Сот кімнің сойылын соғатыны белгілі болды

3039
34
Бөлісу:

Қорғаушылар оған қарсылық білдірді

Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтің соты кеше, 6-қараша күні одан әрмен жалғасты. Бұл күн сот тарихына соттың төрт бірдей лауазымды тұлғаcына қарсылық білдірген күн болып кіретін шығар.
Қорғаушы Алмас Әбдірахманов сот хатшысы Мәлікке қарсылық білдірді. Ол өз сөзін куәгер А.Жампозовтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының (ары қарай Ұлттық бюро – Ө.А.) қызметкерлерінің оған, Жампозовқа көрсеткен қысымы жайлы, жедел іздестіру қызметкері Жәрдем Смағұлов пен тергеуші Айдар Аташовтан оған «сотқа неге бармай жүрсің?» деген телефон қоңырауы келіп түскендігі, А.Жампозовтың «маған шақырту келген жоқ» деген жауабына «кәзір шақырады» дегендігі, шынында да он минуттан соң Ұлттық бюроның қызметкерлері тарапынан судья Қ.Мекемтастың қолы қойылған, соттың мөрі басылған шақыру хаты түскендігі жайлы скрин-шоттың түскендігімен дәлелдеді. Бұл – сот хатшысы Мәліктің Ұлттық бюроның қызметкерлерімен бейпроцессуалдық қарым-қатынаста болғандығын білдіреді. Екіншіден, сот хатшысы Мәліктің ұялы телефонындағы кірген-шыққан қоңырауларды деталдандыруды өтінді.

Қорғаушылар М.Адамов пен Е.Мәкенов жалған құжат жасаушылық орын алып отырса да, прокурордың әрәкетсіздігіне және қылмыстық іс сотқа жолданғаннан кейінгі тергеушілердің бұл іске араласуға қатысуға ешқандай құқының жоқтығына соттың назарын аударды. Сотталушы И.Әбішев өз пікірін судьяның қорғаушылардың өтініш-хатына өңкей біржақты көзқараспен қарап, баға беріп келе жатқанын атап өтті. Егер біз өз тарапымыздан «И.Әбішев пен С.Түкеевтің қылмыс істегені дәлелденбеді» деп судьяның қолын қойып, жалған құжат жасап алып, түрмеден шығып кетсек, ұстап алар едіңіздер, қандай айқай-шу болар еді, ал, мына жерде жалған құжат жасаған тергеушілерге қарсы тым-тырыс, ешкім ешқандай шара қолданбайды» деді…
Шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткен судья Қ.Мекемтас бір сағаттан соң келіп, өтініш-хат қабылданбайды деді…
Қорғаушы Саян Жүнісбаев сот отырысында ҚР Жедел іздестіру қызметі туралы заңның 15-бабына сәйкес жедел іздестіру қызметі кезінде, жасырын тергеу іс-шаралары кезінде азаматтарды, яғни, қылмыстық іс бойынша фигуранттарды әдейілеп, қылмыстық іс жасауға арандатуға, итермелеуге тікелей шектеу қойылғанын сот назарына саламын деді. Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы қызметкерлерінің іс-әрекеті куә ретінде жауап берген Азамат Шәймерденовті қылмысты имитациялауға емес, Серік Түкеев пен Ислам Әбішевті құқық бұзушылыққа итермелеуге және парақорлыққа арандатуға анық бағытталған. Олар А.Шәймерденовті пара беруші ретінде пайдалана отырып, И.Әбішев пара алуға ниеттенбесе де оны осындай әрекетті істеуге оқталды деген әсердің жасанды түрде қалыптастыру мақсатында жасырын тергеу амалдарын жүргізген. Ал, СМП-610 ЖШС директоры А.Шәймерденов 2018 жылы қарашада аса ірі көлемде салық төлемін жалтаруға ұмтылған адам ретінде сезікті деп танылған, оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған, сөйтіп ол құқық қорғау органдарының ықпалына нақты түскен. Бұдан кейін ол И.Әбішевті парақорлыққа арандату мақсатында Ұлттық бюро қызметкерлері берген арнайы аудио және бейне аппараттарды пайдаланып, тергеудің жасырын әрекетіне жұмыс істеуге кіріскен.
Бұдан соң қорғаушы сот назарын прокурордың әрекетсіздігіне аудара отырып, судьядан Ұлттық бюро қызметкерлері мен А.Шәймерденовтің іс-әрекеттерінде параққорлыққа арандатушылық-айдап салушылық белгілері бар деп тануды; Ұлттық бюро қызметкерлері мен А.Шәймерденовті ҚР ҚК 147-бабымен қылмыстық жауапқа тарту туралы жеке қаулы шығаруды; И.Әбішев пен С.Түкеевке қатысты қылмыстық істі қысқартуды сұранды.
Қорғаушылар әріптесін толық қолдап, қуаттаса, прокурор С.Сүлей­менов әдеттегідей қарсы шықты: «Қорғаушы 3 мәселе көтергенімен, олары дәлелденбеген және негізі өзінің ойы болып табылады», – деді. Судья өтініш-хатты іске тіркейміз, сот барысында зерттейміз, сот өз шешімін сот актісімен бірге айтады; ал, А.Шәймерденовке байланысты пікірлеріңізді жарыссөз басталғанда айтасыздар», – деді де қойды…
Осы кезде қорғаушы Е.Мәкенов куә А.Жампозов 30.10.2019ж. күні өзіне тергеу кезінде тергеу органдары тарапынан қысым көрсетілгені, қинағаны жайлы айтса да, тергеу кезіндегі жауабының бәрінен бас тартса да, сотқа қатысып отырған ҚР Бас прокуратурасының прокуроры С.Сүлейменов бұндай жағдайда жедел шара қолдануға тиісті болса да, ешқандай әрекет жасамай отырғаны туралы айта келіп, сот процесі үстінде жазған, прокурорға қарсылық білдіретін өтініш-хатын оқыды.
Қорғаушылар әріптесін қолдап, қанша дәлел келтіргенімен, кеңесу бөлмесіне барып келген судья Қ.Мекемтас тағы да өтініш-хатты қабылдамай тастады.
