Қазыбек Иса: ЕЛБАСЫЛАРҒА ЖАСАЛМАҒАН ҚҰРМЕТ ӘНБАСЫҒА ЖАСАЛДЫ

Бөлісу:

ЖАПОНИЯ АСТАНАСЫ ТОКИО ӘУЕЖАЙЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕДІ! ДҮЛДҮЛ ДИМАШТЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ !

Қазақ астанасы Ресей тілінде сөйлеп жатқанда! Ақорда мен үкімет, парламент Ресей тілінде сөйлеп жатқанда! Қазақ министрлерІ мен әкімдері қазақ тілін білмей жатқанда!?. Ең дамыған елдердің алдыңғы қатарындағы Жапония астанасы өз тарихында тұңғыш рет ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕДІ! Токио аспанында қазақ әні шарықтады! Жалпы Жапония астанасы әуежайының жалпы өзге тілдерде де тұңғыш рет сөйлеуі! (Халықаралық ағылшын тілін айтпағанда). Бұл Токионың әлем елдері астаналарының ішінде де тұңғыш рет ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУІ! Токио бұдан кейін, қазақ тілінен кейін өзге әлем тілдерінде сөйлей ме, сөйлемей ме, бір құдай біледі!

Бұндай асқан құрмет ешқандай елдің аңызға айналған әншісі болсын, спортшысы болсын, ешқандай жұлдыздарына да, тіпті қандай да болсын, алып мемлекеттердің президенттеріне де жасалып көрген емес!

Яғни, Елбасылар жасай алмаған ғажайыпты Әнбасы, ҚАЗАҚТЫҢ ДҮЛДҮЛ ДИМАШЫ ЖАСАДЫ!

Өткенде, елордамызда өткен ғажап концертінен кейін «ДИМАШ – ҚҰДАЙ БЕРГЕН ҚҰДІРЕТ!» (бұл жерде сызықшаны соңғы сөздің алдына ауыстырсаңыз да мағына өзгермейді) деп бекерге жазбаған екенбіз. Міне, нағыз ҚҰДІРЕТ!!!

Жүрегінде ән сөнбейтін оттай мәңгі,
Әнсүйер ел әлемдік топқа айналды.
Ән мен сөзі Қазақтың естілгенде
Құжынаған Токио тоқтай қалды!

Токиодағы баспасөз мәслихатында тек қазақ тілінде сөйлегеніне де қалай риза болмассың… Біздің мемлекет пен үкімет басшылары шетелге шыққанда: «ол елде тікелей қазақ тілінен аударатын аудармашы жоқ екен» деп( шетелде қазақ тілінде аударатын маман болмаса, қазақтың Сыртқы істер министрлігі не бітіріп жүр, не деген бейшаралық), қазақ тілінде де емес, ол елдің тілінде де емес, айдаладағы бұрынғы қожайын елі Ресей тілінде сайрап тұрады…
Әнші Димашқа қалай Жапонияда да, қай елге барса да қазақ тілінен аударатын тілмаш табыла кетеді?!. Табандылықпен Талап етуге, Ұлттық Намысқа байланысты бәрі!

Әнімізді әлемге танытып жүрген дарабоз дарынды әнбасы деп әсем айдар тағып отырғанымыз да тегін емес. Өйткені, Димаш кейінгі кезде даңғаза мен той-думанның әуенінен шықпай қалған бір мезеттік жеңіл әндердің шеруімен шектеліп қалған ән әлемін әлемдік жаңа биікке көтеріп жіберген, тамырын тереңге тартқан текті өнер, жауһар туындының қандай болатынын, тұмадай тұнық , даладай кең дара дауыстың, мыңбояулы үздік үннің құдіретін көрсетіп берген құбылыс болды. Қазақ ән әлеміндегі жаңғырудың басы деп айтуға болады!

Нью-Йоркте Кеннеди әуежайында Димашты қарсы алған ел кептеліс тудырғанын көрдік. Дүние жүзіндегі ең алпауыт елдің БҰҰ ғимараты орналасқан әлем астанасының қалың тұрғындарының Қазақтың әнші ұлына қаптай ұмтылуында не сыр жатыр?! Әрине, Қазақ әні мен әншісінің құдіреті!

