2029 жылы қазақтар ел тұрғындарының 80%-ын құрайтын болады

721
1
Бөлісу:

Қазір еліміздің этнодемографиялық құрамына қатысты этностатистиканы сөз ететін ғалым-демографтар саусақпен санарлық. Солардың ішінде С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалым-демографтары: тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Алексеенко мен «Алтайтану» ҒЗО аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Әубәкіровалардың орыны бөлек. 

Егер біз СтатКомның сөзіне сенер болсақ, елімізден өзге мемлекетке қоныс аударғандар саны 2018 жылы 2017 жылға қарағанда 14%-ға артқан. Олардың 90%-ы  ТМД елдеріне көшеді екен. 2017 жылдың алты айында – 15 мың, 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында – 17 мың адам өзге елге ірге тепкен. Ал, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында  34,2 мың адам өзге елдің азаматтығын алды. Ал, осы орайда алдағы 10-15 жылда түгелдей зейнетке шығатын 1950-1960 жылдары туған арасындағы зейнеткерлердің болашақ этникалық құрамы мен қай тілде сөйлейтіні, қай тілді шет тілі деп санайтыны жайлы еш мәлімет жұрт назарына жария етілмейді. Әрі елімізде “этностатистика” деген табу салынған тақырып бар. Иә, әлі күнге отаршылар тілінде сөйлейтін “көпұлтты мемлекетке” оның не керегі бар!? Біздегі этностатистика жоқ ұлтты шөп арасында ине іздегендей ел ішінен тауып алып, ҚР тұратын ұлттардың санын өсіруге бағдар ұстанған.

Қазақстан 1989 жылғы соңғы КСРО халық санағында тұрғындарының саны 16 537 000 болғаннан кейін,  2019 жылы 18 395 567 болып, 20 жыл ішінде 12% өсімді құрап отыр. Бұлай дейтініміз АҚШ CIA (Орталық Барлау Басқармасының) жасырын дерегінде 1979 жылғы санаққа дейін 1978 жылы орыстардың КСРО бойынша саны  117 млн. болып, қалған ұлттардың ортақ саны 125 млн. асатыны алдын ала белгілі болған соң, КОКП хатшысы Михаил Сусловтың пәрменімен 20 млн. орысты  орыстардың үлес саны басым одақтас республикаларға қосып жазғанда ҚазКСР-іне 2 млн. орыстар жазылып кетіпті. Кейін тау халықтарының, қырым татарларының, басқада жер аударылған халықтардың өз жерлеріне, ал, этникалық орыстар мен славян тектестердің Сібірге “ұзын рубль үшін” кері көшу және славян тектестер арасындағы өлім-жітімнің жоғарлығынан 1970 жылғы санақта 12848,6  тұрғыны бар ҚазКСР-де қазақтардың табиғи өсіміне қарамай халық саны бәрі бір 12684,3-ке дейін кемігені белгілі болатын, ендігі жерде тау халықтарынның еліміздегі саны мүлдем көрсетілмей, оған 2 млн. “өлі жанды” қосқанда республика халқы 14684,3 айналып шыға келді. Осы екі миллион 1989 жылғы санақта сол күйінше қала берді. Кейін бұның кесірлі тұсы 3-4 миллондай орыстар мен орыс тілділер әм этникалық немістер ауа көшкен кезде еліміздегі тұрғындар санының аяқ астынан 6 миллонға дейін ойсырап қалуы, қазақ демографтарын айран-асыр етті. Оны еліміздің 18 млн-дық межеге тек 2017 жылдың соңында әзер жеткенін-ақ байқап білуге болады.

Ғалым-демограф Александр Алексеенконың сөзіне сенсек, қазақ елі өткен ғасырдың 50-60 жылдары өте зор демографиялық қопарылысты бастан кешіп, қазір соның жемісін титулды ұлтқа қатысты көріп отыр. Бұрын бала туудың жиынтық коэффициенті қазақтар арасында  60-шы жылдардың басында бір анаға 7,4-7,5-тен келетін болса, қазіргі кезде 2,8-ді құрауда.

Енді он жылдан кейін қазақтар өз жерінде 20 ғасырдың басындағы “Столыпин жер реформасына дейінгі” көрсеткішіне қол жеткізіп, саны жағынан 80%-ға табан тіресе,  қалған 20%-дың орыстар –  15%-ын құрап,  қалған – 5%-дың ішінде өзбектердің саны басым болады. Қазір орыстардың басым көпшілігін 40-тан асқандар құрап отыр. Енді 20 жылдан кейін олар 60-70-тан асқандарға айналады. Сонда 15% болатын еліміздегі этникалық орыстардың 80-90%-ы тек зейнеткерлерден тұрады деуге негіз бар. Бұның жағымысыз жағы олар, яғни 2 млн. аса зейнеткерлер армиясы ел бюджетіне аса зор салмақ түсіреді. Әрі, қазаққа қарағанда олар аса жоғары зейнетақы алады. Оларды зейнетақымен қамту үшін еңбек ететін қазақ жұмыскерінің табысы тым мардымсыз.

Халық санына қатысты уәжді пікірімен ақылға қонымды сараптау жасауы барысында, аталған ғалым “қазақтарда орын алған” беби бумды 50-60, 80-ші және 2000 жылдардағы демографиялық жарылыс деп үш кезеңге бөледі. Осы зерттеулері барысында зерделі ғалым қазақ билігі әзірше мүлдем ауызға алмайтын дүниелерді бүкпесіз жайып салады. Иә, бұның бәріне қалада тұрып орыстанбай, ауылдық жерде үбірлі-шүбірлі болуларының арқасында қазақтың «сібірлік ұлыстардың кебін құшпай» ұлттық келбеті әм санасы мен санының өсуін сақтап қалып, бір кездегі төменшіктенген азшылықтан, кеудесін ешкімге басқызбайтын көпшілікке айналуы басты факторлардың бірі десек те, көбіне екінші бір фактор   келімсек жұмыс күштерін жас ерекшелігіне орай әрі олардың арасында орын алған арақ ішіп азғынданушылық процесінің орын алуы арқасында жергілікті кадрлармен бірте-бірте алмастырылуы да өз нәтижесін кейін келе бере бастады.

Демограф-ғалымның соңғы кездері түрлі БАҚ берген сұхбаттарына кезек беретін болсақ:

“Қазақтар өзгелерді кемсітпей, “ығырына тиіп елден түре қумай-ақ”, табиғи жолмен басты ұлтқа айналып келеді. Оның іргетасы осыдан 50 жыл бұрын қаланған болатын. Иә, ашығын айтсақ, кеңестік кезеңдегі 50-60 жылдар қазақтар үшін “алтын дәуір” болды. Егер 1959 және 1989 жылғы халық санағын қолға алып қарайтын болсақ, одан қазақтардың 2,5 есеге өскендігін аңғарамыз. Ал, бұл – бір буынның көз алдындағы 30 жыл ішіндегі зор өсім.

Бұның басты себебі қалада тұратын өзге ұлттар арасында туу мүлдем төмендеді. Ауылда тұрудың арқасында қазақтар тегін білім, тегін медқызметтің қызығын көре білді. Керек десеңіз, қазақтар арасында жоғарғы білімге қол жеткізгендер саны орыстар мен өзге ұлттарға қарағанда аса жоғары болды. Орыстар арасындағы бала туудың мүлдем азаюы, олардан босаған жұмыс орындарына қазақтардың емін-еркін иеленуіне мүмкіндік берді”.

Александр Алексеенко дәл қазір баламалы дерек көздері қолжетімсіздіктен, тек қана ресми деректерге сүйеніп, этностатистика жүргізіп келе жатқан жалғыз-жарым отандық зерттеушілердің бірі десек артық айтпаймыз. Мақаш ағаның көзі кеткен соң, қандастарымыз арасында ешкімде белсеніп этностатистиканы жүргізген емес. Көбіне осы салада зерттеу жүргізушілер әлдебір жеке цифлар төңірегінде ой қорытып, барды-жоқты сөз етіп, әртарапты қамтитын терең зерделі пайымдау жасауға бел шешіп бара бермейді.

Мәселен, 2018 жылдың қыркүйегінде елімізде 18,3 млн. халық тұрса, 1991 жылы Батыс дерегінде 14,7 млн, КСРО дерегі бойынша 16,7 млн. тұрғын болған делінеді.

Билік басындағылар арыдан ойламай, жер бетінде жоқ “Үштұғырлы тілді” бетперде етіп, “Көпұлтты мемлекетпіз” деп әлемге жар салып жүргенде, ешкімнің бетіне қарамай 20 жылдан кейін ҚР титулды ұлт 90%-ды құрайтын моноэтникалық, моноұлттық елге айналатынына “Моноұлттық мемлекет” атты демографиялық терминді пайдаланып алғаш рет сөз ете білді. Оны сөз етуші қазақ емес, орыс ұлтынан шыққан – Александр Алексеенко.

