АЗАМАТ КЕЛБЕТІ

Бөлісу:

«Мен үшін «Рухани жаңғыру» – ұлы Абай. Абайдың 45 қара сөзін зерттеп, зерделеп, 45 монография шығарсақ, ұлттық идеология дегеніміз – осы»

Марат Тәжин

Азаттықтың алғашқы жылдарында айдындағы желкендей кеудесін мақтаныш кернеп, жүрегін үкілі үміт шабақтаған қабырғалы қазақ жұртының қуанышында шек жоқ еді. Ақыры ғасырлар бойғы аңсар мақсатына жетті, арман орындалды. Терезесі тең, керегесі кең тәуелсіз мемлекет орнату бақытына ие болды. Алайда, есі кеткен ескі жүйеден соны сорапқа түсу оңайға соққан жоқ. Білім мен білік сынға түскен заманға кезікті. «Бұлар өсер ме екен, өшер ме екен» деп анталаған, бір бармағын ішке бүккен бөтен пиғылдар бой көтерді. Соны аңғарған жұртымыз данышпан Абайдың: «Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып» деген ақылына жүгінді. Шілдей бытырамай, қырандай қырағы болуға бекінді. Ақыр соңында сол үде қазақтың бағын ашты.

Осы бір алмағайып заманда іс басында жүрген азаматтар қай салада да белсенділік танытты. Бел шешіп, білек сыбанып іске кірісті, жас мемлекеттің іргетасын қаласты. Оның қабырғасының берік, ғұмырын баянды ету жолында аянбай тер төгісті. Бұл кезең – тәуелсіздікке қол жеткізген қазақтың көңілі шалқыған, рухы аспанда шалықтаған ас та төк қуанышқа толы жылдары еді.

Сол тұста бүткіл ұйымдастырушылық жұмысты үйлестіру ісі – жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратына жүктелді. Ай санап демесек те, апта санап аппарат жетелі жігіттермен, қайсар мінез қыздармен толығып жатты. Соның бір дәлеліндей, интеллектуал, ғалым Марат Тәжин аппаратқа қызметке келді. Біз де сол ортада едік. Ол кезде Президент пен Үкімет аппараты бөліне қоймаған шақ.

Алғашында Марат Мұханбетқазыұлы аппараттың Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, артынан сол бөлімнің меңгерушісі, Президент аппараты басшысының орынбасары және Ақпараттық талдау орталығының жетекшісі болды.

Өз басым Марат Мұханбетқазыұлымен Ішкі саясат бөлімінің бастығы болғанда жақын араластым. Жалпы жаңа бастықтың мінезінен де, жүріс-тұрысынан да тектілік, дегдарлық аңғарылып тұратын. Оның біреуді мақтағанын да, мақтанғанын да көрген емеспіз. Естіген де емеспіз. Келген беттен ол өзінің іскерлігі мен ісмерлігіне тәнті етті, көптің назарына ілікті. Жұмысқа тиянақты, сөзі салмақты, кесек тірліктерге ғана мән беріп, ұсақ-түйекке көңіл аудара бермейді екен. Елдік іске келгенде әлемдік үлгілерді мысалға келтіреді, алға тартады. Кесек ойлап, кеңінен толғайды, арты мен алдына бойлап – әр нәрсенің астарын аңдап, зерделеп отырады. Қандай тақырыптың болса да ғылыми негізіне мән береді, саралайды, салмақтайды. Жаңа бастық бізді қатаң тәртіпке салды. Хаттарға қол қойдыратын уақытқа дейін кестеге енгізді. Сөйтіп, Бөлім жұмысына ғылыми жүйе енді. Бұл өзгерістер Марат Мұханбетқазыұлының білім деңгейінің биік, көзқарас көкжиегінің кең екенін айғақтап тұратын.

