«XXI ҒАСЫРДАҒЫ АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

385
0
Бөлісу:

23 қараша күні «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен Тараз қаласында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының екінші кезеңі өтті. Шараға алаштанушы ғалымдар, «Ақ жол» партиясының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Байқауды «Ақ жол» партиясы төрағасының кеңесшісі Амантай Шәріп алғысөзімен ашып, алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау болып табылады. «Алаш қайраткерлерінің мемлекеттілік туралы идеяларының қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығы», «Алаш ұстанымы және бүгінгі ұлттық экономика мен әлеуметтік саланы жетілдіру мәселелері» және «Ұлы Дала жетістіктерін зерделеудегі Алаштың рухани мұрасының орны» тақырыптарымен 3 номинация бойынша Қазақстанның әр аймағынан 27 қатысушы бақ сынады.

Әділ қазылар алқасының таңдауымен «Алаш қайраткерлерінің мемлекеттілік туралы идеяларының қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығы» номинациясы бойынша Көкшетау қаласынан Уәлиев Талапкер Асқарұлы, түркістандық Сансызбай Жадыра Мырзабайқызы, Атыраудан Тұржанова Сайрагүл Саматқызы, Талдықорған қаласынан Айнұр Төлеу және Тараз қаласының тұрғыны Рахат Тобаджанов арнайы марапатталды.

«Алаш ұстанымы және бүгінгі ұлттық экономика мен әлеуметтік саланы жетілдіру мәселелері» номинациясы бойынша Қарағанды қаласынан Рымқұлова Айкүміс Дәуренбекқызы, Ақтаудан Идаев Жалғас Еркінбекұлы, Кенжебек Сержанұлы, павлодарлық Шарапат Тәтіш те үздіктер қатарынан көрінді.

Сондай-ақ, «Ұлы Дала жетістіктерін зерделеудегі Алаштың рухани мұрасының орны» номинациясы аясында Тараз қаласынан Талап Шымырбаев, Гүлнұр Бекбай, Орал қаласынан Динара Сисенова, Ақтаудан Мұстафа Шохаев және қарағандылық Гүлден Амангелдіқызы үздік деп танылды.

Сонымен бірге, Алматы қаласынан Дүйсенбеков Еркебұлан Бақытжанұлы, Әбеу Бағлан Мұқамбетқалиұлы, Сәрсен Башембаев, Айгүл Өтеміс, Рамазан Әбілдос, Семей қаласынан Нұржанова Әйгерім Нұржанқызы, Қарағанды қаласынан Тұтқыш Айдана Жаңбырбайқызы, Жангелді Тоқтамұратов, Шымкент қаласынан Райгүл Хәзіретәліқызы және Нұр-Сұлтан қаласынан Темірлан Қанат ақтық мәреге жолдама алды.

Айта кетерлігі бұл байқау дәстүрлі түрде 8 ші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Семей, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында өткізілген.

Ақтық мәре желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін болады.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

5 × үш =