«Алтайтану» ҒЗО аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Әубәкірова этностатистикада саласындағы кім көрінген емес. Таяуда аталған ғалым Forbes.kz басылымына берген сұхбатында 2020 жылдан бастап, 2000 жылдардың басында орын алған беби бум бәсеңдейді деген болжамын айтып қалды.

Иә, бала туудың азаюы қазір сәбилерге жәрдем ақы төлеуді көпсініп жүрген биліктегілерге жаңа проблеманы тауып береді. Ол 50-60 жылы беби бумда өмірге келген ұрпақтың толық зейнет жасына жетуі. Осыны алдын ала білген тісқақты шенеуініктер біраз болсын осы проблемадан бойларын аулақ салуы үшін 63 жаста зейткерлікке шығару үрдісін ойлап тапты. Бұны 1950-1960 жылғы Беби бумнан еш хабары жоқ қарапайым халық сезінген жоқ. Иә, аталған топтың ішіндегі ерлер арасында дәл қазір пайғамбар жасына жеткен 1956 жылы туғандар биыл зейнеткерлікке шығып жатыр. Аналар қауымын да билік ебін тауып 63-те шығатын зейнеткерлік кестесімен қарық қылып жарылқап тастады.

Осы проблеманың болатын білген бірде-бір заңды түрде тіркелген партия өз 50-60 жылы өмірге келген сайлаушылары үшін ауыз ашып, Үкімет шешіміне еш қарсы шыққан жоқ. Өйткені, болшақ ҚР зейнеткерлерінің 90 пайызын бүгінгідей этникалық орыстар да емес, орыс тілділер де емес, қазақ мәдениеті мен тарихының уызына жарыған ана тілінде сөйлейтіндер құрағалы отыр. Әрі олардың 60 пайызы әр жерде тиіп қашып жұмыс істеген, әлеуметтік теңсіздіктің небір құқайын көрген бөріктілер, не отағасының табысын кәдеге жаратып, мүлдем баламен үйінде отырған алтын құрсақты аналар болып табылады.

Міне, осы себепті аталған топқа жататындардың әлеуметтік, экономикалық әм мәдени дамуы үшін Үкімет тарапынан осы бастан арнайы бағдарламалар қарастырылуы қажет. Дамыған елдерде ата буынды тұрғындардың ең белсенді бөлігі ретінде алақанға салып аялайды. IT дағды қалыптастыру курстары, мүдделестер клубтары, TV бағдарламалар, спорттық, көңіл-көтеру шаралары т.б. кеңінен жұмыс істейді. Оның үстіне арнайы медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі қалтықсыз қызмет көрсетеді.

Ауылда туып, ана тілінің уызына жарып өскен, 50-60 жылы туғандар еліміздің экономикалық және мәдени-рухани дамуына еселеп үлестерін қосуы үшін оларға қазақ тілінде бар қабілетін ашып көрсете алатын жаңа мүмкіндіктер жасалуға тиіс. Бұған дейін 1950 жылы туған тұтас бір буынды әлеуметтік жақтан қолдау мен қорғауда ел Үкіметі орны толмас қателік жіберіп алды. Енді сол қателік қайыра қайталанбас үшін 2023 бастап зейнеткерлікке шыға бастайтын 1960 жылдары туған орыс тілін шет тілі деп санайтын тұтас бір буын зейнеткерлерінің демографиялық ахуалынан туындайтын тілдік, ділдік және рухани-этникалық проблемалардың өз шешімін оңтайлы табуы үшін үкімет әлеуметтік-эконмикалық қаулы-қарар қабылдай білуі керек.

Қазақ елін моноұлтқа, мономемлекетке айналдырудың қозғаушы күші болып табылатын 50-60 жылдары туған беби бумдық қазақ тілді зейнеткерлер тобының жыртығын жамап, жоғын жоқтауға бүгінгі орыс тілді азшылықтың тілінде сайрауын доғармайтын алаш билігі дайын ба? Әлде олардың дауысына Парламент сайлауында иелік етуді қалайтын партиялар не істемекші? деген шешуі қиын күрделі сауал туындайды.

Сонымен “КСРО-ның “Кемелденген Социализмінің” әм капиталистік дәуірдегі “Шикізаттық аста-төктің” бал-шырынының дәмін тата алмаған 60 жылғы “Жоғалған буын” өз бейнетінің зейнетін көре ала ма?” деген запыранды сауал жүректі тырналайды.

Әбіл-Серік Әліакбар

Дереккөз: Abai.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу

4 × екі =