Азаматхан Әміртай: Қазақтың жауы кім?

Өз уақытында Алаштың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген екен. Сөз жоқ. Ашы да болса, ақиқат. Амал қанша, қазақ қоғамында қазақ тілі мәселесі бір шешімін таппай-ақ қойды. Себеп белгілі. Арда тұтқан ана тіліміздің өз тұғырында тұрмауы. Мемлекеттің басты тіліне айналмауы. Ұлтаралық тілдің деңгейіне көтерілмеуі. Жаңа технологиямен өнеркәсіптің тілі бола алмауы. Бұған кім кінәлі? Әрине Кеңес заманы болса, Мәскеуді кінәлар едік. Қазір ше? Біз Тәуелсіз, бостан елміз ғой. Ана тілімізді неге әлпештей алмай отырмыз?

Бұған Қазақстанда отырған үш миллиондай орысты, бұған қоса 3-4 пайыздан аспайтын украин, неміс, беларус т.б орыс тілділерді айыптау артық. Кавказ жұртындай жігерлі, көрші отырған өзбектердей алкеуде болсақ, жерімізді мекендеп отырған орысты да, өзгені де қазақша сөйлетуге болар еді-ау. Бірақ оған қол жеткзе алмадық. Негізі жеткізбеді. Жеткізбегендер өзге жұрт емес, өзіміздің орыс тілді қаракөздер. Өз тілінен жерігендер. Өз тілін өзге тілден кем көргендер. Өзге тілді өз тілінен жоғары қойғандар. Яғни, ең бірінші кедергі болғандар - осылар. Біздің ең үлкен трагедиямыз осы. «Іштен шыққан жау жаман» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек-ті. Өзім мүше болып отырған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің Президент қатысқан алғашқы отырысында белгілі ақын, өз елінің ерен патриоты Қазыбек Иса Қазақ тілі мәселесін көтерді. Жеріне жеткізе айтты. Риза болыстық.

Алайда жақында осы Ұлттық кеңеске мүше, орыс тілді саясаттанушы Данияр Әшімбаев ««Довольно опасное, на мой взляд, предложение прозвучало из уст Казыбека ИСЫ о необходимости дальнейшего развития государственного языка… Прежде всего отменить норму закона о языках, согласно которой в стране установлен список профессий, для которых знание госязыка является обязательным. То есть он предложил сделать так, чтобы знание госязыка было обязательным для любой профессии. В условиях фактического двуязычия эта инициатива является дискриминационной и провоцирующей обострение межнациональной ситуации в стране. Кроме того, он предложил разработать новый закон о госязыке и создать отдельное агентство по государственному языку» деген (әдейі қазақшаламадым) әңгіме айтыпты.

Бұны қалай түсінуге болады. Қазыбек Иса өз жерінде өгей баланың күйін кешіп отырған ана тіліміздің мәселесін көтерді. Әшімбаев айтқандай, ұлтаралық жанжал туғызатындай артық ештеңе айтқан жоқ. Ары беріден соң, Ұлттық кеңес мүшелерінің негізгі міндеті елдің көкейіндегі, ұлттың шешілмей жатқан мәселелерін биік мінберден айту, оны реттеуге мұрындық болу!

Егерде Данияр Әшімбаев өз елінің патриоты болса, қаным, жаным қазақ дейтін болса, мұндай әңгіме айтпас еді. Неге айтты? Бұл белгілі жайт. Әгәрәки қазақ тілі орыс тілін ысырып, алдыңғы орынға шығатын болса, орыс тілді Әшімбаевтарға Қазақстанда жейтін нан қалмайды. Әшімбаев Ресейге де, Еуропаға да, Америкаға да қажет емес. Оны ол біледі. Сондықтан ол нан жегізіп отырған орыс тілін орыстардан бұрын шыр-пыр болып қорғайды. «Орыс тіліне тіл тигізсеңдер соғыс болып кетеді» деп елді алдап, босқа үрейлендіреді. Бар әңгіме осы. Қазақстанда тұратын орыстардың бір де - біреуі «орыс тіліне, мәдениетіне қысым жасалып жатыр» деп айтып көрмепті. Неге? Өйткені Қазақстанда барлық ұлттарға өз тілін, мәдениетін дамытуға тең жағдай жасалған. Тек «орыс тіліне қысым жасалып жатыр» деп алашапқын болып жүрген өзіміздің қаракөздер. Неге? Себебін айтық. Қазақ тілі басымдық алатын болса, өз тілінен жеріп жүргендер нансыз, жұмыссыз қалады. Оларды алып бара жатқан соның үрейі.

Айтпақшы, осы Ұлттық кеңестің тағы бір мүшесі Арман Шораев «Kz.media» деген сайтқа берген сұхбатында: «Вот, например, Казбек Иса, известный казахский журналист, член Политсовета партии «Ак Жол», всячески пытался позиционировать себя радетелем казахского языка, а на самом деле 90% его речи было посвящено тому, какие надежды он связывает с приходом Токаева, какой тот мудрый, дальновидный» деп Қазыбек Исаны кекетіпті.

Бұл қайткені? Шындыққа тура қарап сөйлейтін болсақ, Қазыбек Иса үлкен жүректі ақын, өз елінің партиоты, тіл жанашыры. Шыңырауда шырмалып жатқан тілі үшін шырылдаса, несі айып. Неге кеңес отырыстарында Әшімбаев пен Шораев қазақ тілінің қиын мәселесін көтермейді? Олардың етегінен кім тартыпты? Демек олар үшін қазақ тілі күл болмаса, бүл болсын, ең бастысы орыс тілі аман болғаны керек пе?

Азаматхан ӘМІРТАЙ,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі,

"Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы.