Мырзагелді Кемел: Ислам Әбіш мемлекеттің мүлкін қорғаушы ретінде тарихта қалады

Кеше, 26 қараша күні наурыздың 14-ші жұлдызында қамалған Су ресурстары комитетінің төрағасы

Ислам Әбішевтің сотында қатысқаннан кейінгі хат:
Ислам інім!
8,5 ай болды, Сізді нақақ жаламен тергеу изоляторында ұстағалы.
Сізге тағылған айып - пара алуға оқталғаны деп аталса, оған ешуақытта келісетін себеп жоқ екенін Өзіңіз және білімді, білікті адвокаттарыңыз дәлелдедіңіздер. Жаныңыздағы спортшы Тукиев сізге қосымша болу үшін ғана отыр.
Қойылған айып – шалажансар құрастырылғандықтан қоғам алдында әшкере болды. Бұл сот процесінде ондаған рет дәлелденді және оған соттаушы судья мен айыптаушы прокурор ешқандай қарсы пікір айта алмай, «тексереміз, салыстырамыз» деп құтылуда. Бұлар әділет үшін берген антын, өздерінің ары мен ұятын жүйенің жемқор тарапына құл болуға айырбастағандар екенін көрсетті.
Сіз мемлекеттің мүлкін қорғаушы ретінде тарихта қаласыз, оған көзі ашық, көңілі ояу, шыншыл адамдардың бәрінің көздері жетті.
Бұдан былай істі соза беруде ешбір мағына қалмаса да, істі бастаған, дәлелдер келтіргенсымақ болғандар ұтылды, ел алдында масқара болуда және бұл оқиға тарихтағы «қара таңба» ретінде әлі талай сөз болып, оқулықтарға енері хақ. Тапсырма беріп, тасада тұрғандардың аттары да аталар әлі. Олар оп-оңай қолдарына алғалы тұрған мол табысынан айрылып қалғанына ызалы шенеуніктер. Сізді қаралап арыз жазуға, өзі сотқа тартылған адамды таңдағанда, заң алдында жауапкер, ниеті таза емес, құрбандыққа өз еркімен баруға мәжбүр адамды тапқан. Барлығы ойластырылған, бірақ ақшаны берудің жолы жабық болған.
«Мен Өскеменнен өзгеріп оралдым» деп едіңіз. Рас еді. Таза едіңіз.
Ауыр салаға келгеніңізде, Сізді танып, бағалап кемеңгер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдады. Бұл – үлкен жетістік. Елбасының өзінің серіктес азаматтарын шақырып: «Мен Президенттік лауазымнан бас тартқалы отырмын», - деген күні Сізді ұстап әкеткені – бұл істің алдын-ала ойластырылып, 4-5 жылдан бері өшігіп жүргендердің ісі екеніне дәлел. Олар нақ сол күні жасауға асыққаны сонша, берілуі тиіс пара адреске жетпей тұрып, қамау мен тергеуді бастап жіберіп, бүгінде масқарасы шығып отыр. Пара бар, берген адам да, алған адам да жоқ. Бұл – Жақсыбек Күлекеевтің «пара алуынан» да дөрекі түрдегі озбырлық.
Сіз осы 260 күн ішінде Өзіңізді сабырмен, әдеппен, иманды ұстап келесіз.
Дегенмен шаршағаныңыз жабырқаулы жүзіңізден көрінгенде бұл процесс тезірек бітсе екен деп тілеп жүрміз. Өйткені тапсырмамен (тапсырыспен емес), арнайы, қасақана ұйымдастырылғаны көрініп тұрған бұл істе сот пен прокурор тарапынан қалайда соттауға (жазығыңыз жоқтығын біліп тұрса да) бет алғаны анық. Өйтпесе тапсырманы орындамағандар ретінде жұмысынан айрылады.
Сіз екеуміз ағайындас болғандықтан ғана немесе екеуміз де аграрлық экономика салаларын жетік білгендіктен ғана емес, Сіздің адалдығыңызға, шыншылдығыңызға, мемлекет ісіне әбден берілгендігіңізге риза болғандықтан да мен сізбен біргемін. Бір мақаламда Ғабит Мүсіреповшілеп: «Ислам жау болса, мен де жаумын» дегенмін.
Шын достық пиғылым – осы! Бұл – менің діңгекті ұстанымым!
Мен Сізге сенемін!
Сіз – отбасыңызға, бізге, елге керексіз. Денсаулыққа қараңыз. «Нар түйеге оқ тисе, Жай түйедей бақырмас, Артқы аяғын бір сілкер,- дейді Адайлар. Осы қалпыңызда өзіңізді сақтаңыз. Жігеріңіз жасымасына сенеміз. Біз – сізбен біргеміз! Шыдаңыз. Жеңіс – біздің жақта.
Ағаңыз Мырзагелді КЕМЕЛ

26 қараша 2019 ж.