенде тағы да екіге бөліндік.

Бұл туралы Қамшы порталы хабарлады.

Ақын Қазыбек Иса Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында мемлекеттік тілдің тағдыры туралы исі қазақ баласы қолдауға тұратын мәселе көтергені белгілі. Бірақ  ұлттың болашағы үшін жасалған жақсы бастама орыстілді қазақтардың «жынына» тиген сияқты.

Қазір Данияр Әшімбаев секілді орыстілді топ интернет сайттарда қарсы пікірлерін еркін білдіріп жатыр. Бұл енді керек нәрсе ме? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға уақыт өтсе де, әлі де бізде тіл мәселесі шешілген жоқ. Оны проблема етіп отырған да аз ғана орыстілділер мен орысша сөйлейтін біздің биліктегілер. Басқа ешкім де емес. Енді орыстілді саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың сөзін мысалға келтірелік.

«Довольно опасное, на мой взляд, предложение прозвучало из уст Казыбека ИСЫ о необходимости дальнейшего развития государственного языка… Прежде всего отменить норму закона о языках, согласно которой в стране установлен список профессий, для которых знание госязыка является обязательным. То есть он предложил сделать так, чтобы знание госязыка было обязательным для любой профессии. В условиях фактического двуязычия эта инициатива является дискриминационной и провоцирующей обострение межнациональной ситуации в стране. Кроме того, он предложил разработать новый закон о госязыке и создать отдельное агентство по государственному языку».

Міне мемлекеттік тілге қатысты көзқарастағы алшақтық қайдан шығып отыр? Жеке көзқарастан. Ал бұл  бір адамның, яғни Данияр Әшімбаевтың ғана  жеке пікірі.

Бұл демографиялық тұрғыдан  ұлттың басым бөлігін құрап отырған қазақ тілінде сөйлейтін бүкіл қазақтың пікірі емес. Онда неге қорқамыз? Неге мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге батыл қадам жасай алмай отырмыз? Мәселе неде? Әңгіме біздің орысқұл биліктің дәрменсіз жалтақ әрекетінде жатқан сияқты.

Бізге жеткен кейбір әңгімелерге қарағанда, мәселені дереу қолға алып, Мәдениет министрлігі жасап жатқан "Мемлекеттік тілді дамыту туралы 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның" атын Үкіметтің кеңсесінде отырған орыстілді қазақ шенеунігі дереу өзгертіп жіберген сияқты. Енді ол «Тілдердің дамуы туралы" деп аталуы мүмкін.

Сондағы әлгі атқамінердің айтқан желеуі мынаған саяды екен: «Бұл мемлекеттік тіл туралы бағдарламада орыс тілі неге жоқ?». Жыл сайын қазақтілділер көбейіп, мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің қатары артып бара жатқан тұстағы бұл жалтақ әрекетті қалай түсінуге болады? Біз кімнен қорқамыз? Бір ғана нәрсе айқын: осы уақытқа дейін жалпақшешейлікпен жүргізіліп келген саясатты түбірімен өзгертетін уақыт жетті. Бүгінгі қоғамда қазақ мәселесі күн тәртібінде әлі қалқып тұр. Оны кейінге қалдыра беруге болмайды. Көп балалы аналардың мәселесі шешіледі. Атаулы әлеуметтік көмек те жасалар. Өндіріс те дамып, шағын және орта кәсіп көркейер. Бірақ осы жолы мемлекеттік тіл туралы дұрыс заң қабылданбаса, онда жағдай тіпті қиындай түседі. Орыстілді Әшімбаевтар осыны түсінуі тиіс. Мұндай пікірлер халықты екіге бөледі.

«Кто есть кто» энциклопедиялық кітабының авторы  Данияр Әшімбаев 2012 жылдың 29 маусымында dialog.k сайтына берген сұхбатында былай депті: «Конечно, плохо, что я не владею языком. Но, с другой стороны, я не ставлю себе программу-минимум выучить его, скажем, в течение года или еще какого срока. Я его изучаю по мере возможности». Содан бері жеті жыл уақыт өтсе де, мемлекеттік тілді керек қылмаған бала бүгін де Қазыбек Исаның бастамасын жоққа шығып «В условиях фактического двуязычия эта инициатива является дискриминационной и провоцирующей обострение межнациональной ситуации в стране» де-еп отыр.  Тілің, санаң орыстілді болса, сенің дара болғаныңнан не пайда?!

