Латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы: орфография мен орфоэпия

Қазіргі таңда қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі еліміз үшін өзекті болып отыр. Жазу – күрделі процесс. Өйткені жазу арқылы ел сауаттанады, тіпті экономикалық жағынан өркендеп дамуына да жазудың тікелей ықпалы бар. Әсіресе мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннен бастап сауаттанатын болғандықтан әліпби түзуде де, емле ереже жасауда да жазуға оңай, танымға жеңіл болатындай етіп асықпай, нақты қадам жасау қажет.

Жалпы жазуды орфографиялық норма жүйелейтін болса, ал сөйлеуде орфоэпияның орны ерекше. Яғни латын жазуына көшуде орфографиялық және орфоэпиялық норманың сақталуына баса назар аударған жөн.

Орфография дұрыс жазуды жүйеге келтіретін болса, ал орфоэпия дұрыс айту, дұрыс сөйлеудің нормасын қалыпқа келтіреді. Яғни тіліміздегі барлық сөздер жазылым бойынша айтылмайды және айтылымына қарап жазылмайды. Сондықтан жазбаша кодты ауызша кодқа, керісінше ауызша кодты жазбаша кодқа ауыстыру қажет. Осы орайда қазақ тіл білімінде орфографиялық және орфоэпиялық норма қалыптасқан. Жалпы сырттай қарайтын болсақ жазылым мен айтылымның арасында айырмашылық жоқ сияқты көрінеді, алайда жазылым мен айтылымның арасында өзіндік ерекшелік бар. Жазылым хатқа түскен, оқылымға негізделген болса, айтылым естілімге негізделеді. Яғни жазба тілдің өзіндік жүйесі болады. Жазудағы мақсат тек қағаз бетіне түсіру емес, айтылар ой мен сезімді орынды, әрі дәл жеткізу болып табылады. Сондықтан жазылым мен айтылымды шатастырмай өз орнымен қолданған жөн. Мысалы біз басшы деп жазамыз да, башшы деп айтамыз, жақсы көру деп жазамыз да жақсы гөру деп айтамыз. Яғни жазылымда жазылымға тән норма қалыптасатын болса, ал айтылымда үндестік заңы мен интонация негізгі рөл атқарады.

Жазба тілде жазылған мәтінді қайта қарап түзеуге мүмкіндік болады, ал ауызша сөзде ондай мүмкіндік жоқ, яғни қалай айтылса солай қабылдаушыға жетеді. Осы орайда дұрыс сөйлеуге дағды қалыптастырып, машықтанған адам ғана орфоэпиялық нормаға сай сөйлеп, ойын жеткізе алады. Қазіргі жастар тілінде орфоэпиялық норманың бұзылып жатқандығы ғалымдарды алаңдатып отыр. Өйткені жастар тілі жазба тілмен сөйлеуге машықтанған. Көбіне телеарналардағы журналистерді тыңдайтын болсаңыз, орфографиямен сөйлеуге бейім тұрады.

Ғалымдар қазақ тілінің ауызша сөйлеу нормасының бұзылуы хат танығаннан басталатындығы, яғни мектеп қабырғасында орфография мен орфоэпияны ажырата алмайтындығы немесе тек теория жүзінде ғана білетіндігі, сондықтан мектеп оқушыларының 80-90 пайызы орфоэпиялық норманы білмейтіні белгілі болып отыр. Тіпті жоғары білімі бар журналистер тілінің кейде бұзылып, дұрыс сөйлеуге машықтанбауы байқалады. Профессор Н.Уәли: Бүгінде радио, теледидар, қоғамдық орын, мінбелерден естілетін сөздердің жартысынан астамы «жарымжан» сөзге айналуда. «Жарымжан сөз» деп теле-радио шешендерінің, кадр сыртында сөйлейтін журналистердің, театр сахналарындағы актерлердің қағаздағы мәтінді әуелі ауызша тілдің

