Тұғыры биік Тумашев

 Иә, бiздер ол жайлы аз бiлемiз, ал кейiнгi буын тiптi бiлмейдi десек қателеспейтiн шығармыз. Әрине, оларды кiнәлаудан аулақпыз. Себебi аудан тарихы бұрмаланып кiтаптар жазылды, тойлар өткiзiлдi. Санамыз бұрмаланған тарихи деректермен қалыптасты. Өкiнiштi, әрине... Тумашев Тiлеуберген Құсбасшыұлы 1923 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туылған. Мектептен соң Шалқар стансасында паровоз депосында слесарь болып еңбек жолын бастаған. 1942-1946 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысады. Елге оралған майдангер Шалқар аудандық комсомол, партия ұйымдарында еңбек етедi. 1956 жылы Мәскеу қаласындағы КПСС Жоғары партия мектебiн үздiк бiтiрген оны Өзбекстан Республикасы Сурхандария облысына жiбередi. Облыстың комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшылығына тағайындалады. Осында өзбек тiлiн үйренуге тура келедi. 1960 жылы Шымкентке қоныс аударып, 1960-1963 жылдары облыстық партия комитетiнiң нұсқаушысы, ауыл шаруашылық бөлiмi басшысының орынбасары лауазымында еңбек етедi. 1963 жылы Сарыағаш аудандық аумақтық басқарма бастығы, 1965 жылдың қаңтарында жаңадан құрылған Шардара аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып тағайындалады. Т.Тумашевтың тұсында Шардара ауданының әлеуметтiк-экономикалық дамуы қарқынды даму үстiнде болды десек қателеспеймiз. Шардара СЭС-ның жұмысы толық аяқталып, пайдалануға берiлдi. Жаңадан “Коммуна” жемiс-жидек совхозы, “Восход”, “Октябрьдiң 50 жылдығы” атындағы күрiш кеңшарлары бой көтерiп, отан қоймасына тонналап күрiш құя бастады. Мал шаруашылығымен айналысатын “Көксу”, “Шардара” кеңшарлары төл алудан рекордтық көрсеткiштерге қол жеткiздi. Бiлiктi басшы КПСС Орталық Комитетiнiң ХХIII съезiне делегат болып қатысқан облыстағы жалғыз райком хатшысы. Осы кезеңде СССР Жоғарғы кеңесiнiң депутаты болып сайлануы iскер басшыға деген ел құрметi деп бiлемiз. “Шардара ауданының Құрметтi азаматы” Т.Ағманов Шардара ауданының бiрiншi хатшысы Т.Тумашев жайлы пiкiр бiлдiрдi: “Т.Тумашевты Шардараның жас буын өкiлдерi бiлмеуi мүмкiн. Себебi ол жайлы жазылып та айтылып та жүрген жоқ. Кiмнiң саясаты екенiн қайдам, Шардара ауданы 1969 жылы құрылған деп кiтаптар шығарылды, той да тойланды. Аудан тарихын бiлетiн азаматтардан сұраған да жоқ. Ол былай тұрсын Шардара қаласындағы “Шардара тарихы” жазылған тақтада Шардара ауданы емес Келес ауданының құрылуы жайлы Қаулы жазылды. Шардара Келес ауданына қарады дейтiндер де бар. 1964 жылы Шардара ауданы құрылды. 1969 жылы Келес ауданы Шардара ауданынан бөлiнiп Шардара ауданының орталығы Абайдан Шардара қаласына көшiрiлдi. 1965-1969 жылдар аралығында Шардара ауданын Т.Тумашев басқарды. Соғысқа қатысқан, iскер, өте қарапайым азамат болатын. Шардараға келсе құрылысты, шаруашылықты аралап, шопандардың жай-күймен танысатын, шопандардың үйiне қона жататын кездерi көп болды. Шаруашылыққа қатысты шешiмiн таппай жатқан мәселелердi сөзбұйдаға салмай, мерзiмiнде шешетiн.  Мен 1966 жылы партияға қабылдандым. Бiрiншi хатшы Т.Тумашев менiң iсiме сәттiлiк тiлеп, билеттi қолыма ұстатты.  Шардара ауданын ұйымдастырып,  оның өсiп-өркендеу негiзiн қалаған тұңғыш хатшы Т.Тумашевты ұмыту кешiрiлмес күнә деп ойлаймын”.  Мұрағаттардан құжат iздестiрiп жүрiп, ауданымыздың бiрiншi хатшысы Т.Тумашевтың баяндамасын кездестiрдiм. Онда Шардараның болашағы туралы былай дептi: – “Өткен жылды “Шардара” су қоймасының құрылысшылары да табысты аяқтады. Ондаған мың шаршы метр жерге бетон құйылды. 