Осы кезде қорғаушы Мақыш Есқараев, сірә, шыдамының ішегі үзілген болса керек, өйткені, әдемілеп қағазға да түсірместен ауызша түрде судья Қ.Мекемтасқа қарсылық білдіремін деді. Білдіруінің себебін де көрсетті: «Біз сізге бұған дейін де екі рет қарсылық көрсеткен болатынбыз. Бірақ, бүгін сіздің 30 қыркүйектен бері біздің барлық өтініш-хаттарымызды қабылдамай келе жатқаныңызбен қоймай, бейтараптықты қамтамасыз етпей отырсыз. Сіз айыптаушы жақтың мүддесіне жұмыс істеп отырғаныңызға анық көзіміз жетті. Сіз А.Шәймерденовтің өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өтініш бермесе де, жай ауызша ғана айтса да, сіз оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюроға тапсырдыңыз. Бұл қойды қасқырға бақтырғанмен бірдей ғой! Неге Ішкі істер министрлігі бар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бар, солардың екеуінің біреуіне, бейтарап мекемелерге тапсырмай, істе мүдделі тарапқа тапсырасыз? Онымен де қоймай, сіз сол А.Шәймерденов туралы қаулыңызда оны «қылмыстық әрекеттерді әшкерелеу барысында» деп сипаттап, бүйрегіңіздің қай жаққа бұратынын әзірден көрсетіп қойдыңыз. Сот тергеуі әлі біткен жоқ, соның ішінде А.Шәймерденовтен жауап алу да аяқталған жоқ, ал, сіз жаңағыдай мәлімдеме жасайсыз. Сондықтан, сіз бұл сотқа төрағалық ете алмайсыз».
Дегенмен, бүгінгі сот отырысы өзінің апогейіне – шарықтау шегіне – судья Мекемтас кетіп, залға судья А.Шаяхметова келген кезде жетті. Ол өзінің сұрағын «судья Мекемтасқа қарсылық білдірген кім?» деген сұрақтан бастады. «Мен» деп орнынан тұрған қорғаушы М.Есқараевқа «неге қарсылық білдіргеніңізді түсіндіріңіз» дегенде қорғаушы: «Мен неге судья Мекемтасқа қарсылық білдіргенімді айтпастан бұрын сіздің өзіңізге қарсылық білдіремін», – деді. Ары қарай айтыс былай өрбіді.
– Судья Шаяхметова: «– Сіз маған қарсылық білдіре алмайсыз».
– Қорғаушы Есқараев: «Білдіре аламын! Өйткені, сіз бұған дейін екі рет судья Мекемтасқа қарсылық білдіргенімізді қарағансыз. Екеуін де қанағаттандырған жоқсыз. Қаулы шығарған кезіңізде прокурордың аты-жөнін дұрыс айтпағансыз, сот құрамын дұрыс айтпағансыз, біз, Жүнісбаев екеуміздің атымызды атаған да жоқсыз…»
– Судья Шаяхметова (сөзді үзіп жіберіп): «…Мен сіздің аты-жөніңізді ендігі қаулыда жазатын боламын»
– Қорғаушы Есқараев: «Мен түсінбедім, қайталап айтыңызшы».
– Судья Шаяхметова: «Судья екі рет айтпайды!..»
(Мәссаған, ондай да тәртіп бар ма еді?!)
Осы кезде орнынан қорғаушы М.Адамов тұрды:
-«Кешіріңіз, құрметті сот, сіз заңды бұзып жатырсыз! Біріншіден, қорғаушы түсінбесе, сіз оны айтып түсіндіруге міндеттісіз. Екіншіден, сізге қарсылық білдірген кезде сіз бұл жерден кетуге тиіссіз! Сіздің орныңызға басқа судья келуі, сот отырысын ары қарай сіз жүргізесіз бе, басқа бір судья жүргізе ме, сол шешуі тиіс! Ол – заң талабы!»
-Судья Шаяхметова «Қорғаушы Адамов, отырыңыз, мен сізге сөз берген жоқпын!» -«Жарайды, бірақ сіз заңды бұзып отырсыз…»
– Судья: «Қорғаушы Есқараев, неге судья Мекемтасқа қарсылық білдіргенізді түсіндіріңіз».
– Қорғаушы Есқараев: «Құрметті сот, қайталап айтамын, мен неге судья Мекемтасқа қарсылық білдіргенімді айтпастан бұрын сіздің өзіңізге қарсылық білдіремін».
– Судья Шаяхметова: «Сіздің ма­ған қарсылық білдіру құқыңыз жоқ».
-Қорғаушы Есқараев:«Сіз өткен жолы да бізге осыны айтып едіңіз. Кешіріңіз, біздің сізге қарсылық білдіруге құқымыз бар. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінде қорғаушы судьяға қарсылық беруіне болмайды деген нақты талап жоқ, ал, Кодекс талаптары тікелей орындалады, сондықтан, біз сізге қарсылық білдіреміз».
– Судья Шаяхметова: «Сізде ондай құқық жоқ, болса маған оқып беріңіз».
– Қорғаушы Есқараев: «Қор­ғаушы судьяға қарсылық беруіне болмайды» деген талап жоқ болса, қалай оқып беремін мен сізге?»
