Белгілі журналист Мағауия Сембай дүниеден өтті

Белгілі журналист, Арқа өңіріне танымал қаламгер Мағауия Сламбекұлы Сембай дүиеден өтті. Бұл туралы «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Қамбар Ахметов хабарлады.

Мағауия Сембай 1955 Қарқаралы ауданындағы Аққора ауылында дүниеге келген.

1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң қаламгерлік қызметін Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бастайды. Мұнда қатардағы тілшіден бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың бірінші орынбасарына дейінгі жолдан өтті. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің аға тілшісі, Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болған.

1997-2019 жылдар аралығында — «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы.

«Жауынгер қыздар» — «Боевые подруги» (1995), «Қолыма қалам алдым айтамын деп…» (2005), «Алаштың алдаспаны» (2010), «Ойтамызық» (2015), «Құбылыс» (2016) және «Жерұйық» (2017) жинақтарының авторы.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1980), Г.Толмачев атындағы республикалық байқаудың «2009 жылғы таңдаулы БАҚ редакторы» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2009). Облыстық Мәслихаттың ІІІ және IV шақырылымының депутаты (2003 жылдан). Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері. ҚР төрт мерекелік медалімен марапатталған. Бұдан бөлек Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының арнай жүлдесінің, ҚР Президенті сыйлығының иегері.