Мамандар шеттілдік терминдерді игерудегі сәтті тәжірибемен бөлісті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазіргі терминология: ұлттық немесе жаһандық» тақырыбында әдістемелік онлайн-семинар өткізді.

Әдістемелік онлайн-семинардың өзектілігі қазақ терминологиясын ғылым тілі ретінде қалыптастыру, терминдерді жүйелеу және біріздендіру, бірнеше баламасы қатар қолданылып жүрген шеттілдік терминдерді игеру мәселесін шешуге негізделген болатын.

Қазақ терминологиясындағы ұлттық сипат пен жаһандық мәселелердің аражігін ашу, шеттілдік терминдерді игерудегі сәтті тәжірибемен бөлісу онлайн-семинар баяндамашыларының басты тақырыбына айналды. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, Ресей табиғаттану академиясының академигі, м.ғ.д. Б.Түсіпқалиев Медицина саласы бойынша қазақ тіліндегі терминдердің сапасына қатысты баяндама жасады. Баяндамашы жоғары медициналық оқу орнындарының студенттеріне арналған мемлекеттік тілдегі оқу-әдістемелік құралдарға шолу жасай келіп, салалық терминдердің әркелкілігін атап өтті. Кейбір сөздіктердегі жекелеген терминдердің баламалары ұғымды дәл аша алмайтындығын айтып, медициналық терминдерді қайта қарайтын мезгіл жеткендігін баса айтып ойын қорытты. Сондай-ақ, медицинаның «Педиатрия», «Терапия», «Акушерлік пен гинекология» және басқа да салалары бойынша сала мамандары мен тіл мамандарының басын біріктіріп, сөздік жасайтын кез келгендігін тілгі тиек етті.

Ал жазушы-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты К.Әлпейісова «Телевизия – тіл дамыту құралдарының бірі» тақырыбында баяндама жасап, теледидардан берілетін көркемдік құны төмен, тілі сақау, тәрбиелік мәні жоқ ақпараттың орасан зор зияны барына тоқталды. «Хабар жасаушылар көрермендердің білімді, көрген-түйгені көп бөлігінің деңгейіне бағдарланса, эфирден айтылар сөзде олқылықтар да аз болар еді»,- дей келіп, теледидардан берілетін ақпараттарда сауатсыз сөйлеу, түрлі жиындардың тақырыбын, халықаралық ұйымдардың, қабылданған заңдардың атауын дұрыс айтпау сияқты жайлардың жиі кездесетінін сынға алды.

Баяндамашының «Қанша бақсаң да семірмейтін малды, ет қоспайтын, жүдеу адамды сөз еткенде «шыр бітпейді» деген тіркес пайдаланылады. Яғни, «май бітпейді», «толмайды» дегенді білдіреді. Жүргізушілердің «шаруаға шыр бітпейді», сондай-ақ, «таразы талқысына салайық» (ой талқысына емес) деп қолдануы фразеологизмдердің түпті мағынасын түсінбеуден («Қазақстан») деген пікірімен келіспеуге болмас.

Ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы оқытушысы Болат Жексенғалиевтің «Қазақ фонетикасы терминологиясындағы игі дәстүр және халықаралық терминдерді қолдану мәселесі» тақырыбындағы баяндамасында қазір қазақ фонетикасындағы терминжасам мәселелеріне тоқталады.

Баяндамашы күні бүгінге дейін халықаралық термин сөздердің айтылымы, жазылымына қатысты нақты ұстаным мен бағыт болмай келгендігін айта келіп, терминжасам процесінде төл сөздерге басымдық берілу керектігіне тоқталады, халықаралық сөздер төл термин тұрақтағанша қатар жүретінін ескертеді.

Онлайн-семинардың баяндамашылары нақты салалардағы жекелеген терминдердің әртүрлі баламада қолданылу фактілеріне тоқталып, авторлық қолданыстағы сөздер мен терминдерді ең дұрыс нұсқа деп есептеудің ұлттық терминологияны жетілдіруге тигізетін әсері мен салдарын талқылайды.

Сондай-ақ семинарда сала мамандары мен жұртшылыққа әдістемелік жағынан қолдау көрсету көзделеді.

Іс-шараны сала мамандары, филологтар мен жоғары оқу орнының студенттері, жалпы жұртшылық termincom.kz сайтының ютубтағы каналынан көре алады.