– Судья Шаяхметова: «Сізде маған қарсылық көрсетуге негіз жоқ».
– Қорғаушы Есқараев: «Неге жоқ? ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 87-бабында бұл жайлы толық жазылған».
– Судья Шаяхметова: «Сіз маған сол бапты толық оқып беріңіз».
– Қорғаушы Есқараев: «Бәрін оқи берейін бе? Жарайды. Тек орысша текстті оқимын».
– Судья Шаяхметова: «Жоқ, қазақшасын оқыңыз!»
– Қорғаушы Есқараев: «Менің қолымда орысшасы ғана бар, қазақшасын қалай оқимын мен?»
– Судья Шаяхметова: «Жоқ, қазақшасын оқыңыз!»
(Қап, мына қазақша тілін бұрап зорға сөйлеп отырған судьяның қиғылығын-ай, ә! Енді болар екен?)
Осы кезде қорғаушы Е.Мәкенов өзінің қоржынынан кодекстің қазақша нұсқасын суырып алмасы бар ма? Судьяның қазақшасы табылмас деген бақай есебі ақталмай қалды-ау…
– Қорғаушы Есқараев: «Құрметті сот, көрдіңіз ғой, мен 87-бапты толық оқып шықтым. Ол дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсіндірілетін, орысша айтқанда бувально толковаться етілетін заң. Біз соған сүйеніп, сізге қарсылық білдіріп отырмыз».
– Судья Шаяхметова: «Қорғаушы, сіз заңды білмейді екенсіз!»
(Осы жерде судья өзінің қасына сот приставын шақырып алды-дағы, құлағына сыбырлап әлденені айтып жатты. Сот приставы сол процестің үстінде реплика берген журналист Сәуле Әбединоваға келіп, оның жеке куәлігін беруді талап етті. Тікелей эфирге хабар жүргізіп отырған журналист «не үшін?!» деп сұрады… Судья одан: Сіз кімсіз? деп сұрады. Қызық сұрақ. Қолындағы штативке ілінген ұялы телефонды өзі көріп отыр, түсінікті емес пе кім екені? Сәуле Әбединова «журналистпін» деп жауап берді. Залдағы жұрт шулап кетті. Сот приставы жалтақтап судьяға қарады. Бірақ, оның тарапынан «құжатты ал» немесе «шығарып жібер» деген секілді ешқандай нақты команда болмағаннан кейін, жалтақтаған күйі өз орнына қайтып барды. Кішкентай ғана, бірақ, судьяның кім екенін айдан анық көрсетіп берген штрих…)
– Мен заңды білемін, – деді қорғаушы Есқараев. – Сіз өткенде сот құрамын қате жариялағаныңыз үшін ертең апелляциялық сатыда судья Мекемтас жүргізген осы сот процесі тұтастай заңсыз деп танылуы мүмкін. Біз соны көрсетіп кейін шағым жазамыз деп айтқанбыз. Ол ол ма, сіз сол қаулыңызды сайтқа салған кезіңізде, қатеңіздің бәрін өндеп қойыпсыз. Бірақ, сіздің оқыған қаулыңыздың тексті сот залындағы аудиовидео таспаға жазылып қалды ғой! Осылайша бір қаулыны екі түрлі етіп беріп отырған судьяға біз не үшін сенуіміз керек? Біз оған қалай қарсылық бермей тұра аламыз?!
Сасқалақтаған судья процесті орыс тілінде жүргізуге көшті. Сасқалақтағаны сонша прокурордан «не істейміз?» деп сұрады. Прокурор орнынан тұрып, «дауласпай, шуламай істі жүргізуге мүмкіндік беріңіздер» деп еді, қорғаушылар оған «сіз әлі судья емессіз, оның құзыретін өзіңізге алмаңыз» деп, оны орнына отырғызып қойды…
Қорғаушы М.Есқараев судьяның есіне ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 87-бабының 11-бөлімін тағы бір оқып шықса да, судья кеңесу бөлмесіне кеткен жоқ. Кейін, бірақ, кетті. Бірақ, не үшін, қанша уақытқа, ешнәрсе айтпай кетті. Бір уақытта қайтып келіп, мен сот тергеуін жалғастырамын деді. Қорғаушылар «кешкі сағат 19-30 болды, ертең жалғастырыңыз» дегенге де көнбеді. Қорғаушы М.Адамов «бізді сот залын тастап кетуге мәжбүрлемесеңізші, қызметтік құқығыңызды асыра сілтегенді қойсаңызшы», – деген соң барып, ертең жалғасады деді.
Бүгін судья сотты жалғастырмақ болып еді, қорғаушы М.Есқараев «мен сіздің үстіңізден ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановқа арыз жаздым, мен сол арызға жауап келгенше сізге жауап бермеймін, одан да үзіліс жасаңыз» деді. Соған судья келісуге мәжбүр болды. Ендігі отырыс – 14 қарашада…

