Азат Перуашев: Адамдардың өмірін арзанға бағаламаңыздар

«Адамдардың өмірін бағалау керек, біздің азаматтарымыздың өмірі ресейліктерден арзан емес». Азат Перуашев бейсенбіде Мәжілісте өндірістегі қауіпсіздік туралы заңның таныстырылуы барысында осындай пікір білдірді.

«Ақ жол» партиясының жетекшісі мемлекеттік мекемелерде адамдар қаза тапқанда немесе олардың денсаулығына зиян келтірілгенде төленетін өтемақының мөлшерін есептеудің бірыңғай тәсілі жоқ екеніне назар аударды.

- Ресей Үкіметі қайтыс болған адамның отбасына 1 млн рубльден, ал апаттан зардап шеккендерге 500 мың рубльден бастап өтемақы бөледі. Ал, бізде – әрқалай: кей жерлерде 200 мың теңге, кей жерлерде 500 мың, ең көбі – 1 млн теңге төленеді. Сонда біздің азаматтарымыздың өмірі ресейліктерден 10 есе арзан болғаны ма? Үкімет неге өтемақыны есептеудің бірыңғай тәсілін енгізбейді? - деп атап өтті А.Перуашев.

«Бұл үшін біздің фракция адам қаза тапқанда оның білімін, экономика мен қоғамға үлесі мен рухани құндылықтарын қоса есептегенде, мемлекет үшін экономика жағынан қаншалықты шығын екенін есептеуді бірнеше рет ұсынды. Мемлекет апаттар мен зілзаладан келетін экономикалық шығынның ауқымын білген кезде адамдарды бағалай бастайды», - деді фракция жетекшісі.

Сонымен қатар, Азат Перуашев өндіріс орнында 5 адамнан көп қаза тапқан жағдайда ғана апатты зерттеу бойынша мемлекеттік комиссия құрылатынын сынады.

«Ақ жол» партиясының жетекшісі Индустрия министрлігінің заң әзірлеушілерінен: «Неге 5 адамнан асқан жағдайда? Неге алты немесе бір адамнан көп қайтқанда емес? Бұл шарт қайдан алынған?» - деп сұрады. «Конституция бойынша адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы мемлекеттің басты құндылығы болып табылады. Қылмыстық заңнамада 2 және одан көп адам қайтыс болған жағдайда ғана ерекше жауапкершілік туындайды. Сонда өндіріс орнында төрт-бес жұмысшы қаза тапса, мемлекеттің қатысы жоқ болғаны ма? Мұндай көзқараспен келісе алмаймын!»- деп атап өтті ол.

«Мысалы, ресми ақпараттар бойынша Чернобыльде орын алған алғашқы өртте 1 адам қаза тапқан. Алайда, апаттың ауқымы бүкіләлемдік болып танылды. Сонда сіздердің ойларыңызша осы апат бойынша комиссия құрудың қажеті жоқ болғаны ма?» - деді ол дәйектерді келтіре отырып.

Бұл ұстанымды басқа депутаттар да қолдады. Депутат Ахмет Мурадов: «Азат Тұрлыбекұлының пікірімен толығымен келісемін. Бір адамның да қазасы – жақындары үшін өте ауыр. Зардап шеккендер санын есептегенше, бар күшімізбен мұндай жағдайлардың алдын алу керек.

Мұнай өнідірісінің бір ауысымында 5 адам жұмыс істейді. Мемлекеттің апат салдарын тексеруі үшін бір ауысым толығымен қаза табуы керек пе?» - деді ол.

Талқылау нәтижесінде «Ақ жол» партиясының жетекшісі мемлекеттік органдарды айтылған сынды назарға алу керектігін айтып, жұмыс тобына осы және басқа да сұрақтар бойынша өзгертулерді жолдағанын мәлімдеді.