100 мың киловаттық күшi бар 4 агрегаттың екеуi iске қосылды. Ендi 50 мың киловатт электр қуаты халыққа қызмет ете бастады. Ол Ташкент электр қуаты жүйесiне қосылған. Сұлу Сыр өзiнiң жемiсiн 1965 жылдың өзiнде еселеп бердi. “Восход” күрiш совхозы 500 гектардан астам жердi айналымға келтiрдi. 256 гектар жерге күрiш ектi. Бұл күрiштен мемлекеттiк жоспарды орындап қана қоймай тұқым үшiн 30 мың пұт салыны қоймаға құйды. 9 мың пұт дән жұмысшылардың еңбегiне берiлдi. Совхоздың болашағы зор. Мұнда жаңа жылда 3 мың гектардай жердi егiс айналымына қосу жоспарланып отыр. Мұның өзi өткен жылға қарағанда күрiш егiсi 15 есе артады деген сөз. Совхоз биылғы жылы 400 гектар жоңышқа, 100 гектар картоп, бау-бақша егудi де белгiледi. Сұлу Сырдың бiзге берерi көп. Ол ен даланы сыңсыған егiн-жай, бау-бақша, шалқыған шабындық, кең өрiс құтты қонысқа айналдырмақ. Шардара су қоймасы суға толғанда Қызылқұм өңiрiнде де 220 мың гектар жер сумен қамтамасыз етiледi. Сөйтiп, Шардара су қоймасында таяу жылдарда 22 жаңа совхоз құрылып, ел қоныстанады, ильич шамы жанып, монша, клуб, мәдениет орындары көптеп салынады. Зәулiм биiк ағаштар бой көтерiп саялы, сәндi өңiрге айналады. Бiрнеше заводтар салынып, халыққа қызмет етедi. Шардара теңiзiнде балық өсiрiлiп, консервiлеу заводтары салынады. Қазiрдiң өзiнде 6 вагон жас балық әкелiнiп суға жiберiлдi. Мiне, өмiр бақи су көрмеген құм өңiрiнде өмiр, тiршiлiк қызып, құтты мекен орнығуда. Бiр кездерде жерұйық iздеген Асанқайғының “екi Келес, бiр Талас, әттең атымның саурына сыймайсың, өңгерiп кетер едiм” – деп қимай, армандап кеткен шалқар өңiрi – Келес пен Сыр бойы өзiнiң шын мәнiндегi мүмкiндiгiн аша түсуде”.   1969 жылы Келес ауданы құрылып, Шардарадан бөлiнiп шығады. Жаңадан құрылған Келес ауданына басшы болып Шардара ауданын басқарған Т.Тумашев сайланды. 1970 жылы “Главриссовхозстрой” тресiне директор болып қызмет ауыстырып, 1983 жылы құрметтi еңбек демалысына шығады. Шыңғыс Сейдуалиев, Шардара ауылының тұрғыны, зейнеткер. Мен Шардараның ежелгi тұрғыны ретiнде Шардараның жай-күйiне қанықпын. Шардараға кейiн келушiлер Шардараның тарихын қолдан жасап той өткiзiп жатты. Кейбiр көнекөз қариялардың пiкiрiне құлақ та аспады. “Қазаншының еркi бар” дегендей заман болды ғой. Талай жыл Шардара кеңшарында жүргiзушi, құдықшы болып еңбек еттiм. 1964 жылы Шардара ауданы құрылып, Т.Тумашев секретарь болды. Ол кiсi шаруашылықты аралап, Шардара кеңшарына келетiн. Есiмде, 1967 жылы аға шопан Қақан Жүнiсовтiң үйiнде көрдiм. Орта бойлы адам екен. Қасындағылармен бiрге сол үйден тамақтанып, қонып шықты. Қарапайым басшыны ел құрметтеп, жақсы көретiн. Шардарада Т.Тумашевтың атына ауыл округi немесе көше атауын берсе артық болмас едi деп ойлаймын”. Отан алдындағы еңбегi жоғары бағаланған ол “Еңбек Қызыл Ту”, “Қызыл Жұлдыз”, “Құрмет белгiсi” ордендерiмен, Қазақ ССР Жоғарғы советiнiң Құрмет грамотасымен, бiрнеше медальдармен марапатталады. Жұбайы Қалампыр Қаназқызы екеуi 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсiрген. Үлкенi Тұрғынбике бұл күнде зейнеткер, Сәулесi мен Бақытбергенi ертерек қайтыс болыпты. Бақытжаны – әскери ұшқыш, полковник әскери атағы бар, Ресейде тұрады. Айгүлi Шымкентте зейнеткер, Дилярамы – мұғалiм, Бахтияр – инженер. Кенжесi Қайрат – кәсiпкер. Мемлекет және қоғам қайраткерi, үлгiлi басшы, шебер ұйымдастырушы Т.Тумашев көп жылдар Шымкент қаласында тұрып, 1990 жылы өмiрден озды. Есенбай БЕЙСЕНБИЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi qazaquni.kz