Алматы халықаралық әуежайы түрік компаниясына сатылуы мүмкін

Алматы халықаралық әуежайы түрік компаниясына сатылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін үкімет кулуарында белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Алматы әуежайының сатылуына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.

"Қазір бір түрік компаниясымен келіссөздер жүріп жатқанын білемін. Басқа түсініктеме бере алмаймын, себебі білуімше, бұл келісім әлі аяқталмаған", - деді министр үкімет кулуарында.

Атамқұлов Алматы әуежайы жекеменшік компанияның иелігінде екенін, сондықтан сату процесі жүріп жатқанын атап өтті. Ал өкілетті органмен келісілетін тиісті процедураларды Азаматтық авиация комитеті жүргізуде.

Министрдің пікірінше, әуежайдың сатылуы жолаушыларға оң өзгеріс әкелуі мүмкін.

"Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және қосымша инвестиция тарту тұрғысынан жақсы деп ойлаймын. Білуімше, бірнеше әуежайды, соның ішінде Францияда екі әуежайды басқаратын танымал компания келеді", - деді ол.

Атамқұлов әуежайдың қаншаға сатылатынын білмейді екен.

"Алматы әуежайы – Орталық Азиядағы ірі әуежайлардың бірі. Бізге жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жолаушылар терминалын қалпына келтіріп, жаңарту қажет. Себебі жыл сайын осы әуежай арқылы өтетін жолаушылар ағыны өсіп келеді. Оның үстіне, жуырда министрліктің "ашық аспан" туралы бұйрығы қабылданды. Бұл әуе бағыттарын ұлғайтуға мүмкіндік береді", - деді министр.

Алматы халықаралық әуежайы ішкі және халықаралық жолаушылар мен жүк тасымалдары жағынан елде бірінші орын алады. Алматы орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде халықаралық әуе айлағынан әлемнің 55-тен астам еліне тұрақты рейс жасалады.