АЛАСАПЫРАН

Мағауия Аманжолов - қазақ бейнелеу өнеріне өшпестей із қалдырған аса дарынды қылқалам иесі

Ол кісі жайлы қазақтың "ноқтаға басы сыймаған" деген теңеуі аздық етеді. Ол мойнына құрық салдырмаған асау еді. Ол кісі жайлы "талант" деген сөз де аздық етеді. Ол туабітті дарын еді. Ол өмірі өнеріне, өнері өміріне біте қайнасып өзге, жеке бір әлемде өмір сүрді. Ақиқат әлемінде! Тазалық әлемінде! Ал, жалған дүниеліктерге Ақиқат әлемі керек пе еді?

Ол кісі жайлы "мінезді еді" деген сөз де аздық етеді. Ол тура мағынасында Аласапыран еді. Ол елдің шеніне, шекпеніне, жасына, жынысына мән бермей, көкейіне келген ойын лақ еткізіп ақтара салатын. Кім ренжиді, кім сескенеді, кім кектенеді, ары қарай ешкіммен шаруасы жоқ еді, бірде сұңғыла дана, бірде аңғал бала кейіпте мұрты едірейіп отыра беретін. Оның шыншылдығынан да, дарынынан да, батыл мінезінен де асқан еңбекқорлығынан да қаймығып, іші күйген іштарлар күшпен де, мінезбен де, талантпен де жеңе алмасын білгендіктен сан түрлі жымысқы әрекеттерге баратын. Салып біткен картиналарын тілгілеп кету, ұрлап кету немесе дос болып күле кіріп, ішкізіп, майлы бояуларымен Мағауияның өзін бояп кету...

Мағауия Аманжолов - қазақ бейнелеу өнеріне өшпестей із қалдырған аса дарынды қылқалам иесі. Оның картиналарының тақырып ауқымы, бояу үндестігі, жазу техникасы қазақ бейнелеу өнеріне жаңа леп әкелген құбылыс. Кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрларының хас шебері. Ол өнерге жан-тәнімен беріліп, тынбай еңбек етті. Кенеп пен майлы бояуын жалау орнына желбіретіп, қылқаламын қылыш орнына кезеніп қазақ үшін, шындық үшін Махамбетше күресіп өтті. Алайда, Махамбеттің жаулары ашық, анық болса, Мағауияның жаулары жүзін анық көрсетпейтін бетперде киіп алғандар еді...

Мен бұл отбасының тұңғыш қызындай қамқорлығын көргендіктен көп оқиғалардың куәсі де едім...

Тұла бойындағы тасыған энергиясын басқарып үлгере алмай қалатын суретші айналасын жайпап, аласұрып жүретіндіктен отбасы әрдайым кезкелген жағдайға дайын отыратын... Балконда (бірінші қабат болғаны да отбасына Құдайдың қарасқаны болар) бес тәбішке запаста тұратын. Гүлбайраш апай мен үш қызының. (Бесіншісі менікі еді...) Кез келген сәтте "майдан алаңынан" қашып шыққанда іле кету үшін.

Өз мінезін өзі жақсы білетін суретші кейде отбасын өзгелермен қатар өзінен де қорғауға тырысатын... Ол бірде мейірлене отырып "менен қорықсаңдар мына ішкі бөлмеге тығылып, есігін құлыптап отырыңдар" деп есікке құлып сап береді. Арада екі күн өтпей ұмытып, "бұл үйдің адамдары қайда кеткен?" деп дүркірей кіріп, екпіндей есікті бір тепкенде қыздардың қорқыныштан шыңғырған дауысы Алматыдан асып Алатауға жеткен еді...

Аса дарынды, күрделі болмысты суретшінің 1995 жылдан кейінгі тағдыры белгісіз. Айдың, күннің аманында, Алматының қақ ортасында қазақтың біртуар азаматы жоғалып кетті. Әлі күнге көрдім-білдім деген тірі жан жоқ.

Мағауия Аманжолов дегенде менің есіме Бетховен түседі... Және Бетховеннің Бесінші симфониясы...

Аласапыран!

Гүлзат Шойбек, Қазақ үні