Әлемнің әр астанасында алтын айдарлы Қазақ ұлы Димаштың аты жарқ ете қалып, ерекше дауысымен елді таңғалдырып, қазақтың әсем әнін салғанда әр қазақтың рухы көтеріліп, дүр сілкінеді! Қазақ әндерінің інжу-маржанын әлемге таныту және мойындату Димаштың маңдайына жазылған қасиетті миссия болып тұр. Дара «Дайдидаудан» бастап, сара «Самалтауға» салғанда Димаштың ғарышпен байланысты дерлік ғажап дауысына бүкіл қазақ даласы сыйып кетеді-ау, шіркін! Міне, нағыз Рухани жаңғыру! Ән атасы Әмірелерден кейінгі Рухани ренессанс бұл!

«ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН» деген таза қазақша аты мен тегі әлемге орыстың «ОВ» деген отарлық жалғауынсыз тарап жатқанына қалай қуанбассың! Барған жерінде ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ мүддесін, ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҰЛЫҚТАП ЖҮРГЕН ҰЛДАН қалай айналмассың!

Осындайда еске түседі ғой. Әлемге әйгілі жазушы-драматург, 75 жасқа толған мерейтойын қазақтардан бұрын ағылшын астанасы Лондон апта бойы тойлаған, талай шет елдердің сұрауымен пьесалары қойылып, түрлі тілдерде кітаптары шығып жүрген, шетелдің белгілі әдеби компаниялары Нобель сыйлығына ұсынуға ұсыныс жасап жүрген Дулат Исабековке үнемі айтамын: «Тегіңіздегі «ОВ» деген орыстың құлдық жалғауын қашан алып тастайсыз?!»-деп. «Е-е, не боп қапты?!»-дейді көкем сұрағымды онша жақтыра қоймай. «Ойбай-ау, ертең Алла қолдап, Нобель сыйлығын алып кетсеңіз, қазақтан шыққан тұңғыш Нобель сыйлығы лауреатының тегі Ресейше болады ма?»-деймін ғой, көкем дәл қазір әлемдегі ең әйгілі сыйлықты алғалы жатқандай екпінімді баса алмай…

«Талант – қай жерде де талант» дегендей, Димаш ұлымыздың ел сүйсінер ерекше қасиеттерінен туындап жатқан ой ғой барлығы!

Иә, тағы да қайталаймын, ДИМАШ – ҚҰДАЙ БЕРГЕН ҚҰДІРЕТ! Димаш – Қанаттың ұлы емес, Қазақтың баласы! Ұлттың баға жетпес байлығы, асыл қазынасы! Ендеше, асыл жауһарымызды сақтай білейік!

Алаштың маңдайына біткен айрықша дарынға әрдайым Алла жар болып, аман болсын дейміз! Қазақ әнімен бағындырып келе жатқан әлемдік ән шеруіңнің әр сапарында да Қызыр шылауыңда болып, бақ қарасын! Жұлдызың жарқырай берсін, алтын айдарлы аймаңдай ұл! Ақ жол!

Қазыбек ИСА, 

Qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 3 пікір жазылған

  1. Мейірхан. 21 Қараша, 2019 17:27 Жауап

    Айналайын Димаш ҚАЗАҚтың маңдайына біткен ұлысың,енді баратын елдерге костюм шалбар киіп жүрсеңіз. Сізді үлкенді-кішілі адамдар күтеді. Сонда оу мына бала президент ғой дейді. Сізге класикалық киім қатты ұнайды. Басыңызды тік көтеріп жүрсеңіз сұранамыз. Құдай алла берген бойыңыз бен мінезіңізді тіл көзден сақтасын.

  2. Қарақат 21 Қараша, 2019 22:13 Жауап

    Аман болсын Димашымыз! Ана тіліне көрсеткен құрметі анасына еліне көрсеткен құрметі. Алла қолдасын!

Пікір немесе жауап жазу

үш × үш =