Қалдыбек Сәбденов: Кез-келген ғылыми еңбек қоғамға қызмет етуі керек

562
0
Бөлісу:

Академик Қалдыбек Сәбденовтың есімі елімізге жақсы таныс. Аграрлық ғылым саласында атқарған еңбегі Қазақстан мен алыс-жақын шет елдердегі ғылыми орта мойындалған ғалымның бірі. Біз академикпен жолығып, қазіргі республикамыздағы қой шаруашылының қалай дамып, өркендеп жатқанын және әлі де шешілмей жатқан мәселелері төңірегінде әңгімелескен едік.

– Ғұмырыңыздың 60 жылдан астам уақытын мал шаруашылығына арнапсыз. Оның ішінде қой шаруашылығының өркендеуіне елеулі үлес қосқан ғалымсыз. Қазіргі кездегі қой шаруашылығы қандай күйде?

– КСРО кезінде Қазақстанда 50 миллиондай мал болса, оның ішінде қой 36 миллионға жетті, сиырдың өзі он шақты миллион, қалғаны жылқы болды. Қазір қойдың саны еліміз бойынша 18 миллионға жетіп еді, өзбектер бізден 2 миллиондай қаракөл қойын сатып алып өсіру үстінде. Олар кейінгі кезде біздегі қаракөл тұқымын қатты алып жатыр. Кезінде ауыл шаруашылығы министрі болған Ө. Шөкеев сырттан мал әкеліп, мал санын көбейтуді қолға алу керек деп, қойды 25 миллионға, сиырды 12-15 миллионға көбейтеміз деуі қуантқан. Алайда қазіргі басшылардың пікірі басқаша. Бізде сондай-ақ ірі қараның да тамаша тұқымы да бар. Қазақтың ақ бас сиыры және әулиекөл тұқымы да керемет. Ірі қараның бұл тұқымы біздік болғандықан ол табиғатымызға төзімді. Бұрынғы жылдары жерлікті қалмақ тұқымы деген болды. Бұл сиыр жайылымда тез семіретін ірі қара. Ол да кейінгі кезде азайып кетіп, кейінгі жылдары Ресейден әкеліп, өсіріп жатыр. Ал енді қой саны осыншалық азайып кеткені кеңес үкіметі құлағаннан кейін мал қадірін білмей кеткендіктен. Отар-отар қойлар жекеге таратылып, әр шаруашылықтағылар өз үлестерін алды. Жайылымда солай бөлініп, әркімге үлестірді. Еліміз тәуелсіз алғаннан кейін көп қиындыққа тап болғанда, қойдың құны шай-пұлдыққа сатылды. Жекеменшікке үлестірген мал әркімнің қолында қалған соң малдың қадірін кетіріп алдық. Іріленген шаруашылық ұсақталып, колхоз, совхоз тарады. Жайылымдар қысқарып, жекенің қолына көшті. Осыдан барып еліміздегі қой шаруашылығы күрт төмендеді. Жағдайымыз жақсарғаннан кейін қой шаруашылығын түзеу қиынға соққаны рас. Малды өсіретін малшылар бар да, жайлымға жері жоқ. Жекеменшікке өткен жерлерді иелік еткендер өз кәсіптерін басқаша құрып, мал өсіруге ынта –ықыластары өзгерген. Ал, малы барлар жер таппай жайылым болмағандықтан мал басын көбейте алмай жүр. Бұл үшін көп малға жайлым мәселесі шешілмей оны басын көбейту мүмкін емес. Қазақстанда жайылым жерлер жеткілікті болғанымен оны пайдаланбай жатқан бос жер қанша ма. Ол жекенің қолында. Олар оны малшыларға бере қоюуы екі талай. Ол үшін малшы мен жер иесі екеуі арасында келісім болуы шарт.

