Тәрбиелі ұрпақ - ел тірегі

Қандай қоғамдық жүйеде  болса да  ұрпақ  тәрбиесі ең маңызды рөл атқарады. Бұл туралы данышпан бабамыз Әл-Фараби "тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы" екенін айтып кеткені белгілі.Ұлттың бүгіні де, болашағы  да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Елімізде тәуелсіздік алғаннан  бері балалардың, жасөспірімдердің оқу-тәрбие ісіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу-білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс.   Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беруге баса мән беріліп отыр. Мемлекеттің алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі–рухани тәрбие. Республикамызда жас ұрпақты    жастайынан мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік секілді құнды қасиеттерді  бойына сіңіре  білу,   сондай-ақ  салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу,   рухани бай адам баласын қалыптастыру  қажет.  Бұл туралы  Елбасымыз  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»   атты мәні мен мазмұны терең мақаласында  ұлттық  рухани болмысымыздан ажырамау,  ұлттық  салт-дәстүріміз,  тіліміз бен өнеріміз, әдебиетіміз,  ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екендігін  айттып өтті.  Әрбір жас ұрпақ өзінің ана-тілімен, салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен, туған тарихымен терең тамырланғанда ғана өзінің болмысын сақтап қала алады. Ата-баба дәстүріне құрмет көрсету, жай ғана құрмет көрсетіп қоймай оны өмірлік салтында берік ұстану, бабалар алдындағы ұлы  аманатты сақтап өне бойына сіңіру, оны келер ұрпақтарға жеткізу кез келген азаматтың парызы болуға тиіс. Сондықтан оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу басты назарда болуы керек. Жоғары адамгершілікті  қалыптастыруда  әсіресе жасөспірімдер мен студенттерге   рухани  тәрбие  беру   өте бағалы әрі пәрменді қозғаушы күш бола алады. Руханият – адамзаттың ішкі жан дүниесінің баға жетпес көрсеткіші.  Руханият негізінде адамның мінезі, ар-ұяты, сана-сезімі мен қарым-қатынасы, жалпы айтсақ адамгершілік қасиеттері дамиды. Бұл өз тарапынан мейірімділік пен игі әрекеттерге баулиды. Рухани-адамгершілік тәрбиесі – бұл жеке тұлғаның рухани және мәдени тұрғыда қалыптасқан өзін-өзі ұстау мәнері мен қоғамдағы мәдени қарым-қатынас көрінісі. Болашақ жастарымыздың адамгершілік пен рухани тәрбие алудың тағы бір әсер ету факторлары, олардың қай ортада өсіп-жетілуіне байланысты. Ежелден-ақ, дана халқымыз жора-жодас жайлы былай деген екен: «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа». Осылайша ата-бабамыз адамгершілікті рухани тәрбие алудың арқауы ретінде жас ұрпақты мақал-мәтелдер, жұмбақтар, өлеңдер мен айтыс арқылы жаман мен жақсыны айыра білуге үйреткен. Рухани- адамгершілік тәрбие беру екі жақты құбылыс. Бір жағынан – бұл үлкендердің, яғни ата-ана мен құзырлы органдардың жас ұрпақты рухани және адамгершілік негізде тәрбиелеу жолындағы белсенді қызметі болса, екінші жағынан – бұл жастардың сол тәрбиеге деген көз-қарастары, іс-әрекеттері мен сана-сезімінің қалыптасуы, бір сөзбен айтқанда ұстанымы мен белсенділігі.  Ұлттық бірегейлікті сақтау - ұлттық сананың кемелденуі. Яғни, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Алайда, басты мақсат - ұлттық салт-дәстүрлеріміздің, тіліміз бен музыкамыздың, әдебиетіміздің, жоралғыларымыздың, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі қалуына тәрбиелеу. Қазақ қыздар мемлекеттік университетінде бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. “Қазақ халқының шығу тегіндегі антропологиялық және этникалық ерекшеліктер” атты қазақ халқының шығу тегін айқындау мақсатында студенттерге тарихи лекциялар мен «Мәдени мұра-асыл қазынам» атты іс-шаралар барлық факультеттерде өткізіліп келеді. Мемлекеттік тілді және этносаясатты түсіндіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының, дәстүрлі дін  және құқық қорғау органдары өкілдерін шақыру арқылы келісім және әртүрлі ұлттардың мәдениеті мен дәстүрлеріне деген құрмет, студенттер арасында этникааралық шиеленістерге жол бермеу, ұлтаралық келісімді нығайту және діни экстремизмнің алдын-алу  бойынша түрлі шаралар  мен «Қазақ жастары неге басқа дінге кетіп жатыр?» тақырыбында студенттер  арасында пікірсайыс өткізілді. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта тіл мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Жастарды ана тілін толық игеруіне мүмкіндіктер жеткілікті.  Тек соған оларды бағыттай білу қажет. Осы орайда «Тіл бірлігі – ел бірлігі» атты тақырыпта тіл апталығын өткізу дәстүрге айналды. Университетте бірыңғай қздар оқығандықтан бұл факторды да ұмытуға болмайды. Бүгінгі қыздар ертеңгі аналар. Келешек ұрпақты тәрбиелеу де солардың маңызды міндеті екені белгілі. Сондықтан бұл мәселеге оқу орнында ерекше мән беріледі. «Қыз болашақ – Ана» тақырыбы аясында түрлі диспуттар ұйымдастырылып, оған психолог, дәргер және басқа да мамандар шақырылып жан-жақты әңгімелер қозғалады. Бүгінгі күні салауатты өмір салтын орнықтыру да өте маңызды. Жастар арасындағы ішімдікпен әуестеніп, нашақорлыққа салынып жатқандар әлі де аз емес. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жағымсыз қылықтарға жол бермеуге бағытталған іс-шаралардың барысында  жастар ұйымдарын тарту арқылы оқу орындарының студенттері арасында есірткі, ішімдік және темекі шегудің алдын алу жөніндегі семинарлар өткізіп,    «Нашақорлық ғасыр індеті», «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыптарында  топ тәлімгерлері мен студенттер арасында  арнайы жұмыстар жүргізіледі. Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлық мәселесі елімізде ушығып тұр. Бүгінгі студенттер ертеңгі мамандар болғандықтан осы бағытта бүгіннің өзінде тиянақты жұмыстар жүргізуіміз керек. Бұл ертеңгі күні жемқорлықтың жолын жабуға арналған тиіміді әдіс. Сыбайлас жемқорлыққа  байланысты факультет студенттерінің  арасында сауалнама алынып, «Парасыз сессия», «Операция, сессия!», «Таза сессия!» және т.б. акциялар ұйымдастырылады. Осы аталған іс-шаралар университет студенттерінің болашақта адал, білікті, рухани кемелденген маман болып шығуына игі әсерін тигізері сөзсіз.   Р. БАЛТИЕВА, Қазақ  мемлекеттік  қыздар педагогикалық  университетінің аға оқытушысы qazaquni.kz