Ұлттық кеңестің тағы бір мүшесі, Арман Шораев «Вот, например, Казбек Иса, известный казахский журналист, член политсовета партии «Ак Жол», всячески пытался позиционировать себя радетелем казахского языка, а на самом деле 90% его речи было посвящено тому, какие надежды он связывает с приходом Токаева, какой тот мудрый, дальновидный» деп «Kz.media» сайтында Ұлттық кеңесте қазақ тілі мәселесінің көтерілуін жақтырмағанын жасырмапты.

Арман мұны не мақсатпен айтты, түсіне алмадық және  мұны қолдай да алмаймыз.  Қазақ елінде тұрып, қазақ мәселесін, ұлт тілінің мәртебесін ойламау – бұл болашақты ойламау деп түсінеміз. Жалпы ұлттық мүддеге келгенде қай тілде сөйлесек те, біздің тұжырымымыз ортақ болуы керек. Өкінішке қарай, екінші отырысы басталмай жатып, Ұлттық кеңес мүшелерінің  мемлекеттік тіл мәселесінде көзқарас алшақтығы қазірдің өзінде айқын байқала бастады. Мұндай пікірлер қоғамды араздық тудырады.

Кінә кімнен? Мәселе Ұлттық кеңестің тағы мүшесі Азаматхан Әміртай айтқан кілтипанда жатыр.  – «Кавказ жұртындай жігерлі, көрші отырған өзбектердей алкеуде болсақ , жерімізді мекендеп отырған орысты да, өзгені де қазақша сөйлетуге болар еді-ау. Бірақ оған қол жеткізе алмадық. Негізі жеткізбеді. Жеткізбегендер өзге жұрт емес, өзіміздің орыс тілді қаракөздер. Өз тілінен жерігендер. Өз тілін өзге тілден кем көргендер. Өзге тілді өз тілінен жоғары қойғандар. Яғни, ең бірінші кедергі болғандар - осылар. Біздің ең үлкен трагедиямыз да осы,–дейді Азаматхан Әміртай. Бұған біздің алып қосарымыз жоқ.

Ал "Тіл туралы арнайы заң мен агенттік керек" деп, ұлт мүддесі үшін күресіп жүрген Қазыбек Иса не дейді:

–Ең бастысы - бұған дейін де қабылданып, бір де бір талабы орындалмаған Тіл туралы бағдарлама қабылдау емес,  Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек! Ал Мемлекеттік тіл туралы заң орындалуы үшін ең басты кедергі - Конституциядағы 7 баптың 2 тармағын алып тастауымыз қажет!, – дейді Қазыбек Иса.

Қазыбек Исаның айтуына қарағанда, "қазіргі уақытта үкіметтің бірқатар мүшелері Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасауды қолға ала бастаған Мәдениет министрлігі қызметкерлерінен  "Мемлекеттік тіл туралы заңның қазір қажеті жоқ" деген жазба жаздырып алып жатқан көрінеді. –Ең қауіптісі осылар, – дейді ақын Қ. Иса.

Ақынның айтқанына біздің қосарымыз жоқ, енді қазаққа шегінер жер қалмады.

Қазақтың тілі Қазақстанда ғана дамиды.

Өз тілінде өгей көрген тіл өзгенің тілін төрге шығарады.

Тіл –қазақтікі, ал мемлекет кімдікі?

30 жыл «қос тіл –қос қанатың», «үш тұғырлы тіл ұшпаққа шығарады» деп келдік. Қане, шыққан биігіміз?

Қауіп қайдан?!. Өзге тілде сөйлейтін өзімізден!

Мемлекеттің саясаты түбегейлі өзгермей, тіл тұғырға шықпайды.

Ұлттық кеңесте тілге қатысты түйін шешілмесе, онда күніміз қараң.

Қазірдің өзінде сенім сетіней бастағандай.

Қазақстандағы «Тілдердің дамуы туралы» бағдарламадан бөлек" "МЕМЛЕКЕТТІК Тіл туралы арнайы заң» қабылдануы керек.  Сонда ғана әділеттілік қалпына келіп, халықтың талабы орындалады. Ал елден артық ешкім жоқ.

...Түсінген адамға бұл соңғы мүмкіндік.

Берік Бейсенұлы, qamshy.kz