Мысалы, Моңғолияның 3 миллион үстінде ғана халқы бар. Жері шағын елдің 60 миллионға жақын қой мен ешкі өсірсе, оның 28 миллионы қой, қалғаны ешкі. Сиыр малы да көп. Сол сияқты Қытай елі де 87 миллион қойы, одан да көп ешкі өсіреді екен. Халқы көп ел мал санын көбейтумен қатар, бізден ет алуда. Демек көрші елге ет керек. Бұрынғы жылдары бізде жылқы саны 1,5-2 миллиондай еді, қазір соның төңерегінде ғана. Ірі қара саны 9-10 миллиондай болған болса, қазіргі кезде 6-7 миллионға түсіп кетіпті. Ілгерлеу жоқ. Оның себебі, біріншіден мемлекеттің мал басын өсіреміз деген талабы болғанмен оны ұйымдастыру мен қадағалау, нәтижені тексеру, реттеу жұмыстары жоғары деңгейде емес. Соңғы жылдары біздің қой мен сиырдың етіне сұраныс халықаралық деңгейде жүріп жатқаны белгілі. Ол үшін қойды өсіріп, уақытында сұранысты өтейтіндей дәрежеге жетуіміз қажет. Бұған біз дайынбыз ба, әрине жоқ. Бұл мәселені үкімет пен ауыл шаруашылық министрлігі, облыс және аудан басшылары мен фермелер бір қорытынды шығарып, жүйелі жұмыс жасауы керек дер едім. Бұған дейін ауыл шаруашылығына жасалып жатқан үкіметтен аз да болса көмек жасалғанымен мал басының көбеюіне әсері тым аз. Қой шаруашылығын көтеруге берілген қаржы да мардымсыз. Сонда да бөлінген қаражат тиімді жұмсалса, қойды тез өсіруге мүмкіндік болар еді. Ата-бабамыздың негізгі кәсібі төрт түлік мал екені ежелден белгілі және негізгі байлығы мал болып табылғандықтан малды өсіру мен көбейтуге қабілеттері жетеді. Оның үстінде кеңестік заманда қалыптасқан мол тәжірбиені қолға алған да дұрыс. Тек үкімет тарапынан жағдай жасалып жатса болғаны. Біздің мемлекеттің ішкі кірісінің 50-60 пайызы мал шаруашылығы пен егіншіліктің айналысынан пайда табуға жол ашылғалы бері тың серпілістер жоқ емес, бар. Мысалы қой етін Араб елдері мен Иран және Қытай елі аламыз деп құлшыныс танытуы ел экономикасын жақсарттары сөзсіз. Бірақ оны мал дәрігерлік, зоотехникалық жағынан ойластырып, барлығын халықаралық дәрежеге сай жұмыс жасалғанда ғана дұрыс іске асары сөзсіз. Ол үшін мал шаруашылығын өсіремін деушілерге үкімет жағынан қолдау көрсетіліп, мүмкіндік беру арқылы жүзеге асары анық. Мүмкіндік дегеніміз малға жақсы жайлым мен күтім және дұрыс бағу. Содан кейін көбейген малды сапалы түрде сату жолдары реттелгенде ғана жұмыс жүреді. Сонымен қатар қой шаруашылығына жаңа технологиялық ғылыми әдісті заман талабына сай еңгізу де маңызды рөл атқарады. Сонда ғана қой көбейіп, малды өсіремін деушілердің саны да артады. Мұндай адамдар ел арасынан табылып, еңбек етеді. Біздегі қой шаруашылығын дамыту- экономикамызды көтерумен бірдей.

-Қойдың етіне сұраныс бар, бірақ қандай қой тұқымын өсіру керек екендігін де білгеніміз жөн шығар?

