Қоғам бастамаларын қолдауға билік неге құлықсыз?

272
0
Бөлісу:

Алматы қаласында «Haq Alany» қоры тұңғыш рет азаматтық бастамалардың «Real Haq Alany» жалпыұлттық Конгресін өткізді. Мұндағы негізгі мақсат – біздің бүгінгі саяси, экономикалық күрделі қоғамда маңызды бастамаларын көпшілікке ұсынып жүрген белсенді азаматтар мен ұйымдарды біріктіру. Конгреске ұтымды ұсыныстары бар азаматтар, үкіметтік емес қоғамдық ұйым басшылары, еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен айта кетейік, бұл ұйым «қор», «қозғалыс» аталып, партия құрмақшы болғанын да білеміз. Сондықтан белгілі бір байламға келгені дұрыс. Ал, шындап келгенде мәселе атауында емес, халыққа көрсетер нақты қызметінде, ұлт болашағына деген шынайы жанашырлығында.
Жиынды ашқан «HAQ» қозғалысының лидері, Азаматтық бастамалар коалициясының мүшесі Тоғжан Қожалиева конгрестің бүгінгі жұмысына еліміздің экономикалық жағдайы, оның ішінде әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, руханият және мәдениет тақырыбы арқау етіліп отырғанына баса назар аударды. «Біздің қоғамда ынтымақтастықтың жоқтығы соншалық, адамдардың көбі бір-бірін түсінбейді, ой-пікірлерін қабылдамайды, сондықтан біздің мақсатымыз – достық сезім мен қарым-қатынастарды сезіну үшін оларды топтастыру, дұрыс ойды позитивтік арнаға бағыттау. Біздің елімізде барлығымызға жайлы қоғам құру үшін діни сенімімізге, ұлтымызға, жасымымызға, ұстанған идеямызға, мамандығымызға қарамастан бірігу керек» – деді Тоғжан Қожалиева.
Жиында түрлі тақырыпта әңгіме қозғалды. Қазіргі Қазақстан экономикасының қиын жағдайда екені ешкімге құпия емес. Шикізатқа негізделген өндіріс, импортқа тәуелділік, теңгеміздің құнының құлдырауы халықтың сатып алу қабілетін тым төмендетіп жіберді.Бүгінгі қарапайым тұрғындарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы соны көрсетеді. Түйткілді мәселелер жетіп артылады, соның бәрі еліміздегі миллиондаған адамның көкейінде жүрген сұрақтар. Сондықтан азаматтық бастамалардың бірінші Конгресін өткізу барысында қозғалған мәселелер түптеп келгенде – Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын қолдан келгенше жақсарту жайында болды. Қоғам қайраткері, меценат, «Болашақтың мектеп тұжырымдамасы» бастамалар тобының ұйымдастырушысы Марғұлан Сейсембай, Стартегиялық бастамалар орталығының әріптесі, экономист Олжас Құдайбергенов, табиғатты қорғау саласындағы қоғам қайраткері Ажар Жандосова, «KEGOC» АҚ экс-басшысы, табиғат жанашыры, қаржыгер Әсет Наурызбаевтар әркім өз саласы бойынша тұжырымды пікірлерімен бөлісті. Әрине, бұл тақырыптағы әңгімелер жер-жерлерде, түрлі сала бойынша ұйымдарда, тіпті жоғары мінберлерден аз айтылып келе жатқан жоқ. Дәп содан нақты нәтиже шықты деп айта алмаймыз. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Дегенмен қоғамдағы белсенді азаматтардың басын біріктіріп, ортақ ой мен құнды пікірлерді қоғам алдына, билік назарына ұсыну ешқашан да артықшылық етпейді.
