Олеся Кексель кәсіпкерден Тасмағамбетовтің үстінен арыздануын талап еткен

Қазақстанның Бас прокуратурасының арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельге қатысты тергеу басталды.

Еліміздің ішкі істер министрлігіндегілер Олеся Кексельге қатысты тергеу басталғанын растады.

ҚазТаг ақпарат агенттігінің мәліметінше, Кексель кәсіпкер Гүлнәр Мұсабаеваның қылмыстық ісін тергеу барысында бірқатар лауазымды тұлғалардың үстінен арыз түсіруін талап еткен. Бұл туралы агенттікке кәсіпкердің адвокаты Жан Күнсеркин хабарлаған.

- Кексель Тасмағамбетов пен Сұханбердиннің үстінен "откат" алды деп арыз түсіруді талап еткен. Мұсабаева бұл адамдарды танымаған және арыз түсіруден бас тартқан. Кексель тергеу тобының жетекшісі және мүшесі болмаса да, кәсіпкерге бар кінәні мойындап, Тасмағамбетовтың үстінен арыздануын талап еткен, - деді Күнсеркин.

Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі Олеся Кексельдің тергеуге алынуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Тергеу жүріп жатыр, оның үстінен азаптау туралы арыз түсті. Қазіргі таңда арыз тіркеліп, тексеру жүргізілуде. Тергеуге байланысты әзірге ештеңе айта алмаймын. Өйткені арыз бас прокуратурадан түсті, тексеру туралы тапсырма берілді", - деді Тұрғымбаев үкімет кулуарында.

Еске сала кетсек, Олеся Кексель биылғы жылдың мамыр айында арнау прокурорлар қызметі басшысы қызметінен босатылған еді. Ол аталған қызметте 2018 жылдың қаңтар айынан бері болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) тергеу департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Күрделі сыбайлас жемқорлық істерін тергегені үшін 2017 жылы II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталып, беделді "Алтын Адам" жүлдесінің "Жылдың мемлекеттік қызметшісі" деп танылды.