Дария БОЛСАНБЕК: Өнер адамның тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі

       Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, Театр өнері факультеті 2 курс студенті Дария Болсанбек жуырда АҚШ-та өткен «Pearl of the New York – Нью-Йорк маржаны 2019» Халықаралық фестивалінің Гран-при жүлдесін иеленіп, оралды. Осы қуанышты уақиғаға орай Дариямен кездесіп, сұхбаттасқан едік.Дария, өнерге неше жасыңда келдің? Алғаш ән байқауына қашан шықтың? – Жеті жасымнан домбыра үйірмесіне қатыстым. Бәлкім менің әнге қабілетімді байқады ма екен, сол кезде домбырашы Шолпан ұстазым «Неге саған ән айтып көрмеске?!» деп алғаш рет ән айтуға қолқа салды. Содан алғаш рет сахнаға шығып, байқауға қатыса бастадым. 2011 жылы тоғыз жасымда алғаш рет шетелдік конкурсқа, яғни Италияда өткен San-Remo junior фестиваліне қатысып екінші орын алдым. Келесі жылы Латвияда өткен Riga Symphony фестивалінде бірінші орынды иелендім. Дәл сол жылы Литвадағы байқауда да сондай орынға ие болдым. Ал 2017 жылы Грузиядағы Fazisi байқауда маған бас жүлде бұйырды. Ал елімізде «Ғұмырдария», «Ақ көгершін», «Золотой микрофон», «Жырлайды жүрек», «Айгөлек» т.б. байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. – Жастайыңнан әлемдік деңгейдегі ән конкурстарына қатысып жүріп неліктен Жүргенов атындағы академияның оқуға түсерде эстрадалық өнер факультетін емес, театр өнері факультетін таңдадың? – Театр өнері факультетіне түссем де музыкадан алыстап кеткенім жоқ қой, яғни ондағы музыкалық театр артисі мамандығын таңдадым. Кәсіби тілмен айтқанда заманауи мюзикл бағытына маманданамыз. Яғни, бұл жерде әншілігіңді ғана емес, артистік шеберлігіңді шыңдап шығасың. – Отбасың жөнінде айта отырсаң. Ата-анаңның өнерге қатысы бар ма? – Ата-анам Абай туған өлкеден. Өзім Алматыда дүниеге келдім. Отбасында төрт бала бармыз. Мен үлкенімін. Әкемнің үлкен апайлары әнші болған екен. Ал ата-анамның өнерге еш қатысы жоқ. Әкем құрылыс компаниясының басшысы, анам - заңгер. – Биыл жазда Литвада өткен «Паланга – 2019» XV Халықаралық әншілер байқауында, одан соң қазан айында Испанияның Марбелья қаласында әлемнің 80 елінен үміткер өзара бақ сынаған TU ONDA ІІІ шығармашыл жастар фестивалінде бірінші орынды иелендің. Бұл байқаулар саған үлкен тәжірибе берді деп ойлаймыз. Соңғы байқау да Rise Like a Phoenix хит әнін орындағаныңды білеміз, жалпы әнді қалай таңдайсың? – Әнді дода шартына орай таңдаймыз. Байқауға апаратын әнді таңдағанда білікті ұстаздарым мен ата-анамның көмегіне сүйенемін. Олар үнемі мені қолдап, ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырады. Дария, Нью-Йорктегі фестиваль ән байқауы түрінде өткізілді ме әлде жалпы фестиваль түрінде өтті ме? – Негізінде бұл халықаралық фестивалдің аясында ән конкурсы өткізіліп, онда қатысушылар қазылар алқасы мен көрермендер алдында екі әннен орындады. Мен бұл байқауға жолдаманы, сондай-ақ келесі жылы «Витебскі – 2020» байқауына қатысуға берілетін жолдама сарапқа түсетін Беларусь Республикасындағы байқау жолдамасын да Испаниядағы конкурста жеңіп алған болатынмын. Бірінші Аллаға, одан соң осындай мүмкіндіктерге жол ашып жүрген Қарлығаш Әбдікәрімова апайыма алғысым шексіз. Нью-Йорктегі байқауға он екі елден келген үміткер қатысып, оларға 12 жюри мүшесі қазылық етті. Әуелі орындаған әні мен сөзі М. Сәбиева, Н. Оразбеков, С. Мұсағалиевтің «Қай заман» әнін орындадым. Әнді орындап болғаннан кейін көрермендер, жюримүшелері жаныма келіп, әннен кереметтілігінен денелерінің тітіркенгенін айтып, құттықтады. Келесі күні Испанияда орындаған Rise Like a Phoenix әнді орындадым. Оларға қазақ әнінің жанды тебірентіп-толқытатын тұстары, ерекше иірімдері әсер еткен көрінеді. Жалпы байқау жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Бұл байқауға қатысқан үлкен топтағы әншілер арасында сайыс тартысты өтті. Бұ жолы әншілік шеберлігі жағынан бір-бірінен қалыспайтын кілең «сен тұр, мен атайындар» жиылған екен. Әрине, «тартыс бар жерде өсу бар» демекші, бұл менің көп тәжірибе жинаған байқауым болды. – Жалпы сенің әншілік дауысыңды мамандар қай түрге жатқызады? Кішкентай кезден дауысымды ұлдардың даусымен шатастырып жататын. Негізінен менің дауысым нық альтқа жатады. – Сеніңше өнер деген не? Кімнің өнерін үлгі тұтасың? Өнер өмір өрнегі. Адамның өмірде тұлға ретінде қалыптасуына бірден-бір ықпалын тигізетін күш болса, мен соны өнер деп санаймын. Халықтың көзайымына айналып жүрген аға-апаларым сияқты мен де дара өнер иесі болғым келеді. – Ән орындау бағытың, әнді орындаудағы ұстанымың қандай? Өнердегі ұстазың кім? – Жалпы эстрадалық бағыттағы әуезді әндерді орындаймын. Артық дүниесі жоқ әндерді айтуды ұнатамын. Өнердегі ұстаздарым Академияда дәріс беріп жүрген Айчурек Сүлейменова, Гүлзат Дәуірбаева. Халықаралық жарыстарға да осы кісілер баптайды. Осындай оқытушыларымның арқасында мен толыққанды білім алып, кәсіби шеберлігімді шыңдап жүрмін. – Әңгімеңе көп рахмет! Сенің қазақ өнеріне, сондай-ақ эстрадамызға жаңа леп әкеліп, Димаштай бірегейлігімен ұлтымызды әлемге танытатын өнерпаз болуыңа шын жүректен тілектеспіз. Өнерің өрлей берсін.   Әңгімелескен, Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ qazaquni.kz