Назарбаев жыл сайын саммит өткізу керектігін айтты

Қазақстанның Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО мен Еуропалық Одақ арасында диалогтың жоқтығына алаңдаушылығын білдірді, - деп хабарлайды baq.kz.  

Astana club отырысында Елбасы Еуропа елдері басшылары және Еуразия комиссиясының көшбасшылары арасында жыл сайын саммит өткізуді ұсынды және өзінің жаңа мәртебесін пайдалануға дайын екенін айтты.

Мен бүгінгі күнге дейін ЕО мен ЕАЭО арасындағы толыққанды диалог құрылмаған деп санаймын. Бұл екі қауымдастық, географиялық жағынан да, тарихи тұрғыдан да бір-бірін толықтырады. Қазіргі саяси қайшылықтар бізді ажыратпауы керек. Мәселе, оңай емес. Бірақ бұл барлық тарапқа да тиімді болмақ, - деді Назарбаев "Астана" клубының пленарлық отырысында.

Елбасы Еуроодақ пен Еуразиялық экономикалық одақ серіктестігінің диалогтық тетігін енгізуді ұсынды.  Ол Еуропалық Комиссия мен Еуразиялық экономикалық комиссия басшыларының жыл сайынғы саммиттерін өткізу керек деп санайды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы ретіндегі мәртебемді пайдаланып, бұл процесті жан-жақты қолдауға дайынмын. Мен экономикалық ынтымақтастықтың барлық қатысушыларға пайдасы тиетініне сенімдімін, - деді Елбасы.

Айта кетейік,  "Astana club" саяси форумының биылғы отырысы халықаралық пікірталас алаңының құрылғанына бес жыл толуына орай өтіп жатыр. Елордада әлемнің түкпір-түкпірінен келген маңдайалды сарапшылар Еуразия құрлығы үшін 2020 жылдағы 10 басты сын-қатердің тізімін жариялады. ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қоры мен әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырған жобаға жаһанның 50-ден астам беделді саясаткерлері бас қосты. Тақырып: "Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі". Спикерлер арасында бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен Нобель сыйлығының лауреаттары бар.