Тебегенов тағылымы

912
0
Бөлісу:

Үлкенге де, кішіге де ыстық ілтипатын білдіріп, жайдары да жарқын жүзінен төңірегіндегілерге имани шуағын шашып, алқалаған жамиғаттан ақыл-кеңесін, қолынан келетін жәрдем-көмегін аямайтын осынау атпал азаматпен таныс-біліс болғаныма да он жылдан асыпты. Он жыл-аз мерзім емес. Кейіпкерім, бүгінде жігіт жасы-жетпістің асуына жетіп отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, республика Гуманитарлық ғылымдар Академиясының, Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының академигі Темірхан Сақаұлы Тебегеновпен 2008 жылдың қоңыр күзінде ҚазҰПУ-дың филология факультетінің деканы, профессор, елжанды тұлға Балтабай Әбдіғазиев таныстырған еді. Осы университеттің түлегі, қазақтың көрнекті ақыны, жақын ағайыным Қайнекей Жармағамбетовтың 90 жылдық мерейтойын өткізу қамымен үлкенді-кішілі кеңселердің табалдырығын тоздырып жүрген болатынмын.

Сол кездері қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып істейтін Темкең маған «қандай көмек керегін жасырма, бұл мерейтой жеке кісінің емес, әдебиеттің мерейтойы, оны абыроймен өткізу сіздің де, біздің де парызымыз» деп кесіп айтты. Мені кафед­ра отырысына шақырды, қызметкерлеріне нақты тапсырмалар беріп, атқарылатын шаруаның тізгінін өз қолына алды. Сөйтіп, Темкеңнің қамқор көзқарасының, талап­шылдығының арқасында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтіп, қаламгер көпшіліктің, ағайын-туыстың биік бағасын алды. Мәртебелі ғылыми жиында Түркиядан, Қырғызстаннан келген ғалымдар баяндама жасады, әдебиетіміздің ақсақалдары Серік Қирабаев, Мыңбай Рәшев, Сарбас Ақтаев, Қоғабай Сәрсекеев, Жұмабек Кенжалин естеліктерін айтты.
Артында жоқшысы, іздеушісі болмаса тіл де, діл де, тіпті идея да құрдымға сіңіп, өшетінін жақсы білеміз. Поэзия пірі – Ақын ең алдымен Идея. Темкеңмен өткен, 2018 жылы Қайнекей Жармағамбетовтің ғасырлық мерейтойын атап өту барысында тағы да жүздестік. Мерейтойды өткізу алқасына жетекшілік еткен профессор Тебегенов тағы да жықпыл-жықпылы көп ұйымдастыру жұмысын жіптіктей жүргізіп, ақын мұрасының жоқшысы да, іздеуші-зерттеушісі де бола білді. Қазақтың жыр өнерінде баллада жанрының негізін салып, таңғажайып туындыларымен тұтас бір әдеби ағымның тұсауын кескен Қайнекей – ұлт көсемдері Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың етене туысы, осынау ұлы тұлғалармен рухани жақындық ақынның басына таяқ боп тиген, жүріс-тұрысы, ой-пікірі әрдайым бақылауда болған. Қазақ поэзиясына 50-жылдары келіп қосылған академик, әдебиетші, ғалым-ұстаз Серік Қирабаев, прозашы, ғалым-ұстаз Нығмет Ғабдуллин, ғалым-сыншылар Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, прозашы Бердібек Соқпақбаев, ақындар Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Мыңбай Рәшев, Әдібай Табылдиев, Бәтима Батырбекова, зерттеуші Төкен Әбдірахманов және басқалар «шекпенінен» шыққан Қайнекей бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы Бестау ауылдық кеңесінде өмірге келіп, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінде хатшы, Абай атындағы ҚазПИ-де қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, доцент, директордың орынбасары, «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз»), «Ара», «Шмель» журналдарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағында жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Көрнекті ақынның ғасырлық мерейтойына арналған «Қайнекей Жармағанбетов шығармашылығы және қазіргі әдеби үдерістің өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми конференцияның 300 беттік материалдары Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Ұлағат» баспасында 2018 жылы жарық көрді. Конференцияда «Әдеби даму үдерісі және Қайнекей Жармағамбетов поэзиясының поэтикалық ерекшеліктері» атты негізгі баяндаманы профессор Темірхан Тебегенов жасады. Темкең «Қайнекей поэзиясының поэтикалық ерекшелігін танытатын басты жанры-балладалары. Ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы негізгі шығармашылық тұғырын танытатын баллада жанрындағы шығармалары поэтикалық сипат ерекшеліктеріне қарай саралана жүйеленеді: біріншісі-халық тарихындағы көрнекті тарихи, аңыздық тұлғалар тағылымын ұлықтау, екіншісі-сатиралық сарынды сыншыл балладалары, үшіншісі-отаншылдық, батырлық, ерлік, адамгершілік-имандылық қасиет иелерін дәріптеу, төртіншісі-мысал балладалары. Ақын шығармаларындағы қазақ әдеби тілін байытқан қолданыстар ұлттық сөз өнерінің фольклоры мен әдебиеті мұралары дәстүрін байыта дамытқан шеберлік ұстанымын аңғартады» деп тобықтай тұжырым түйеді. Қайнекей Жармағанбетовтің шығармалары ХХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби процесс жетістіктері қатарын­дағы елеулі мұра сипатымен дараланады, деп қорытынды жасайды.
Абай атамыз адам болудың, ғалым болудың бір шарты ретінде «бір жақсыға ұқсап бағуды» айтқан болатын. Біраз көйлекті бұрын тоздырып, ғылымға да ертерек келген Темкеңнің өмір жолына көз жүгірте отырып, өз тірлігіммен бірқатар ұқсас тұстарды, тағылымды өрнектерді таптым. Сарала күздің қыраулы қысқа ұласар шағы-мал аяғы қыстауға ілігіп, күйекке түсетін боқырауда қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, «Ақбел-Көк иін» – «Тебеген ойы», Ақжар мекенінде дүние есігін ашқан профессор Тебегеновтің ғылымға келер, бүгінгі абырой-беделіне биігіне көтерілер жолы ауыл мектебіндегі ұстаздық қызметтен басталған. «Ақжар» кеңшарындағы Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының ХХV жылдығы атындағы «Бестам» орта мектебін тәмамдаған Темірхан Сақаұлы Қызылорда қаласындағы Н. В. Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алады. Орта мектеп оқыған жылдары Таян Жүсіпов, Тұрмахан Тұңғышбаев, Бибігүл Жұбанбаева, Сара Бейсенбаева, Шәкизада Шоқбаров, Айдарбек Әбдіраманов, Зинали Ыбыраев, Жұпар Аяпова, Мәдина Сүйінбаева, Сәден Нұртаев, Үсен Баймаханов, Әсия Шоқбарова және басқа ұстаздарынан терең білім негіздерін үйренеді. Ал, жоғары оқу орнында қазақтың көрнекті ғалымдары Әуелбек Қоңыратбаевтың, Нұрлыбек Жүнісовтің, Әнес Жақыповтың, Әли Байжоловтың, Гүлзәй Смағұлованың, Мәди Кереевтің, Үсен Абдуллаевтың адамгершілік ұлағатын бойына сіңіреді. Студенттік жылдары үздік оқумен қатар ғылыми ізденістерге де талпынып, студенттердің ғылыми қоғамының республикалық конкурсында «Асқар Тоқмағамбетовтің сатиралық шығармалары» баяндамасы үшін арнаулы грамотамен марапатталады. Институттағы «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің құрамында өнер көрсетеді.
Темкең еңбек жолын аудан орталығынан шалғай жатқан Қуаңдария ауылындағы №186 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болудан бастайды. «Жұбайы Сәпура ауылда клуб меңгерушісі, Темірхан мұғалім болып, екі өнерпаз ауыл мәдениетінің ұйытқысы болған сол жылдарды қуаңдариялықтар әлі ұмытқан жоқ. Бірі-ән айтып, екіншісі баянмен сүйемелдеп, жастар кешінің көркі болған, ойын-сауықтың көрігін қыздырған екі жас арада екі жылдың қалай өткенін білмей қалған», деп жазады аудандық «Қармақшы таңы» газеті. Сөйтіп, туған жер, өскен өлке алдындағы перзенттік парызын абыроймен өтеген Тебегенов ғылым жолына тусуге бел буды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық (ол