– Әрине. Бізден басқа түркі елдерінде 60 миллионнан астам қойы бар. Олар қойды қысы, жазы бағып, қозы есебінен көбейтіп отырады. Халыққа керек кезінде сатып, табыс табады. Ал бізде ондай жағдай қалыптаспаған. Қойды бір жыл туғызып алып, тамыз, қыркүйек айларында сатамыз. Оны көбейтуді де ойлауымыз керек. Елдегі 16-18 миллион қой бұдан кейін қалай көбейеді? Қойды баққан адам жылына екі рет төлдеуту дәрежесіне жеткізуді де ойластырғанымыз абзал. Бірақ қалай? Оны мал баққандар біледі. Қойға

жақсы жайылым мен күтім, құнарлы жем-шөппен баққанда ғана көбейеді, өседі. Соның нәтижесінде еңбектің жемісін көре аламыз және табыс тауып, мал басын көбейтеміз. Оны ғалымдар, басшылар, фермелер бірігіп істегенде ғана іске асыруға болады. Қазақстанда қойдың жиырма шақты түрі бар. Солардың ішінде халықтың сұранысына ие етті тұқымдар да кездеседі. Сондай-ақ сұранысқа келе бермейтін қазағы бисары, жайдары, еділбай, баяғыдан бері өсіріп келе жатқан құйрықты қойлардың тұқымдары аз емес. Солардың ішінде құйрықты қойлардың кей құйрығы отыз келіге дейін тартса, кемінде алты, он екі келі тартатын құйрықты қойларды да өсірдік. Олар бізге керек пе. Мәселе сонда. Құйрықты қойларды алып жатқандар құйрықтарын кесіп тастап, жалаң етін алатындарда кездеседі. Ал құйрық қойлардың қадірін білгендер оны алады, білмегендер жемейді де. Құйрықтың пайдасын ата-бабамыз білген. Сол үшін өсірген. Ал елімізде қойдың қай түрін өсіруіміз керек деген сұраққа келетін болсақ, жердің табиғи ерекшелігін ескерген дұрыс. Дүниежүзінде алуан түрлі қой түрі кездессе, жүнді көп беретін, етті қабырғасына, арқасына жинайтын тұқымдарда баршылық. Олар бізде бар. Мәселе онда емес, әр тұқымның өзгешелігі табиғаттың ерекшелігіне қарай өсіргеніміз дұрыс деп санаймын. Осыны ескергенде ғана қой саны көбейіп өседі. Бірақ қой шаруашылығында әлі де шешілмей жатқан түйткілдер бар. Ол кезінде зерттеліп те қойған.

– Мал басын көбейтудің бұдан да басқа жолдары бар ма?

– Біріншіден малға жайылым мен құнарлы жем-шөп керек. Ол үшін мал өсіремін деушілерге жерді беріп, үкімет тарапынан қолдауы қажет. Бұрыңғы жылдары жерді жекеменшікке алып алғандардың мыңдаған гектар жайылым алқаптары пайдаланабай жатқаны белгілі. Оны игеретінін малшыларға берген дұрыс. Кезінде Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Жезқазған, Павлодардың оңтүстігінде жайылымдарға қой өсірген еді. Қазір осы жерде қой өсіре алмай жатыр. Өйткені жер басқа біреудің қолында болғандықтан оны пайдалану мүмкін емес. Қазақстанда 187 млн. га жайылым бар болса, оны 100 млн. бос жатыр. Міне осы жерлерге қой шаруашылығын дамытып көбейтуге толық негіз бар. Жайылымға су шығарып көркейтсе, малдың өсуіне негіз болады. Жайылымы жақсы жерде мал қашанда семіз, қойлары егіз табады. Жайылым мәселесі шешілсе, мал көбейеді. Бұл мәселе бес-алты жылдан бері айтылып келеді. Алайда шешімін әлі тапқан жоқ. Қой санының көбейту жолдарын біздің ғалымдарымыз әлде қашан дәлелдеген. Сол істі дұрыс жолға қойғанда ғана мал басы артады.

-Сіздің ғылым саласындағы қорғаған еңбегіңіз Қазақстан қой шаруашылығы саласындағы жаңа технология екен. Еңбек өз нәтижесін де беріпті.

– Кез келген ғылыми еңбек қоғамға қызмет ету керек. Ол қызмет етіп жатса, одан артық бақыт жоқ дер едім. Мен атақты ғалым Қилыбай Медеубековтың қарамағында 1968 жылдан бастап, 1973 жылға дейін жұмыс істедім. Ұлағатты ұстаздан көп нәрсе үйрендім. Мұнда Әбдірахман Еламанов деген ауыл шаруашылғы ғылымдарының докторымен бірге жұмыстар атқардық. Ол кісі менің Оралда жүргенімде еділбай асыл қой тұқымынан құрған зауытты көріп, екі рет болған еді. Сол еңбегімді бағалап, бірнеше рет мал шаруашылығы конференциясында айтып жүрді. Бірде Алматыдағы Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына келгін деді. Міне сол ғалым ағамызбен бірге мен қой ғылми-зерттеу институтында жаңа технология бөлімінің меңгерушісі болып екі жыл жұмыс істеуіме тура келді. Кейін сол жұмысымызды Ақсеңір қой совхозының директоры болғанымда іске асырдық. Ақсеңір тәжірибе шаруашылығында қойды топтап бағу жаңа технология әдісімен жұмысты алғаш бастау маған жүктелді. Жұмысымыз нәтижелі болып, оны Алматы облысының бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қолдаса, кейін Амангелді совхозында 30 мың қойды арнайы жем-шөп арқылы бағып, жаңа технологияны енгізген едік. Мұндай әдісті Ақсеңірде және Қастекте 15 мың қойды жем-шөп беру арқылы бағып, төлдетік. Шаруашылықтың жетістігін көрдік. Қастек қой совхозының директоры Мусин Еңбек Ері атанса, кейбір мамандар мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Облыстағы Мыңбаев, Ақсеңір, Амангелді, Қастекте қой шаруашылығын осылай дамып, жаңа технологияны ең бірінші жұмысы өндіріске осылай еңгізіліп, қой саны біз ойлағаннан артық көбейді. Жаңа өндірістің бас-қасында өзім жүрдім. Кейін зоотехникалық- малдәрігерлік институтқа келгенімде қой шаруашылығындағы жаңа технология саласы бойынша кандидаттық және докторлық қорғадым. Онда эсперттік кеңесінде 60 адам отыратын. Докторлық еңбегімді Новосібірдегі бүкілодақтық ғылым академияның сол жақта Сібір бөлімшесінің филалында қорғадым. Себебі Орта Азия менің қарамағымда болғандықтан Ресейде қорғауыма тура келді. Ол жерде мал шаруашылығының он екі иститут болды. Былайша айтқанда үлкен академия. Ал Орта Азиядағы елдердің зоотехник пен малдәрігерлік мамандық иелері ғылыми атақты бізде қорғады. Ғылыми атақты қорғау 10 жылға дейін қорғалмай келген екен. Мен иститутқа ректор болып келгеннен кейін бұл іс қолға алынды. Мәскеулік ғалымдар мені мал шаруашылығы саласындағы ЖАҚ-қа төраға етіп сайлағаннан кейін Орта Азиядағы барлық республика мен Қазақстан және Шығыс Қиырдағылардың бәрі кандидаттық, докторлықты бізден қорғауға мүмкіндік туды. Ал мен докторлықты Новосібірден қорғауыма тура келді. Себебі өзім еңбек еткен жерден қорғауыма рұқсат етілмеді.

– Өзіңіз құрған жаңа технология әдісі қой шаруашылығына қандай өзгеріс әкелді?

– Қойды өндірістік әдіспен көбейту яғни әр түрлі тұқымдарын топтап, бір отардан, кейін екі, үш, бес отар арқылы іріктеумен өсіру жұмыстары жүрді. Жұмыс әр кезеңмен атқарылып, бір бригаданың қарамағында істелді. Өндірістік әдіспен әр отарлы қойлар он күнде төлдеп, жұмыстың жеңілдеуіне мүмкіндік жасады. Төлдеген қозылар да біркелкі жетіліп, бір айға созылатын қой төлдету науқаны аз уақыт ішінде аяқталды.

