Әбішев ісі: Адвокаттар судья Мекемтасқа қарсылық білдірді

Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ә.Ш.Шайхисламовқа

Сотталушылар И.Әбішевпен С.Түкиевтың қорғаушылары: А.Т.Құспаннан, Е.Макеновтен, М.Есқараевтан, А.Абдрахмановтан

Қ А Р С Ы Л Ы Қ

ҚР ҚПК-ның 87 бабы, 1 бөлігі, 6 бөлігіне сәйкес

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 28-бабы 5-бөлігі, 366-бабы 4 және 3 бөліктерімен сотталушылар И.Әбішев пен С.Түкиевке қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа төрағалық етуші Қ.Мекемтасқа қатысты келесі негіздер бойынша қарсылық білдіреміз:

Кеше, яғни 26.11.2019 жылы, қылмыстық істі зерттеу сатысында, қорғаушы М.Есқараев тарапынан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш берілген болатын.

Аталған негізбен өтініш беруге мына жағдайлар негіз болған:

И.Абишевке және С.Тукиевке ең соңғы рет тергеу судьясы К.Сарсекеевтің 2019 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысымен күзетпен ұстау бұлтартпау шарасының мерзімі 2019 жылдың 16 қыркүйегіне дейін созылған. Яғни, күзетпен ұстау бұлтартпаушарасының мерзімі 2019 жылдың 16 қыркүйегінің 00:00сағатына дейін созылған, және одан ары қарай мерзімі ұзартылмаған.

ҚР ҚПК-нің 152 бабы 4 бөлігіне сәйкес, егер күзетпен ұстаудың заңда белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін күдіктіні, айыптаушыны босату туралы не оларды күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы оларды өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағат ішінде іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға және прокурорға жолдайды.

Соған байланысты, 2019 жылдың 16 қыркүйегінің 00:00 сағатына дейін осы И.Абишев пен С.Тукиевке қарсы қылмыстық іс сот өндірісіне түсуі керек болатын.

Ондай жағдай орын алмаған соң ,2019 жылдың 16 қыркүйегінің 09:00 сағатында И.Абишевті және С.Тукиевті тергеу изоляторының бастығының қаулысымен күзетпен ұстау мерзімінің бітуіне байланысты босату керек болатын.

Процесс прокурордың 2019 жылы 16 қыркүйекте И.Абишев пен С.Тукиевті сотқа беру қаулысы, істің автоматты түрде соттың іс жүргізуінде деп тануға болмайды.

“Қылмыстық істі сот отырысына дайындау барысында қылмыстық-процестік заңнама нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы” Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 10 нормативтік қаулысының 2 тармағына сәйкес, соттардың процестік мерзімдерді есептеу кезінде қылмыстық істің келіп түскен күнін оның сот ісін жүргізуге қабылданған күнінен ажырата білгендері жөн.

Кеңсе қызметкері есептік-тіркеу жұмысын орындап, іс автоматты түрде бөлінгеннен кейін, қылмыстық іс соттың іс жүргізуіне түсті деп есептеледі, яғни біздің жағдайда іс жүзінде 17.09.2019 ж. түскені анықталып отыр!

Судья өз өндірісіне қабылдаған 2019 жылдың 20 қыркүйегінде шығарған қаулысында да, қылмыстық іс сотқа 17 қыркүйекте сотқа келіп түсті деп көрсетілген.

Яғни, 2019 жылдың 15 қыркүйегінің 24:00 сағатында, И.Абишев пен С.Тукиевтке қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасының мерзімі аяқталған кезде қылмыстық іс прокуратураның өндірісінде болған.

Онымен қоса, ҚР ҚПК-нің 319 бабы 5 бөлімінде былай көрсетілген:

“Судья қаулы шығару мен бір мезгілде айыпталушыға бұлтартпау шарасын қолданудың немесе қолданбаудың негiздiлiгi туралы және егер бұлтартпау шарасы таңдалса, оның түрiнiң негiздiлiгi немесе негiзсiздiгi туралы мәселенi қарауға, егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға мiндеттi”.

Яғни, бұл қылмыстық істі өз өндірісіне сот қабылдаған кезде, бұлтартпау шарасының мерзімін ұзартуға міндетті еді.

Бірақ, жоғарыда аталған қаулыға сүйенетін болсақ, сот И.Абишев пен С.Тукиевтің бұлтартпау шарасының мерзімін ұзартпаған.

Кейін, 2019 жылдың 30 қыркүйегінде істі алдын-ала тыңдаудан соң ғана сот И.Абишев пен С.Тукиевке қарсы бұлтарпау шарасының мерзімін ұзатқан.

Нәтижесінде, 16 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін И.Абишев пен С.Тукиевті тергеу изоляторына бас бостандықтарын шектейтін бірде бір қаулы болмаған, яғни заңсыз ұсталған.

Осы негіздер бойынша  қорғаушы Есқараев тарапынан берілген барлық қорғаушылар мен сотталушылар тарапынан қолдау тапқан өтінішті қараған судья Қ.Мекемтас, өтінішті негізі бойынша қарамай, яғни қорғаушылар тарапынан жарияланған өтініштің нақты негіздеріне қарсы уәж келтірмей, оның үстіне қорғау тарапына аталған Қаулыға шағым келтіру құқығын бермей, қанағаттандырудан бас тарту туралы Қаулы шығарған. Сол арқылы, іс жүзінде қорғаушылар мен сотталушылардың қорғану құқығын шектейтін, көрінеу заңсыз шешім қабылдаған. Ал, ҚПК  344-бабы, 2  бөлігіне сәйкес «Iстi тоқтату туралы, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы, бұлтартпау шарасын таңдау, өзгерту немесе оның күшiн жою туралы, қарсылық білдірулер туралы, сараптама тағайындау туралы қаулылар және жекеше қаулылар кеңесу бөлмесiнде шығарылады және жеке құжат түрiнде жазылады.

Ал, 415 баптың 3 бөлігіне сәйкес (сөзбе-сөз) «Бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулылардан басқа, сот талқылауы барысында шығарылған, осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер жөніндегі, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіп сақтауға қатысты қаулылар осы тараудың қағидалары бойынша қайта қарауға жатпайды» - деп нақты көрсетілген!

Судьяның бұл әрекеті сөзсіз іс бойынша оның мүдделілігін, қылмыстық істі біржақты айыптау бағытында қарап жатқанын дәлелдейтін жағдай.

Ал, ҚР ҚПК-ның 87 бабы, 1 бөлігі, 6 бөлігінің талаптарына сәйкес ондай жағдайлардың анықталуы істі қараушы судьяны шеттетуге әкеп соғады.

Осы аталғандардың негізінде, ҚР ҚПК-ның 87 бабы, 1 бөлігі, 6 бөлігін басшылыққа ала отырып:

С Ұ Р А Й М Ы З :

1. Осы қылмыстық істі қараудан судья Қ.Мекемтасты шеттетуді.

2. Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының құрамында қазақ тілін  білетін басқа судьялардың болмауы себепті, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша объективтілігі мен сауаттылығы күмән тудырмайтын, заңгерлер қауымының зор сеніміне ие болған, Алматы ауданы №2 аудандық сотының  судьясы А.А.Амиргалиевты осы сотқа алдыртып, істі қарауды сол судьяға тапсыруды.

А.Құспан

Е.Макенов

М.Есқараев

А.Абдрахманов