Білім дегеннен шығады, Марат Мұханбетқазыұлы тәуелсіздікке дейін еліміздегі іргелі экономикалық білім ордасы Алматы Халық шаруашылығы иниститутын тәмәмдап, қазіргі Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік университеттің аспирантурасын бітіреді. Соңынан философия ғылымдарының кандидаттығын қорғайды. Одан кейінгі жерде әлемдік деңгейдегі әлеуметтік сала бойынша ғылыми ізденістерін жан-жақты зерделей келіп, еліміздегі оқымыстылар арасында алғашқылардың бірі болып, әлеуметтану ғылымдарының докторы атанады. Бұл сөзсіз оның қарым-қаблетінің жан жақты, білімінің мықты, білігінің берен екенін дәйектеген мысал еді.

Бір жолы алқалы жиын өтіп, ел дамуының жайы қозғалып, тұралаған тұс, ілгері басқан іс сөз болды. Елбасының алға қойған міндеттерінен туындайтын тапсырмалар бойынша негізгі баяндаманы Марат Тәжин жасады. Жан-жақты барлап, кеңінен толғаған баяндамасында жас ғалымның азаматтық болмысы айқын аңғарылды. Жаңа заманның әлемдік экономикасы мен саясатын, оны өз еліміздегі нарықтық дамуға ұштастыру жолындағы ойлары орамды шықты.

Жиыннан қатар шығып келе жатқанымызда, Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрі, бурыл шашты Қаратай Тұрысов ағамыз таңғалғандай бас шайқай берген. «Қареке, не болды» деген сұрағымызға: «Апырмай, сендердің мына жігіттерің тым терең екен, тегеурінді екен! Түбі алысқа самғайтын азамат!» – деп, Марат Мұханбетқазыұлыға ағалық ықыласын сездіріп, шын сүйсініс білдірген.

Расында, ол кезде байтақ жерді мекен еткен жұртымызды қиындық қыспағынан шығару жолындағы Тұңғыш Президенттің жол-жобасын желіккен саясаттың жетегінде жібермей, халықты ертеңіне сендіре отырып, үмітін ояту жолындағы игілікті жұмыстар Марат Тәжиндей марқасқа жігіттерге жүктелген еді. Сол жүкті жолда қалдырмай, барар жеріне жеткізген азаматтардың үлгі істері бірте-бірте тарихқа айнала бастады.

Менің бір байқағаным – Марат Мұханбетқазыұлы ұраншылдықты, жалпылдаған жалаң пиарды жаны сүймейтіндігі. Әдетте ұраншылдықтың соңы науқаншылдыққа әкеліп соғатынын қызметкерлеріне ескертіп отыратын. Ұрандамай-ақ, айғайламай-ақ елдік істерді ақыл безбеніне салып нақты шешуге тырысатын, үнсіз ғана парасат пайымымен атқарып шығатын.

Тәжиннің бұл мінезі – дала қыранындай алысты болжайтын стратег тұлғаларға ғана тән қасиетті аңғартатын.
Қай жұмыста да ысылған іскерлігімен танылған Марат Тәжиннің содан кейінгі еңбек жолы биіктей берген… Президенттің мемлекеттік кеңесшісі, Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Президент Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының жетекшісі, Президенттің Ұлттық Қауіпсіздік мәселелер жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетін басқарды. Біршама жыл Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі болды. Ал, 2009-2014 жылдары аралығында Президенттің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, одан соң Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі болды. 2017 жылдан – Президент Әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары, Мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарды.

Марат Тәжиннің 1992 жылдан 2019 жылға дейінгі мемлекеттік қызметте жүріп елдігіміздің қалыптасуына, егемендігіміздің бекуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сөз ретінде бірден айтайын, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын мүлтіксіз орындау ісінде, ішкі бірлігімізбен қатар, әлемдік қауымдастыққа кірігу, билік пен зиялы қауым арасында дәнекер болу, қазақ дипломатиясының бекемдігі, әріптес мемлекеттер мен стратегиялық терең тамырластықты жалғай отырып, достық қарым-қатынасты нығайту, өзге де жұмыстардың алтын арқауына Марат Тәжиннің өзіндік қосқан үлесі мол, қолтаңбасы айқын. Тіпті Елбасының елдік жолындағы айнымас серігі, салиқалы сарбазы болды деуімізге – дәйегіміз жетіп артылады. Оған жоғарыда келтірген қызмет баспалдақтары мысал бола алады.

Отандық әлеуметтану ғылымының ізашарында Марат Мұханбетқазыұлы тұр десек, артық айтқандық емес шығар. Ол университет оқытушылығынан мемлекет және қоғам қайраткері, академик дәрежесіне көтерілген тұғыры мықты тұлғаға айналған азамат. Қатарымызда жүрген осындай азаматтың азаматтығын көре білу, жетістігіне қуанып, шыққан биігіне «бәрекелді» деп тілектестік білдіру – қайсымызға да кісілік парыз деген ойдамын.

Негізінде, «стратег» деген сөзді екінің біріне тели алмайсың. Бұл әр адамның алысты болжар болмысына қарай, ой әлемінің кеңдігіне, байламы мен пайым тұңғиығына орай айтылса керек. Ондай жандар төрт құбыланы түгендей алатын, ары мен барын ұлт ертеңіне бағыттайтын азаматтар деп білемін. Сондай адамдар ғана ұрпақ болашағына, оның рухани құндылығына, тіл мәйегіне, тарих тағлымына бой ұрып, жат ағымдардың тіміскі тірлігіне ақылымен, айбынымен тойтарыс беріп отырмақ.

Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз мемлекет дамуының сан саладағы бағыт-бағдарын белгілегені аян. Ол бағдарлардың жүйелі іске асуы Марат Тәжин секілді азаматтарға жүктелді. Сол бағдарлардың қатарында Елбасының «Тарих толқынында», «Мәдени мұра», «Ғылым қазына», кейінгі жылдарғы «Рухани жаңғыру», басқа да елдік іс-шаралар бар-ды. Ал, алғаш рет қазақ тіліне аударылған, әлемдік деңгейдегі іргелі еңбектер саналатын «100 кітаптың» тізімін түзген де Марат Мұханбетқазыұлы екені мәлім.

Қысқасы, мемлекетіміздің мәдени-рухани өміріндегі базбір тағдыршешті бағдарламалардың идеясын ұсынған Тәжин екенін біз жақсы білеміз.

2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек», деген ойынан өрбітіп, Марат Тәжин Мемлекеттік хатшы лауазымында жүргенде ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының қызметіне өзі басшылық жасады. Осы жылдары Тәжиннің «Нағыз ұлттық қадір-қасиет – нағыз ұлттық тарихтан басталады» деген тамаша сөзі зиялы қауымның әлі есінде.

Сол жылдары тарихшылар бас қосқан әйгілі жиында Марат Мұханбетқазыұлы тарихшылардың әдістемелік және тілдік жағынан өзгеру қажеттігін қадап айтқан еді. Алда тұрған міндеттердің қатарында жинақталған тарихи құндылықтарға сергек қарау, ұлттық әдет-ғұрыптарды зерттеу, тарихқа қатысты ғылым салаларын жүйелеумен қатар оны ұлт тарихына бет бұрғызу керектігін қозғады. Бұған қоса, «Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуы тиіс. Біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс. Қазақстан туралы біздегі және шет елдердегі тарихи материалдардың баршасын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлу өте маңызды», деп атап көрсетті. Тарихшылар қауымы Ортазиялық номадтық өркениетті зерттеудің маңыздылығын ескере отырып, қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрін зерттеуге күш салып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындау, тың тұрпаттағы тарих оқулықтарын жазу керектігін де алға тартты.

Бұл жиын – зиялы қауымды дүр сілкіндірген, тарихшыларды бір серпілткен маңызды жиын болғаны бәріміздің есімізде.

«Ұлттық тарихқа қызығушылық немесе немқұрайлылық – халық мәдениетінің айқын және нақты өлшемі. Өзінің өткенін ұмытқан қоғамды болашақ та ұмытады. Бейнелері бейберекет ауысып жатқан мына аса ауқымды әрі ұшқыр әлемдегі ең маңызды құбылнама мен адастырмас бағыт-бағдар – өзіңнің ата-бабаңның кімдер болғанын, мынау тарих толқынында өзіміздің кім екенімізді білу және ұмытпау» деген Тәжиннің тұжырымы бүгінде де өзекті.