айтылу сазына салып алмай, бірден, сол қалпында айна-қатесіз, «әріптеп» оқуын айтып отырмыз. Осыдан барып естілген сөздің қағаздағы тұрпатын көрмесе, берілетін ақпараттардың мазмұны түгіл, дыбыстық жамылышын құлаққа сіндіре алмай (психикадағы дыбыс қорымен сәйкеспей), әрі-сәрі болып отыратын кездер жиілейді», – деп қазіргі орфоэпиялық норманың бұзылып жатқандығын, осыдан туындайтын қауіпті айтып отырғандығы көпшілікті алаңдатады. Сол себептен ең алдымен мектеп оқушыларының сөйлеу мәдениетіне мән беріп, дұрыс жазу мен дұрыс сөйлеуге машықтандыру қажет. Тіпті ондай болмаған жағдайда ең алдымен оқу орнындағы журналистер тілін ең алдымен жөндеу қажет. Өйткені телеарнада сөйлеп тұрған журналистерді миллиондаған адам тыңдайды. Сондықтан осы жағына аса мән беруіміз қажет.

Жалпы орфоэпиялық норма дыбыстан бастап мәтінге дейінгі аралықты қамтиды. Орфоэпиялық норманың сақталуы үндесім заңы арқылы көрініс табады. Қазақ тілі үндесім заңына негізделген тіл екенін профессор Ә.Жүнісбек эксперименттік зерттеулер арқылы көрсеткен болатын. Яғни тілдегі дауысты дыбыстардың және түбір мен қосымшаның жуан не жіңішкелігіне қарай бір-бірімен үндесіп, үйлесіп бейімделе айтылуы: ауылдың, көпшіліктің, далаға, жүрегі. Алайда кейде тілімізде мұндай заңдылыққа бағынбайтын да тұстары бар. Мәселен, Күләшқа – Күләшқа, Жәмилаға – Жәмійләға т.б. дегенде айтылым кезінде түбір мен қосымша аралығында үндесім заңының сақталмауы көрінеді. Сонымен қатар шай – шәй, жай – жәй, жайлау – жәйлау, шашбау – шәшпау т.б. деген сөздерде жазылымда жуан болғанымен, айтылымда жіңішкеру байқалады. Сондай-ақ орфоэпиялық норма бойынша сөз аяғында келетін тіл алды н дыбысы қосымшаның басқы б дыбысының әсерінен м дыбысына алмасып айтылады: жанбады – жамбады, сенбеді – сембеді, қанбады – қамбады және сөз аралығындағы мүмкін бе – мүмкүм бе, он бір – омбір, он бес – омбес, тоқсан бір – тоқсамбір, күнбатыс – күмбатыс т.б.». Алайда қазіргі кезде жазылымына қарай сөйлеу де орын алып келеді.

Осы орайда айтарымыз орфография мен орфоэпияда өзіндік қалыптасқан жүйе бар. Яғни орфографиядағы мақсат ықшам әрі түсінікті жазуда болса, ал орфоэпияда дұрыс сөйлеу, әрбір дыбыстың үйлесіп айтылуына мән беру қажеттілігі туындайды. Мұның барлығын орфографиялық және орфоэпиялық ереже мен анықтағыш жүйеге келтіріп отырады. Мысалы сөздердің дұрыс айтылу нормасы: сауынға – сауұұңға, боз жорға – божжорға, мұзжарғыш – мұжжарғыш, күнкөріс – күңгөрүс, жұмысша – жұмұшшұ т.б сияқты болса, ал тіркестер аралығында: күн көру – күң͡ гөрүу, қақпан құру – қақпаң͡ ғұрұу, жирен қасқа – жійрең͡ ғасқа, қайран қалу – қайраң ғалұу, түнге қарай – түңгө ͡ ғарай, көз жасы – көжжасы т.б. Мұндай орфоэпиялық норманың үлгілері «Орфоэпиялық сөздікте», «Орфоэпиялық анақтағышта» беріледі. Қорыта келгенде, латын графикасына негізделген жаңа әліпбимен жазған кезде орфография мен орфоэпиялық норманың сақталуына, яғни сауатты жазып, сөйлеуге мән берілу керек. Әсіресе жас буынның санасына қазақ тілінің төл табиғи болмысын сіңдіріп, дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуға мән берілген жөн.

A.Аманбаева,

филология ғылымдарының кандидаты,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,

фонетика бөлімінің меңгерушісі