Жұмыстың нәтиежелі болуы қойларды қолдан ұрықтандыру арқылы іске асырдық. Бір күнде екі жүз, бес жүз саулықты қолдан ұрықтандыру

жұмыстары жүрді. Екі-үш күнде бір отар саулық ұрықтандыру жұмысы аяқталса, 2000-3000 қойдың күйегі он-он бес күнде бітіретін едік. Ал олардың төлдеуі бір аптада аяқталып, жұмысымыздың нәтижесін күттік. Мұндай жұмыс Ақсеңір ауылында іске асты. Қолға алған ісіміз жақсы нәтиже берді. Мәскеуден арнайы комиссия келіп, көздерімен көрді. Кейін біздің жаңа технолгиялық жұмысымыз Ставрапольда, Краснодарда жалғасын тапты. Сонымен қатар мал бордақылау жұмысы да өз жетістігін көрсетті. Кеңес уақытында іріленген қой бордақылау кешендері салынып, 20-30 мың бас қойды етке өткізу ісімен айналысты. Олар ет комбинатында қабылданып, арнайы сою цехтарында іске асқаны белгілі. Қазір мұндай жұмыс істелмейді. Себебі іріленген бордақылау кешендері жоқ және де ет комбинаттары да жұмыстарын тоқтатып, келместің кебін киді. Біз етті сыртқа шығару үшін осындай қой бордақылау кешендерін қайда жандандырып, ет комбинаттарын да іске қосуымыз қажет. Бұл жұмыстарды үкімет жаңадан қолға алып жатуы қуанарлық жағдай.

– Мал мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны мен колледждерде жақсы маман дайындау қашанда мәртебе. Бұл жөніне не айтар едіңіз?

– Елбасы Н. Назарбаев та, Президентіміз Қ-Ж . Тоқаев та елімізде сапалы да білімді дұрыс мамандық беретін 20 жоғары оқу орнын қалдырып, оларға көмектесетін білім ошақтарын ашу керектігін айтқан. Олардан жақсы мамандар шығаруды тапсырған. 170-180 колледж ашу жоспарлансанса, олардың ішінде мал шаруашылығына керекті тері илейтін, жүнді тазартып, жіп иіретін мамандықты алып шығар еді. Тек оларға жағдай жасалып, жұмыс тауып беру керек. Кеңес заманында жүн тазалап, жіп иіретін, тері илеп тон жасайтын фабрикалар Жамбылда, Семейде, Ақтөбеде жұмыс істеді. Солар қайтадан ашылса жас мамандардың жұмыс табуына мүмкіндік туар еді.

