Тіршілік нәрінің тазалығы сараланды

Күн, су, ауа, жер – тіршілк төрттағаны екені ежелден белгілі. Ауа, су, жердің ластануына байланысты адам өміріне қауіп-қатер туындайтынын біле тұра соны адамзат өз қолымен жасап жатқаны да жасырын емес. Бұл қазір әлемдік мәселеге айналып отыр. Еліміздегі су шаруашылығына қатысты түйткілдер жетіп артылады. Өндіріс қалдықтарымен өзен-көлдерімізді улау жиі орын алады. Онымен күрес айтарлықтай нәтиже беріп жатқан жоқ. Осыған байланысты сенатор Қайрат Қожамжаров өз пікірін білдіріп, еліміздегі ең таза өзендерді атады. «Зерттеу жұмыстары көрсет­кендей, 139 су нысанының ішінен «нормативті тұрғыда таза» санатқа 3 өзенге – Атырау облысындағы Жайық, Қиғаш, Түркістан облысындағы Бөген өзені және Каспий теңізі енгізілді», – деді сенатор су қауіпсіздігі мәселесі талқыланған Парламент Сена­тының отырысында. Оның ай­туынша, 102 су нысаны (68 өзен, 17 көл, 14 су қоймасы мен 3 арық) «бірқалыпты деңгейде ластанған» санатқа кіргізілген. «Жоғары деңгейде ластанған» санатта 16 өзен мен 14 көл бар. «Аса ластанған» санаттағы 3 өзен ретінде СҚО-дағы «Красноярка» өзені мен Ақмола облысындағы «Қылшықты», «Шағалалы» өзендері мен «Майбалық» көлі аталып отыр. «Судың ластануына барлық жағдайда өнеркәсіптік кәсіпорындардың қалдықтары, шахта мен кен орындарынан шығарылған қалдықтар себеп болып отыр», – деді ол. qazaquni.kz