Отырыста қозғалған мәселелердің бәрін тәптіштеп жатпай, мысал ретінде біреуіне ғана тоқтала кетейік. Біздегі ең осал салалардың бірі – білім саласы екені белгілі. Елдің ертеңі дәп осы болашақ ұрпақтың бүгінгі алар білім мен тәрбиесіне тікелей қатысты болғанмен оны өткен отыз жыл ішінде бір жөнге келтіре алмай-ақ қойдық. Отыз жылда жиырмаға жуық министрді ауыстырған білім саласының маңдайының соры бес елі екені баршаға мәлім. Жаңадан келген әрбір басшы «өз реформасын» тықпалап, бұл саланы тығырыққа тіреп бітті. Халық қалтасынан шыққан қаншама қаржы желге ұшқанмен солардың біреуі де заң бойынша жауапқа тартылмады. Жүз мың ұрлаған адам түрмеге қамалса, мемлекеттің миллиардтаған қаржысын нәтижесіз шашқан лауазымдыларға ешқандай шара қолданылмады. Сырттай қарағанда сол «реформалар» білімді жастарды дайындау үшін емес, көбірек қаржы бөлгізіп, соны жолай тонау үшін жасалған сияқты. Ешқандай нәтиже бермек түгіл, білім саласын
кері кетіріп жатқан соң оған дәп осындай баға беруге мәжбүрміз. Тіпті оны мемлекетке, халыққа қарсы бағытталған қастандық, ұлтына жасалған сатқындық деп есептеп, осыған жауапты тұлғаларға қылмыстық іс қозғау керек еді.Өйткені мемлекетке қыруар шығын келтірді емес пе? Бірақ ондай нақты шараны Үкімет тарапынан осы күнге дейін көре алған жоқпыз. Керісінше «реформаторларды» басынан сипап, арқасынан қағумен келеді. Әрі кетсе қызметінен босатып, өзге бір жоғары лауазымға ауыстыра салады.
Конгресте алғаш сөз алған Марғұлан Сейсембай еліміздегі білім саласын жетілдіру жөніндегі өз пікірі мен жоспарын ұсынды. Марғұлан Қалиұлының айтуынша жалпы білім беру үкімет – ата-ана – оқушы арасындағы қарым-қатынас. Расында да солай, үкімет қаржы бөліп мүмкіндік жасайды, ата-ана баласын білімді, тәрбиелі етуге, ал бала білім алуға міндетті. Ал іс жүзінде бұл «үштік одақтың» соңғысы сырт қалған. Өйткені баланың ойымен ешкім есептесіп жатқан жоқ. Бәрін үкімет, оның ішінде Білім және ғылым министрлігі, одан қалды ата-анасы шешеді. Ата-анасы оқы десе оқыған болады, заңгер боласың десе бола салады. Баланың қандай арманы, қандай мақсаты бар, бұл туралы одан ешкім сұрамайды да. Демек жеткіншек үнемі жетекте жүр, өзіндік ойын, өзіндік озық пікірін білдіруге мүмкіндік бермейміз деген сөз. «Ынтасыз алған білімнің түбі – тығырық» – деп есептейді меценат. Сондықтан баланың оқуға деген ынтасын барынша арттыруды бірінші кезекке қоюды ұсынады ол.
Қазір бұрынғыдай мұғалімнен, ата-анадан қорыққанынан тәртіпті болып, жақсы оқу жоқ. Бүгінгі заңға жүгінсек, балаға ұрсып, қол көтерсең өзің сотталасың. Мұғалімдер оқушылардың алдында аяғының ұшымен жүретін жағдайға жетті. Сонда не істеуіміз керек? Марғұлан мырзаның айтуынша баланың өзінің білім алуға деген жеке қызығушылығы, ынтасы болғаны жөн. Капиталистік жүйені қалап, нарықтық қатынастарды таңдап алған екенбіз, осыған байланысты баланы материалдық ынталандыруға баса көңіл бөлу керек. Капитализм сөзінің түбірі – капитал, яғни ақша деген сөз. Бүкіл әлем соған мойынсынып отыр, біз де одан бас тарта алмаймыз. Қазір білім саласында әрбір бала басына оны оқыту үшін жылына белгілі бір мөлшерде қаржы бөлінеді. Егер бала жақсы оқыса сол ақшаны балаға беру керек. Сонда бала өзінің де арамтамақ емес, жауапкершілігі бар ересек адамдай еңбек етіп жатқанын сезінеді, сөйтіп жанұясына кіріс әкеледі. Бұл әсіресе әлеуметтік жағынан нашар қорғалған отбасылары үшін үлкен көмек. Үлгерімі нашарлар озаттарға қарап жақсы оқуға тырысады. Білімді он жерден профессор берсе де баланың өзінің ынтасы болмаса оның бәрі бекер. Ұстаздар білімді ұсынушы ғана, оны қабылдау балаға байланысты.