P.S.Сот залына келіңіздер, ешбір телесериалда жоқ «қызық» пен «шыжықты» көресіздер…

Өмірзақ Ақжігіт

qazaquni.kz

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 34 пікір жазылған

  1. Лейла 8 Қараша, 2019 21:55 Жауап

    Мұндай сценарий бойынша жүзеге асатын сотты тоқтатып, жазықсыз жандарды босату керек ғой. Бұл əділетсіздік қой. Ислам Əбішевке бостандық.

  2. Майра 8 Қараша, 2019 22:00 Жауап

    Жақып Асановтан Ислам Əбішевтің пайдасына жарайтын жауап келсе жөн еді. Ислам ағаға бостандық.

  3. АЙША 8 Қараша, 2019 22:14 Жауап

    Күйдіргенде мына Шаяхметова күйдірді-ау… қазақша беріңіз дегендей-ақ, қазақша түсінетін адам ұқсап… Не десек те сот əділ өтсе екен.

  4. Арай 8 Қараша, 2019 22:19 Жауап

    Ислам Əбішевтің сотын ешқандай дəлел дəйексіз сериалға айналдырып ұстап отырғандар да жазасын əлі алар.Бостандық берілуін сұраймыз!

  5. Сая 8 Қараша, 2019 22:21 Жауап

    Ислам Əбішев соты еліміздегі сот жүйесінің нағыз бетпердесін ашып берген іс болды.Бостандық!

  6. Қарақат 8 Қараша, 2019 22:32 Жауап

    Егер де Ислам Əбішевтің елі үшін жасаған осыншама ерен еңбегіне қарамастан соттап жіберетін болса біздің бүгінгі ашық қоғамды əділеттілік деген нəрсенің атымен құрығаны.Ислам Əбішевке бостандық!

  7. Айбын Аргын 9 Қараша, 2019 17:06 Жауап

    Өте орынды қарсылық! Соттың шынымен де істі бұра тартып отырғаны анық байқалып отыр. Қасақана жасалып отырған әрекеттердің бәрі сот процесі кезінде көпе-көрнеу белгілі болып болды. Соттың әділ шешім қабылдап, Ислам Әбішевті бостандыққа шығаруын сұраймыз!!!

  8. Лаура 9 Қараша, 2019 21:00 Жауап

    Бұл не сұмдық енді Абзалдай білікті адвокатқа қарсы шықққан ба. «Ұрының арты қуыс» демекші өздерінің былықтары ашылып, Əбішев босап шығып кете ме деп жатқан болар…Ислам Əлмаханұлына бостандық…

  9. АЙША 9 Қараша, 2019 21:03 Жауап

    Қатауыпты айтақтатып қою қаншалықты тиімді болды екен? Неге сонша неше түрлі құйтырқылықты ойлап тауып жатыр? Аққа құдай бəрібір де жақ. Əбішев еркіндікке шығар күн де алыс емес.

  10. Айнара 9 Қараша, 2019 21:08 Жауап

    Қорғаушы Абзал Құспанда не ақылары бар деймін де. Абзал қорғаушы болса ол оның мамандығы.Яғни жеп отырған наны. Ал оның жұмысына кедергі келтіру, алдына кесекөлденең тұру барып тұрған оңбағандық. Əбішевке бостандық!

  11. Марина 9 Қараша, 2019 21:14 Жауап

    Айнара қатты алаңдаудың қажеті жоқ. Ислам Əбішев ағамызды бір Аллаға аманаттадық. Егер бір кісіге зиянын тигізбекке мың кісі жабылса да Алла қолдамаса ешкім де иненің жасуындай да зиянын тигізе алмайды.Ислам Əбішевке бостандық тілейміз!

  12. Камилаш 9 Қараша, 2019 22:33 Жауап

    Сот қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса деп өзі қалаған шешімді шығара алмайды.Ел бар, қаншама халық бар бақылап отырған.Ислам Əбішевке бостандық берілсін!

  13. Еркеназ 9 Қараша, 2019 22:35 Жауап

    Арыстай азаматтың адалдығын біліп тұрып неге мұнша қинап отыр.Бостандық Ислам ағаға!

  14. Қарақат 9 Қараша, 2019 22:38 Жауап

    Ол заманда бұл заман пара алуға оқталды деп адамды жазықсыздан жазықсыз қамап қою деген не сұмдық? Бостандық берілсін Əбішевке.

  15. Дария 9 Қараша, 2019 22:41 Жауап

    Пара алмай-ақ алғысы келген адамды жазықсыз жапа шектіру ешқандай миға да заңға да сыймайды.Əбішевке бостандық берілсін!

  16. Наргиза 9 Қараша, 2019 22:45 Жауап

    Істі одан əрі сиырқұйымшақтандырып, созып ит ырыңын шығара бермей бостандық бермей ме алпыстың асқарына шыққан Əбішевке.

  17. Гүлмира 10 Қараша, 2019 17:37 Жауап

    Ислам Əбішевтің қоғамдың алдында толық ақталуының өзі де ол кісінің ел үшін адал еңбек еткендігінің айқын дəлелі деп білемін. Тағдырдың сынағына мойынсұнбаған атпал азаматтың ардан аттамағанына барша қазақ куəгер Асылжанның арқасында көз жеткізді. Алдағы сот барысында ағамызға сəттілік серік болғай!