кезде С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік) университетінің аспирантурасын тәмамдап, «Ақындық дәстүр және Нартай Бекежанов поэзиясының өзіндік ерекшеліктері» тақы­рыбында филология ғылы­мының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті бола жүріп, «Ақындық поэзиядағы фольклор мен әдебиет дәстүрі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады, осы кафедраның меңгерушісі ретінде көптеген ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Оның жетекшілігімен 1 докторлық, 13 кандидаттық, 7 магистрлік диссертация қорғалды. Осы жылдар ішінде ғалымның оқырман көпшілікке, жоғары оқу орындарының студенттеріне, мектеп оқушыларына арналған 15 кітабы, 5 монографиясы, 11 оқулығы, 500-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрді. Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбестан, Қытай, Түркия, Болгария ғалымдарымен достық қарым-қатынас орнатты. Еңбегі бағаланып, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың, Түркі әлемі халықаралық «Қызыл алма» сыйлығының лауреаты атанды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, Қырғызстан Республикасының «Тоқтоғұл Сатылғанов-150» мерекелік медалімен, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалімен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Үздік түлек», Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Абай» мерекелік медальдарымен мараптталды. «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін омырауына қадады. Құрметті азамат дегеннен шығады, Темекең туған ауылы түтінінің түзу шығуына, абыройының асқақтауына өз үлесін қосып келе жатқан абзал азамат. Өткен жылы бірлік пен еңбектің құт мекені атанған Ақжар ауылының құрылғанына 60 жыл толуына арнап «Ақжарым-ауылым, алтын бесігім» атты елді-мекеннің құрылу тарихы мен бүгінгі келбетін, жеткен жетістіктерін баяндайтын өлкетанушылық кітапты өмірге әкелді. Сондай-ақ білім нәрімен сусындатқан оқу ордасы туралы «Ақжар мектебі: гүлдәурен 10 жыл (1958-1968 жж.), есейткен 50 жыл (1968-2018 жж.)» атты кітабы да сол 2018 жылы оқырманға жол тартты.
Филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Тебегенов-ұлттық әдебиетімізді ғана зерттеп қоймай, әлем әдебиеті өкілдерінің шығармашылығына да түрен салып жүрген ғалым. Оның 1996 және 2006 жылдары екі рет басылған «Шет ел әдебиеті тарихы» кітабында ХІХ-ХХ ғасырлардағы жаңа реалистік әдеби дамуы арнасындағы Түркия, Иран, Үндістан елдеріндегі әдебиет үрдісінің даму кезеңдері мен оның сипаттары жан-жақты зерттеледі. Профессор Т.Тебегенов құрастырған «Әлем әдебиеті» хрестоматиялық оқу құралында түрік, парсы, қытай, жапон, үнді, моңғол, неміс, ағылшын, француз, поляк, венгр, Африка, Америка халықтары ақын-жазушыларының шығармалары қамтылған. Ғалымның «Әдебиет тарихының мәселелері» оқу құралындағы шығармалар қазақ және әлем халықтары әдеби мұраларының көркемдік жалғастық дәстүрі бойынша қарастырылған. Сонымен қатар алыс-жақын шетелдердегі қазақ ақын жазушылардың шығармалары хақында екі кітап шығарды. «Соңғы шыққан монография-«Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті» туралы бір тұтас қазақ әдебиетіне қатысты еңбегім. Оның қосымша атауы «Қытайдағы және атажұртқа оралған ақын жазушылардың шығармалары» деп аталады» дейді ғалым баспасөзге берген сұхбатында.
Ел алдында, туған жер, өскен өлке алдында есеп беріп жатқан осынау мерейлі күніңізде, құрметті Темке, өзіңізге және отбасыңызға береке-бірлік, баянды бақыт, толайым табыс тілеймін. Шабытыңыз шалқып, қаламыңыз мұқалмасын!

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

3 × 4 =