ШЫМКЕНТТІҢ 2200 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БЕКІТІЛЕДІ

Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар қала екенін ресми бекітуге аз уақыт қалды. Жаңа жылға дейін ЮНЕСКО арнайы шешім қабылдаса, келер жылы бұл тарихи дата кең көлемде атап өтіледі.

Бұл туралы үшінші мегаполисте өткен «Шымкент қаласының  тарихы мен өркениеті» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда археолог-ғалым Бауыржан Байтанаев айтты. Ол өзіне осы мәселеге байланысты көптеген сұрақтардың қойылатынын, Түркістан мен Тараз қалаларының тарихи жылнамасымен салыстыратынын да баяндады.

– Шын мәнісінде Түркістан қаласына да 2200 жыл толып отыр. Оны марқұм археолог-ғалым Ерболат Сманқұлов  Күлтөбенің астынан қазған тарихи деректерімен, дәйектерімен дәлелдеп кеткен. Ал Шымкенттің Нуджикент және Исфиджаб деген екі тарихи атауы болған, - деді Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт директоры Б.Байтанаев.

–Бүгінде әлемде тұрғын саны миллионнан асатын қалалар саны 389-ға жетеді. Жер шарында миллионер қалалары көп елдердің көшін Қытай бастаса (96 қала), одан кейін Үндістан (37 қала), Бразилия (17 қала) мен Ресей (15 қала) тұр. Ал көрші Өзбекстан Ташкентімен 43-орында тұр. Біз Алматы, Астанамызбен 31-орында болсақ, енді миллионерлердің қатарына Шымкенттің қосылуымен бұл тізімде жоғары көтерілетініміз анық, - деді қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева.