Абаев: Сын сағатта бізді паналап келгендер қазақ халқының қамқорлығына бөленді

Елордада ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты" КеАҚ бірлесіп, ұйымдастырған "Қазақстан этностары: еліміздің дамуына қосқан үлестері. Біз біргеміз" атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, - деп хабарлайды baq.kz.  

Іс-шараның осы тақырыпқа арналуы кездейсоқ емес. Өздеріңізге белгілі, сын сағаттарда қазақ жерін паналап келген көптеген ұлт өкілдері біздің халқымыздың қамқорлығы мен мейірбандығына бөленді. Өз кезегінде, олар да еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты, әлі де қоса береді деп сенемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көреген этносаралық саясат жүргізді. Ол әлемде теңдесі жоқ орган – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Осылайша, біз – әр алуандығымызды артықшылығымызға айналдырдық, - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Жиын қатысушылары "Бір халық – бір ел – бір тағдыр" қағидаты бойынша біріктіру факторларын іздестіру, тарихи сананы қалыптастыру арқылы ұлттың бірегей кодын сақтау мәселелерін талқылады. Іс-шара аясында "Қазақстан этностарының Қазақстан халқының жалпы тарихи-мәдени мұрасына қосқан үлесін зерделеу" зерттеу жұмысының нәтижелері ел дамуына елеулі үлес қосқан белгілі 50 тұлғаны қамтыған бірегей мәліметтер базасы таныстырылды. Олардың арасында композитор, қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР халық әртісі, профессор, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Республикасының алғашқы әнұранының әнін жазушылардың бірі Брусиловский Евгений Григорьевич, аңызға айналған фольклорист, этнограф, композитор және Қазақ КСР халық әртісі, 2 мыңнан астам қазақ әнін жинақтаған Затаевич Александр Викторович бар.

Сонымен қатар бұл тізімде ХХ ғасырдың басы мен ортасының мәдениет және қоғам қайраткерлерімен бірге Герольд Бельгер, Нина Патрушева, Анатолий Храпатый, Денис Тен және т.б. қатарлв қазіргі Қазақстанның дамуына үлес қосқан қазақстандықтар да орын алған.

Біздің еліміз тәуелсіз ұлттық мемлекеттіліктің өзіндік үлгісін құра алды. Оның негізгі құрамдастары: патриотизм, этномәдени дәстүрлер мен қоғамдық келісім құндылықтары деуге болады. Сондықтан "Рухани жаңғыру" аясында жүзеге асырылатын осындай жобалар ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше маңызға ие. Біздің тарихи-мәдени мұрамыз – елде тұратын барлық этностың ортақ рухани және зияткерлік үлесінің нәтижесі екенін нақты мысалдар арқылы көрсеткіміз келеді, - дейді  "Рухани Жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты" КеАҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Конференция жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабульдинов, тарих ғылымы және этнология, этносаралық қатынастар, саяси зерттеулер саласындағы жетекші мамандар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.