Марғұлан Сейсембайдың ойынша біздің білім саласы олқылықтарға толы. ҰБТ-ны енгізу баланың білім деңгейін бағалауға мүлдем қауқарсыз. Ол санасы жетілмеген балаларға арналған білімін анықтау тәсілі ғана. Одан қалды сынып деген шартты өлшем. Бұл барлық оқушыларды бір қалыпқа түсіру, яғни бір сыныпқа қамау деген сөз. Озат оқушы білімді бола тұра өзімен жасты оқушылармен бір сыныпта неге жылдар бойы отыруы керек? Егер ондай оқушы орта білімді 11 емес, 6 жылда меңгерсе, арнаулы комиссия арқылы біліктілігін тексеріп, соған сәйкес мектеп бітіргені туралы құжат бергеніміз жөн. Өз жастылармен уақытын босқа өткізбей, білімін одан әрі көтеруге мүмкіндік жасауымыз қажет. Сол сияқты ол оқулықтардың сапасыз, оқу бағдарламаларының бүгінгі талаптарға сай еместігін де атап өтті. Оны құрастыруда көпшіліктің талаптары мүлдем ескерілмейтінін сынға алды. Бір елдің оқу бағдарламасын өзімізге енгізу үшін оның бізге сәйкестігін сараптау қажет. Бәлкім ол бағдарлама біздің деңгейімізден әлдеқайда төмен, немесе тым жоғары жатқан шығар. Сондықтан біз алдымен өз мүмкіншіліктерімізді анықтауымыз керек, соған қарай жоспар құрғанымыз дұрыс.
Бұл ұсыныстардың жоғарғы оқу орындарында қолдануға болады дейді бірнеше оқу ордаларына демеушілік жасап жүрген белгілі меценат. Орайы келгенде айта кетелік, «Ақша бөлдіріп оны талан-таржаға салатындардың орынына, өзі оқу орындарына демеушілік жасаған осындай азаматтарды министр етіп қойған дұрыс» – деген кейбіреулердің пікірін де естіп қалдық. Өзі де бизнесмен болғандықтан жоғары білімді жас мамандардың көпшілігі өндірісте орын таба алмай жататынын айтты. Оған бірінші кезекте біліктіліктің төмендігі себеп болып жататын көрінеді. Әр университет әртүрлі деңгейде білім береді. Сондықтан жоғары оқу орнын бітірген маманды арнаулы комиссия арқылы біліктілігін тексеріп, белгілі бір салада қызмет етуге жарамды екенін куәландыратын қосымша сертификат алуға міндеттеу қажет. Бұл жас мамандардың өз бетінше ізденіп, білімін жетілдіруге ықпал етеді. Бүгінгі жаһандану заманында әрбір мамандық иесі өз біліктілігін арттыруға тұрақты көңіл бөлмесе айналасы бір-екі жылдың ішінде ешкімге керек болмай қалады. Ізденіс болғанда ғана біздің өндірістерде білікті мамандар саны артады. Ол үшін алдында айтқанымыздай мамандарды ынталандыру шаралары тұрақты іске асырылуы қажет.
Біз Марғұлан мырзаның білім салсына қатысты ұсынысының кейбір тұстарын ғана айтып отырмыз. Жиналыс барысында оған сұрақтар да көп айтылды. БАҚ өкілінің бірі «Мақұл, бұл ұсыныстар өміршең, пайдалы деп есептелік. Сонда бұл бастаманы Сіз халықтың пікірімен санаспайтын Үкіметке қалай өткізіп, қалай іске асырмақсыз?» деген нақты сұрақ та қойылды.
