Ислам Әбіш: «Әділетсіз сотталғандарды қорғау» комитетін құруды ойлап жүрміз

Ислам Әбішевтің айтқан сөзі

Қазір «Әділетсіз сотталғандарды қорғау» комитетін құруды ойлап жүрміз. Көптеген адамдар түрмеде жазықсыз отыр. Қазір адвокат жалдап, сот залында отыру да он адамның біреуінде ғана кездеседі. Көптеген адамдардың адвокатқа төлейтін ақшалары жоғы былай тұрсын, туған-туыстарының келуіне ақшалары жоқ. Оларды қалай болса солай, жайдан-жай соттай салады. Өйткені жүйе солай жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан берілетін тегін адвокаттың айлығы тергеушіге байланысты. Қандай мықты, әділ адвокат болса да, оның табелінде 8-9 сағат жұмыс істегенін тергеуші жазады, демек ол тергеушіге тәуелді. Тергеушінің бәрі қанішер деп айтуға да болмайды. Жас тергеуші, ол да қызметте өсу керек, отбасын асырау керек. Егер ол қылмысты «ашпаса», түрмеге отырғызбаса, ол өспейді. Ауылдан келген қарапайым қара бала құрылысқа жұмысқа кіреді, алайда уақытында айлықтарын ала алмайды, бала-шағасын асырау керек, ол ұрлыққа барады, ұсақ-түйек құрылыс материалдарын ұрлайды. Артынан оны отырғызып қояды. Солай кетеді. Осылайша, қалыптасып қалған жүйемен, бірінен-бірі аумайтын қылмыстар мен қылмыскерлер тергеушілердің қолында шыр айнала береді, айнала береді. Жүйе дұрыс емес. Жазықсыз, әділетсіз сотталып, түрмеде отырғандар қаншама! Міне, сондай жандарды қорғау комитетін құруды ойлап жүрмін...

Сәуле Әбілдаханқызы, Фейсбук парақшасынан