Хан қызындай Ханбибі

1082
1
Бөлісу:

Ақын ханбибі Есенқарақызы 70 жаста!

Еліміздің үшінші мегаполисі атанған шырайлы Шымкентте ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті ақын, жазушы Ханбибі Есенқарақызының 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.

Айтулы мерекеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтармен қатар, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен, ҚР Парла­менті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов және де Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Хан­бибі Есенқарақызының шығарма­шылығы шетелде де кеңінен танымал. Сондықтан болса керек, ме­рейтойға Қазақстанның ғана емес, Өзбекстанның, Қырғызстанның және басқа да түркітілдес елдердің зиялы қауым өкілдері келіп, ақын абыройын одан әрі асқақтата түсті.


Шығармашылық кеш алдында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз – конференциясы өтті. Сонымен қатар, тақырыптық кітап көрмесі қойылып, ақынның 10 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты. Аталмыш еңбекке ақынның саяси қуғын-сүргін құрбандары мен мәдениет қайраткерлеріне арнал­ған шығармалары енген. Оқыр­ман қауымға берері мол осынау туындыны жазуға ол елу жылын сарп еткен. Кеш аясында «Сыр шертемін ешкімге айтылмаған…» атты ақынның өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін бейнефильм көрермен назарына ұсынылды.
Ақын мерейтойына арналған шығармашылық кеш барысында шаһар басшысы Ерлан Қуанышұлы халық жазушысының қазақ әде­биетіне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, бүгінгі мерейлі ме­рекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
« – Сізді әдебиет әлемінде жақ­сы танимыз. Сіздің өлеңдеріңіз­ден тек ақындығыңыз ғана емес, отан­сүйгіш қасиетіңізді байқаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасуына да қосқан үлесіңіз орасан. Қазақ әдебиеті арқылы елімізге баға жетпес еңбек сіңіріп келесіз. Қанатыңыз ешқашан талмасын», – деді Ерлан Қуанышұлы.
Қайырымды қаланың ыстық ілтипатына бөленген кеш иесі де руханиятқа толы әңгімелерін айтып, келген қонақтарға жылы лебізін жеткізді.
Төменде мерейтой иесінің оқыр­ман­­дарының ыстық ықыласына бөленген жүрекжарды жырларының бірқатары ұсынылып отыр.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Ханбибі Есенқарақызы

Төгілмеді, сөгілмеді сырларым

Төгілмеді, сөгілмеді сырларым,
Шеше алмадым жыр-сәбидің құндағын.
Әзер жеткен аузы көкке бұл қыстан,
Жетім қозы сияқтанып тұрғаным!

Бой алдырып – берілген соң тұрмысқа,
Ақын үшін жатпай ма үлкен қылмысқа.
Кешірер ме, жазылуға тиісті –
Жазылмаған бір кітабым бір қыста!

Ұмыт болар былтыр жауған ақ қардай,
Ұмыт болар асқа тартқан көкпардай.
Ұмытылар, ұмытылар бәрі де,
Тарих жұтқан түпкі атамыз – Сақтардай!

Өзіңді емес, ұятыңды дарға асып,
Өтіп жатыр, өлермен күн жалғасып.
Өтіп жатыр ақ пен қара, бай-кедей,
Өтіп жатыр күн мен түндей алмасып!

Ақын жаны – сабаңа түс, көп қызба!
Өмір айтар күнәлі ма , пәкпіз ба?
Кім біледі, не сыйларын келер күн,
Келесі қыс бармыз ба, әлде жоқпыз ба?!

Періште емес – пендемін

Періште емес – пендемін,
Мәңгі емеспін – демдемін!
Көрдім талай мықтының,
Мықыны көктен келгенін!

Періште емес – пендемін,
Көкте емеспін – жердемін.
Бағаламас бақырға,
Бақ қонғанын көргемін!

Тасасында иықтың,
Шындыққа бас иіппін.
Шаужайына жармаспай,
Үзеңгісі биіктің!

Арман – өлмей, көктедің,
Сезімімді шектедім.
Шотын шауып біреудің,
Көтермедім кетпенін!

Періште емес – пендемін,
Астана емес – елдемін.
Билік айтпай – қоқаңдап,
Жәй жүрсем де – өлмедім!

Өлең жайлы

Мүсіндедім, теңедім…
Қалжырадым, қажыдым!
Ішімде өлді өлеңім,
Бар-ды қандай жазығым?!

Шашырады, ой кетті,
Шабыт тақтан құлады !
Сиқыр сезім сөйлетті,
Соқыр көзім – жылады !

Жуаспын ба, затымнан,
Жұрт дегенін істеді…
Мен аунадым атымнан,
Өлең ерден түспеді!

Бұйырмаған жалындау,
Болмаған соң «ардақты».
Өмір мұңы қалыңдау,
Өлең жүгі – салмақты!

Ажалым да ғажабым –
Өлең,сені аңсадым!
Тартасың-ау азабын,
Кімді сүйсең – дәл соның!

Өлең – таққа мінбеді,
Өлең – Орден тақпады!
Өмірде осы күрделі –
Сүйді мені! Сақтады!

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу

жиырма + 12 =