Ал жоғары оқу орнына келетін болсақ, саны барда сапасыз білім ордалары көп. Мал дәрігерлері мен зоотехник мамандары бойынша білім алғандар дипломға ие болғанымен тәжірибе сынақтан өтпеуі мамандығын жетік білмеуіне әсер етеді. Ондай арнайы тәжірибеден өтетін орындар мен ғылыми зерттеу орындары жоқ болғандықтан олар заман талабына сай жұмыс істей алмайды. Кейбіреулері ғана ірі қараның тамырынан қан ала алады, ал кіші малдардан, яғни қоян мен құстардан қан ала алмайды. Осы жағдайда мал дәрігерлері өз қызметтерін дұрыс атқарып, істей алмайды. Әсіресе мал дәрігерлік мамандығының білімділігі мен білгірлігі малға келетін жойқын аурудан құтқару – маңызды да үлкен шаруа. Біз оқыған кезде Кеңес үкіметі бұған ежелден зор мән беріп отыратын. Малдың ауруы, індеті адамға көп жағдайда кері әсерін тигізеді. Еті, сүті және жүні, терісі мен елтірісі барлығы адам үшін. Сондықтан мал ауырмаса, дені таза болса, адамда ауырмайды. Бұл жөнінде мал дәрігерлік ғылымның негізін салушының бірі С.С. Евсеенконың айтқаны толық дәлел болады. «Медицина адамды емдейді, ал ветеринар – адамзатты індеттен тазартады, ада етеді» деген сөзі мал дәрігерінің есінен шықпауы керек. Бір кездері Алматыдағы ауыл шаруашылық институтта «Жаңашар» деген керемет ғылыми зерттеу орталығы болды. Онда ауыл шаруашылығы саласының мамандары үлкен сынақтан өтіп, білімдерін шыңдайтын. Оқығанын көзімен көріп, қолымен ұстайтын. Алған білімін тәжірибе жүзінде іске асыратын. Қазіргі уақытта мұндай талап жоқ және зертханаларда тым аз. Тек мен айтып отырған оқу орны емес, медицина саласында білім алып жатқандар да осындай жағдайды бастан кешіп жатыр. Онда да білім алып шыққандардың білікті маман дәрежесінде жұмыс істей алмауы аз кездеспейді. Жалпы білім саласында мамандық дайындау жұмысы сын көтере алмайды. Биыл ұлттық Аграрлы университеттің құрылғанына 90 жыл толады. Университет мен үшін қымбат. Себебі, өзім білім алған алтын ұям. Оқу орны Кеңес одағы бойынша ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны болды. Дайындаған мамандарымызды дүние жүзіндегі оқу орындары ішінде немістер мен басқалар да бізді мойындаған. 1988 жылы Одақтағы 110 ауыл шаруашылық мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары арасынан бірінші болып Орталық Комитеттің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Бұл дегеніңіз КСРО-ның аграрлы жоғары оқу орындарының бірі мұндай жетістікке жеткен емес және мұндай награда алғанда жоқ. Сондай дәрежеде мамандық дайындау үрдісі қазіргі кезде жалғасса, үлкен мақтаныш болар еді. Мал шаруашылығы мамандығын дайындауда КСРО-ның құрамында болған Литва, Латвия, Эстония, тіптен Белоруссия елдері бұл күнде Еуропаға кіріп кетті. Олардың мамандық дайындауы Берлиндегі 150 жылдық, мүмкін одан әрі тарихы бар Гумилев атындағы университетпен пара-пар. Университетте ауыл шаруашылығы және ветеринария факультеті білікті маман дайындауда үлгі аларлық. Мен ол оқу орнында кеңес уақытында екі рет болдым, керемет. Менімен бірге сол кезде Семейдің зооветеранария истутитутының ректорын және Шымкенттен Қ. Бішімбаев деген ғалымды ертіп барып, бес күн университетті араладық. Мақсатымыз олардың зоотехникалық және ветеринария жетістіктерін үйрену және жақсы жағын қабылдау болды. Университеттің айналасында қала полициясы мінетін 7-10 мың төңірегінде аттары бар екен. Аттарды қарайтын төрт қабатты жылқы емханасын да көрдік. Сиыр мен қой-ешкіні емдеу емханасымен таныстық. Ит пен мысықтың да емханасын көзіміз көрді. Біз барған кезде қазіргі еуро емес, неміс маркасы еді. Аурған ит пен мысықты алып қалып, емдеу үшін күніне 25 марка жұмсап емдегенін көргенбіз. Университеттің білім беру мен мамандық дайындауы керемет екеніне көзіміз жетті. Немістердің озық тәжірибесін біздің елге еңгізу туралы ауыл шаруашылық министрлігімен келісіп, қолға алуды біздер ойластырдық. Бірақ ол кезде елдің жағдайы көтермеді. Кейін екі жоғары оқу орны қосылып, ұлттық Аграрлы университет аттанған соң пайдаға аспады. Оның үстіне мал саны азайып, бұрыңғы іріленген шаруашылықтар тарап кетті. Іске асырамыз деген мал дәрігерлік емхана ауызша күйінде қалды. Немістердің осы озық тәжірибесін республикамызда қолға алуға толық мүмкіндік бар еді. Оған біздің ауыл шаруашылық саласындағы ғалымдарымыздың білімділігі мен ғылымдық тәжірибесі жететін. Амал не, мал басы күрт төмендеуі жақсы істі жаңғыртуға мүмкіндік бермеді. Өкінішке орай, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы да өзінің өркендеу кезеңін жоғалтып алды.