Марат Мұханбетқазыұлы сан салалы қызметте жүргенде азат елдің кем тұсын толтырып, жоғын түгендеп, барын бағалауда, азаматтарды ардақтауда ұдайы сергектік көрсетумен келеді. Әсіресе ісімен үлгі, өнерімен өнеге, ғылым мен еңбектегі жетістіктерімен танылған саңлақ жастарға арналған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының да жолын ашқан біздің кейіпкер болатын.

Сыртқы істер министрі болып тұрған кезінде Тәжинге қайраткер дипломат Сайлау Батыршаұлының қазақ тілінің беделін өз елімізде ғана көтеріп қоймай, өзге жұрттарға да таныту мақсатында – әлдебір оқыс жағдайларға себепкер мемлекеттерге дер кезінде тапсырылатын нота қазақ тілінде болу керектігін ұсынғаны бар. Министр Тәжин бұл ұсынысты бірден қолдап әкетті. Тіпті Министрліктегі барлық жиналыстарды қазақша өткізіп, баяндамаларды мемлекеттік тілде жасау жөнінде дәйекті жұмыс жүргізгеніне біз өзіміз де куә болғанбыз. Әрине, өзге мемлекеттерге жіберілетін ресми құжаттардың қазақ тілінде болуы – кейбір мемлекеттердің қарсылығына да ұшырады. Тіпті соның салдарынан ұсынымдарымыз аяғына жетпей қалған жағдайлар да бопты. Әйтсе де қазақ тілі тұғырына мықтап қонатындығына, бұл бастаманың түптің түбінде жүзеге асатынына сенім бар. Оның бастау бұлағында Марат Тәжинннің тұрғанын келер ұрпақ біліп жүргені ләзім.

Халық көзі қырағы, алдыңдағы айна секілді, артық-кеміңді – бәрін де көріп біліп отырады. Біз білетін арадағы отыз жылға таяу уақыт ішінде Марат Мұханбетқазыұлы туралы көл көсір сөзді, марапат мақтауды әлі күнге ести қоймаппыз. Бұл біздің кейіпкеріміздің «Ұлық болсаң – кішік болға» табан тірегендігінен шығар. Болмаса Марат Тәжиннің бітім болмысы, қоғам дамуындағы қызметі, шыққан биігі, жеткен жетістігі, қайраткерлік қадамдары жайлы өзі көшін бастаған әлеуметтанушы ғалымдар, замандастары жазбайын деді дейсің бе. Ұсыныстар болған да шығар. Бірақ, кейіпкеріміздің табиғатындағы адами асыл қасиеті, қарапайымдылығы ондайға көне қоймаған секілді. Біз бұл жағдайды Тәжиннің ішкі мәдениетінің биіктігі, рухани жағынан кемеліне жеткендігінің жарқын көрінісі деп қабылдадық.

Тұңғыш Президентіміздің бір әдемі сөзі бар, ол: «Билік дегеніміз – бұл ең алдымен жауапкершілік», деп келеді. Рас, жауапкершіліктен артық не бар! Оны сезінген азаматтардың абройы биік, беделі зор. Олардың алдыңғы қатарында Марат Тәжиндей қарымды қазақ тұрғаны айдай шындық. Жастарға Тәжин әлемінен алар тәлім де, тағлым да молынан.

Ендігі жерде бұл үрдіс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы, яғни үш қанатты қағида: сабақтастыққа, әділдікке, елдің дамуы мен алға басуына ұштаса беретіні көңілге қуаныш ұялатады. Ол үшін «Тарихтың барлық кезеңінде даудан да, жаудан да қазақ ұтылса, тек бірлік пен татулықтың аздығынан ұтылады» (Н. Назарбаев) деген қағиданы темірқазық етіп ұстасақ ұтылмаспыз. Бұл ұстаным азаматтық қоғамға да, сол қоғамның азаматына да сын болмақ. Бұндай сыннан төрт аяғын тең басқан тұлпардай сүрінбей өткен азамат Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин деп білемін.

Әлібек Асқаров,

жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Ұлмекен 4 Желтоқсан, 2019 21:56 Жауап

    Мемлекетті өзгертуші қозғаушы күш,негізінен мемлекет белсендісі,ұлтжанды азаматы

Пікір немесе жауап жазу

он тоғыз + он бір =