Шынында да бұл өткір мәселе. Осыған ұқсас форумдарда көпшілік тарапынан талай құнды бастамалар мен ұсыныстар айтылып келе жатқаны белгілі. Бірақ солардың тым болмас 10 пайызы да қабылданып, іске асқан емес. Тоңмойын атқарушы билік қоғам бастамаларын қолдаудың орнына үнемі теріс қарайды. Айталық сонау жылдары Алматы қаласында Ахметжан Есімов әкім болып тұрғанда «Көкжайлау шаңғы курорты құрылысы» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Туған табиғатты талқандауға қарсы шыққан көпшілік жылдар бойы шерулетіп, ел президенті ауысқанда ғана оны тоқтатуға қол жеткізді. Көпшілікті айтасыз, қолында құзіреті бар депутаттардың да сөзі өтпейді. Жекешелендіру ережесіне өзгерту енгізу керектігі туралы «Ақ жол» партиясы Үкімет басшысына 2014, 2017, 2018, 2019 – жылдары қайта-қайта депутаттық сауал жолдап бұл аса маңызды мәселені осы күнге дейін шеше алмай отыр. Мұндай мысалдарды керек болса мыңдап келтіруге болады.
Байқап отырғандарыңыздай, еліміздің болашағына жаны ашитын, мына дамыған жаһандану заманына сай ұлтымыздың байлы-бақуатты өмір сүруін қалайтын азаматтар аз емес. Өкінішке орай, жоғары жақта оны естір құлақ жоқ. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» – деп дана халқымыз бекер айтпаған, биліктегі бес адамның басы алтын болса да көпшіліктен ақылы асып кетпейді. Сол үкіметте ондай ақылды, қарабасының қамын ғана күйттемейтін, ұлтына шынымен жаны ашитын адамдар отырса бүгінгі жағдай мүлдем басқаша болар еді. Біздің биліктегілер халықты топас топ деп қана біледі, сондықтан да қатардағы азаматтардың бағалы ұсынысын құлағына да қыстырмайды.
Көпшіліктің кеңесін ескерсе өздері ақымақ болып, «беделдері» түсіп қалатындай көрінеді оларға. Сол себепті бағалы ұсыныстарды саралап,құндыларын қолданысқа енгізу жоқ. Олардың пайымдауынша ақылды өздері ғана айтып, жүретін жолымызды солар ғана сілтеуі керек. Олай болса сол «ақылдылар» отыз жылда білім саласын неге биік деңгейге көтермеді, қарапайым адамдардың тұрмысын неге жақсартпады? Заң талабы бойынша билік халыққа мінсіз қызмет етуге міндетті екенін олар ұмытып кеткен. Мұны шектен шыққандық, халықты басыну деп бағалаған жөн.
Осыдан барып, «Қоғамдағы бағалы бастамалар билікке керек пе?» деген заңды сұрақ туындайды. Ұсыныстарымыз кәдеге аспаса несіне тыраштанамыз деген пікір қалыптасып, халықтың белсенділігі төмендейді. Күнделікті тәжірибемізде көріп отырғанымыздай билікке біреулердің ақылының түкке де қажеті жоқ, алдында айтқанымыздай өздері шетінен «данышпан». Олай болса «кері әсер заңдылығы» бойынша қоғам тарапынан «Халыққа бұндай билік керек пе? – деген сұрақтың да туындауы әбден мүмкін ғой. Ондай пікірлер қазірдің өзінде айтылып жатыр.
Сондықтан билік пен қоғам арасында ортақ тіл табысатындай жағдай қалыптастыратын уақыт жетті. Демократиялық қоғам құрып жатырмыз деп жаһанға жар салған соң, сол бізге жете алмай жатқан демократияның заңдылықтарын бәріміз қатаң сақтауымыз қажет. Оны билік те, қарапайым халық та жақсы біледі, оған үйретудің қажеті жоқ. Ең бастысы, билік тарапынан соған деген таза ниет керек, бізде жетіспей жатқаны да сол емес пе?..

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

13 + он бір =