Ет экспорты ішкі нарықтағы бағаны көтеріп жіберді

Қазақстан ет экспортын ұлғайтқаннан кейін ішкі нарықтағы өнім бағасы көтерілгенін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді. Жиында ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов «Қазақстан экспортты ұлғайтуда. Бұл жақсы әрі дұрыс. Дегенмен, көптеген сарапшының, оның ішінде Ұлттық банк маман­дарының пікірінше, азық-түлікті сыртқа шығару ішкі нарықтағы бағаның көтерілуіне түрткі болады екен. Мәселен, ет, ұн, жарма... Сіздің ойыңызша, экспорт ішкі нарық бағасына әсер ете ме?», – деп сұрады министрден. Министр азық-түлік экспорты мен ішкі нарықтағы бағаның арасында байланыс бар екенін жасыр­ған жоқ. «Әрине, ішкі нарыққа экспорт­тың әсері бар. Мәселен, қазір біз ет экспортын жақсы жолға қойдық. Бұл ретте жасыратын ештеңе жоқ. Өзбекстан біздің етімізді алып жатыр. Сол себепті, елде ет бағасы көтеріліп келеді. Бірақ, екінші жағынан біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына шектеу қоятын болсақ, мәселен ет пен ұнға, онда сыртқы нарықты жоғалтып аламыз», – деді С.Омаров. Оның алға тартқан дерегіне қарағанда, Қазақстан астық экспортына шектеу қойған кезде сыртқы нарықтың басым бөлігінен айырылып қалған. «Қазір ғана біз оны біртіндеп қалпына келтіріп жатырмыз. Сондықтан, ең алды­мен ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайтуымыз керек. Бұған қоса, логистика, салық салу, алыпсатарлық сынды ішкі мәсе­лелерді шешуге тиіспіз. Айталық, өндірушілер еттің келісін 1,5 мың теңгеден сатады. Ал содан кейін ол ет 2,2 мың теңгеден саудаланады. Бұл орайда, алыпсатарлар пайда тауып отыр», – деді ол. qazaquni.kz