-Сіз Алматы зоотехнкалық-малдәрігерлік иститутта 13 жыл ректор болып қызмет еткен екенсіз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз?

– 1983 жылы Алматы облысының хатшысы едім, ауыл шаруашылығы саласын үйлестіру мен айналыстым. Бір күні республика басшысы Дінмұхамет Қонаев шақырып алып, мені институтқа ректор етіп жіберді. Димекең маған көп көмек берді. Соның арқасында оқу орны жақсы жетісікке жетті. Білім мен ғылымға жақын жастарға қолдау көрсетуім ғылым мен мал шаруашылығының дамуына өзіндік үлестерін қосты. 1975-1980 жылға дейін зоотехникалық- малдәрігерлік институтында кандидаттық, докторлық қорғау жұмыстары тоқтап қалыпты. Тіптен ғылыми атақты алу тоқтаған. Мен 1957 Алматы зоотехникалық- малдәрігерлік иститутты бітірдім де кандидаттық қорғайын деп әрекет еттім, бірақ болмады. Өзбекстанға барып, қорғайын десем ол жақта да жоқ болып шықты. Кейін 1975 жылы өзіміздік институтта рұқсат еткенде мен кандидаттық қорғадым. 1983 жылы оқу орнына мен ректор болып келгенде, бес-алты аспиратураны бітіргенімен әлі қорғай алмай жүрген жігіттер бар екен. Солардың он шақтысын өзім ЖАҚ-қа барып жүріп, кандидаттық қорғаттым. Үш жылдың ішінде 32 адам біздің иституттан және басқа жақтан келгендер ғылым кандидат атағын қорғады. 10 шақты адам доктор болды. Институтты басқарған 13 жылдың ішінде біздің оқу орында істеп жүрген мамандардың басқаларды санамағанда мал дәрігер мен зоотехник факультетте 25 адам ғылым докторы болды. 50-ге жуығы ғылым кандидаты атанды. Кейін олардың саны 100-ге жетті. Ол жылдары Одаққа 110 ауыл шаруашылық институттары қарады. Солардың ішінде біздің жоғары оқу орны олардың ішінде алдыңғылардың бірі болды.

– Еңбек жолыңызды өзіңіз таңдаған мамандықтан бастап, осы салаға бар ғұмырыңыз арнапсыз. Алпыс жылдан астам уақыт мал шаруашылығын өркендетуге бағытталған ерен еңбегіңіз ескеріліп, еленді ме? Осы жетістікке жетуге ықпал еткен кімдерді атар едіңіз?

-Біріншіден, мені өсіріп тәрбиелеген ата-анама және оқытып білім берген ұстаздарыма мың да бір рақмет! Елім үшін өмір бойы еңбек еттім, оны еленбей қалды деп айта алмаймын. КСРО кезінде «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен марапаталдым. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 4 рет КСРО көрмесінің күміс, 3 мәрте қола медалін иелендім. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін «Құрмет» орденімен, «Астана» және де басқа медальдармен марапаталып, А. Байтұрсынов атындағы алтын медальдың иегері атандым. Алматы облысы және Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының «Құрметті азаматы» атануым да сол көп жылдарғы еңбегімнің жемісі деп білемін.

Сұхбаттасқан: Жексен Алпартегі,

Қазақ үні

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

19 + 11 =