Павлодар шенеуніктері үшін Жамбыл Жабаев күйші екен

Биыл Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінің Абай атындағы 28 жалпы орта білім беретін мектебі алғашқы қоңырау мерекесін су жаңа ғимаратта атап өтті. Салтанатты жиынға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та қатысты.

Талай жыл тар ғимаратта отырып, ізгі арманға қолы жеткен ұстаздар да, оқушылар да мәз-мейрам.

Мектептегі маңдайша жазулары латын қарпімен жазылғанын көріп, «хош» дестік. Алайда бір нәрсе көңілімізді су сепкендей басты: мектептегі домбыра кабинетіндегі «Күй өнерінің жауһарлары» тақтасында күйшілер суреттерінің арасына жүз жасаған ақын Жамбыл Жабаевты «қонжитып» қойыпты.

Мектеп құрылысы жүріп жатқан уақытта әкім-қаралардың құрылыс барысымен, жаңа оқу жылына әзірліктің жай-күйімен бірнеше рет танысатыны белгілі. Бұл жолы да солай болған болар. Сонда Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаева қайда қараған?!

Мектеп директоры Айман Кенжебаева, жарайды, химия пәні мұғалімі болғандықтан, Жамбылдың кім болғанын білмейтін де шығар. Бірақ басқасы басқа, «Ленинградтық өренімді» кезінде дүйім жұрт білді емес пе?! Ал қалалық білім бөлімінің басшысы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жазира Амангелдіқызына не жорық?!

Осынау келеңсіз жайтты фейсбуктегі парақшасында жергілікті тіл жанашыры, қоғам белсендісі Қожакелді Алднов жария етті. Аталған мектепте балалары білім алатын Қожакелді ініміз былай дейді:

«Осыдан біраз уақыт бұрын Жамбылдың суретін аялдамаға қойып, астына Құрманғазы деп жазып қойғанын ұмыта қойған жоқпыз. Тапсырысты орындаушы жауапсыз, сауатсыз деп, бар кінəні соларға арттық та қойдық. Тапсырыс беруші барлық уақыттағыдай судан таза, сүттен ақ!

Қызымның суреттерін қызықтап отырып бір жəйттің куəсі болдым. Су жаңа мектептегі бүгіннің жаңалығы болған домбыра бөлмесі екен. Бəрі керемет, көруге сəнді-ақ!

«Күй өнерінің жауһарлары» деген көрнекі тақтадағы Жамбыл Жабаевтың портретіне көзім түсіп, мырс еттім. «Жамбыл кім?» - дедім қызыма, иығын қиқаң еткізді. Тіземе отырғызып, Жамбыл бабасы туралы бар білгенімді тізбектеп бердім.

Сонда мектеп басшысы бұл бөлмеге кірмеген бе? Ұстаздар ше, Жамбылды байқамады ма? Əн-күй мұғалімі Жамбылға қарап тұрып: «Мынау Жамбыл Жабаев қой, ол күйші емес!» - демеген бе? Мектептің ашылуында болған облыс, қала, кент əкімдері де сонда Жəкеңді танымай ма?

Құрметті ұстаздар! Домбыра кабинетінде болған барша қауым!

Жамбыл Жабаев ақын, жырау болған. Бірақ күйші болмаған. Тездетіп алып тастаңыздар, өтініш!».

Жамбыл бабамыз кезінде «Мынау тұрған Абайдың суреті ме? Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне!» деп жырлаған еді. Қазір солнечныйлық балалар да Жамбыл Жабаев портретінің жанынан «Мынау «күйші» Жамбылдың суреті ме!» деп өтетін болды...

Асқар Ақберген,

Павлодар облысы