  18. АЙША 10 Қараша, 2019 17:40 Жауап

    Алла қолдасын, Исламдай елдің ерін. Халқының айрықша ықыласына ие болған ардақты азаматты ұлт батыры деді деп біреулер буынып жатыр. Мұнысы несі екен. Үндемей-ақ, үйдей тірлік бітіріп жүрген Ислам Əбішевті Алла қолдасын! Бостандық тілейміз!

  19. Еркеназ 10 Қараша, 2019 17:45 Жауап

    Аққа құдай жақ екенін барлығы айтып жүр ғой. Біздің сотымыз əділдікті жақтайды, нақақтан нақақ тас түрмеге қия қоймас аяулы азаматтарды.Əбішев пен Түкиевке бостандық тілейміз!

  20. Ерке 10 Қараша, 2019 17:58 Жауап

    Куəгер нағыз шындықты айтқанда белгілі болды ғой кімнің кім екені. Күні бүгінге дейін Ислам Əбішевке күмəнмен қараған талайдың аузына құм құйылды ғой. БОСТАНДЫҚ!

  21. Маржан 10 Қараша, 2019 18:35 Жауап

    Сот кімнің сойылын соқса да Əбішевке қарсы шешім шығара салу оңайға түспейтіні анық. Түбі əділдік жеңеді деген сенімдеміз.

  22. Гүлзат 10 Қараша, 2019 18:49 Жауап

    Асылжанға мың да бір рахмет, бүгінгі қоғамның бетпердесін ашып, Əбішевті ел алдында ақтап берген.

  23. Асыл 10 Қараша, 2019 18:53 Жауап

    Осыдан кейін созбалақтайтын болса бұл сотты мəні де мағынасы да қалмайды. Сондықтан шешім шығаруға тиісті. Əбішевке еркіндік берілуін сұраймыз.

  24. Мира 10 Қараша, 2019 18:55 Жауап

    Ел-жұрттың, барша Қазақстанның қала берді əлемнін назарын аударған сот болды Ислам Əбішев ісі.

  25. Мария 10 Қараша, 2019 18:57 Жауап

    Кинодан ғана көретін сотты Қазақстанның фейсбугінен көрдім депті қытайлықтар. Əлемге масқара болмай тұрғанда тоқтату керек қой бұл сотты.Əбішевке бостандық.

  26. Дария 10 Қараша, 2019 19:02 Жауап

    ҚР сотының абыройына нұқсан келтірмей тұрғанда, сериалға ұласып кеткен бұл сотты тоқтату керек қой. Əбішевтің ақтығын куəгерлер де дəлелдеп берді ғой. Бұдан артық не керек?

  27. Әйгерім Өтебайқызы 10 Қараша, 2019 21:46 Жауап

    Қой сол, Шаяхметоваң да, Мекемтасың да, кім кім жүргізсе де көздегені біреу, дегені бір, себебі Билік біреу. Қай судьяны кетіріп, қай судьяны алдыртсаңыз да, Биліктің адамы дегенін жасайды.

  28. Айжан 11 Қараша, 2019 08:05 Жауап

    Кезінде Алаштың ұлы тұлғаларын осындай жайлармен түбіне жетіп еді,соның көрнісі іспетті.

  29. Айжан 11 Қараша, 2019 08:13 Жауап

    Тәуелсіздік алған мемлекетте өз-өзіне жау қылып,былықтырып отырғандар қазақпын дейді ау.

  30. Лира 13 Қараша, 2019 21:43 Жауап

    Соттың өзі де миы ашып қалды ау. Былай жүрсе өгіз өледі, былай жүрсе арба сынады. Түбі əділдік жеңсін! Əбішевке бостандық!

  31. АЙША 13 Қараша, 2019 22:49 Жауап

    Ислам Əбішевке қарсы шешім шығара алмайды-ау. Ол кісіні қолдаушылар қатары күн санап артып келеді. Тіпті сот отырысын үлкен залға ауыстырудың өзі Əбішевтің тегін адам емес екенін көрсетті.

  32. Рабилья 13 Қараша, 2019 22:51 Жауап

    Бостандық берілсін Əбішевке! Сотты созып, адамды айуанша қорлауды доғарыңыздар. Жетер, халықтың шыдамымен ойнамаңыздар!

  33. Қарлығаш 13 Қараша, 2019 22:54 Жауап

    Сот кімнің сойылын соққысы келсе де Əбішевке теріс шешім шығара алмас. Ислаи Əбішевтің артында қолдаушы – қара орман халқы тұр.

Пікір немесе жауап жазу

17 + 10 =