Денсаулық сақтау саласын қалай сауықтырамыз?

239
1
Бөлісу:

Адам баласы үшін өмірден қымбат ештеңе жоқ. «Денсаулық – зор байлық» деп босқа айтылмаған, оның қасында миллиардтаған ақша мен тонналаған алтын да түкке тұрмайды. Өмір сүру үшін денсаулық керек, бұл дәлелдеуді қажет етпейтін табиғи заңдылық. Сондықтан, қандай ел болса да алдымен өз адамдарының денсаулығын бірінші кезектегі стратегиялық маңызы зор мәселе ретінде қарастырады. Біздің елімізде де осы салаға қыруар қаржы бөлінеді, бірақ одан шығар нәтиже көңіл көншітпейді. Неге?..

Алдымен мынаған назар ауда­ралық: Қазақстан Конституциясы, 29-бап.
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
2. Республика азаматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға хақылы.
3. Мемлекеттік және жеке меншік емдеу мекемелерінде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүргізіледі.
Атазаңымыздағы ұлтымыздың денсаулығын сақтауға қатысты тайға таңба басқандай анық жазыл­ған ең басты ережесін назарла­рыңызға арнайы ұсынып отырмыз. Енді оқырмандарымызға бір сұрақ: – Біздің медицина саласы осы заң бабындағы үш тармақтың қайсысын нақты орындап жатыр?.. Дұрыс айтасыз, соңғы үшінші тармақты. Соған қарағанда алдыңғы екі тармақтың оларға мүлдем қатысы жоқ сияқты.
«Науқастардың қалтасын қағуға үйреткен бас дәрігердің кім екені анықталды Қалтасын қақпай, науқасты емдеудің қажеті жоқ! Еліміздегі емдеу мекемелерінің бірінде басшы өз қызметкерлерін осылай үйретіп жүр. Видеосы әлеуметтік желілерде тарап, аты шыққан Алматыдағы №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері екен. 26.01.2017 (КТК)
– Для этого вам нужны платные больные. Человека, который пришел на аппендэктомию, нужно полностью «прокрутить». Ставьте черепно-мозговую травму – вытащить из анамнеза, отправить на КТ, на консультацию невропатолога и так далее и тому подобное. Крутите больных! –Желіде енді тараған жазба 2015 жылы №4 ауруханада жасалыпты. Қол астындағы қызметкерлерге мүмкіндігінше науқасқа түрлі анализдерді тағайындауға кеңес беріп жатқан Әнуар Аманов сол кезде басшы болған. Бас дәрігер бір апта ішінде науқастардан түскен ақшаға көңілі толмай, жиналыс ашып қарамағындағыларды сөгіп жатқан сыңайлы. Аманов одан кейін Алматының №7 ауруханасына қызмет ауыстырған. Қазір бұл іс бойынша арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, Әнуар Аманов уақытша қызметінен шеттетілген. Мұндай жағдайлардың жиі кез­десетінін дәрігерлердің өздері де жасырмай отыр. Денсаулық сақтау саласының білгірлері қазір ротация бағдарламасының аясында ауруханалар мүмкіндігінше науқастан көбірек ақша шығаруды көздейтінін ашық айтты. Ізбасқан Аймағанбетов, Денсаулық сақтау ісінің үздігі: – Ауырған адамға пайдасы тиетін дәрілерді жазып беру керек. Сосын оның тағы бір кемшілігі бар. Бұрын дәріхананың барлығы үкіметке қарады ғой, ал қазір барлығы жекеменшік. Сосын кейбір дәрігерлер рецепт жазғанда белгілі дәріханадан сатып ал деп айтады. Сыбайластық бар «КТК» телеарнасында 2017-жылы беріліп елімізде үлкен шу тудырған оқиғаға байланысты осы қысқа хабарды да арнайы үтір, нүктесіне тиіспей толықтай ұсынып отырмыз. Бұған қарап қандай ой айтуға болады?
Қазір атышулы бас дәрігердің қайда екенін білмейміз. Ашығын айтсақ, бұл жерде мәселе бір ғана бас дәрігерде емес, мұндай жағдайды біздегі көптеген емдеу мекемелерінен күнделікті кез­дестіре аласыз. Яғни, олар заң бойынша халыққа лайықты тегін медициналық қызмет көрсетуге тиісті мемлекеттік мекеменің жұмысын коммерциялық бағытқа бұрып алғанын байқаймыз. Мемлекет тарапынан бюджеттік миллиардтаған қомақты қаржыны алып отырса да қосымша пайда табудың ізіне түсіп алғаны көрініп тұр.
Заңдағы баптың үшінші тармағы екіұшты ойды білдіреді, мемлекеттік мекемеден ақылы қызмет алуға болатынын айтады. Онысы алдында айтылған ережеге қайшы келіп тұр. Мысалы сіз қаладағы кез келген емханаға барыңызшы. Ғимаратқа кірмес бұрын маңдайшасындағы жазуға назар аударыңыз. Айта­лық, Алматыдағы «Ұлжан» шағын ау­данында орналасқан емха­наның атауын барып көріңіз. Онда «АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚО­ҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ШАРУА­ШЫЛЫҚ ЖҮРГІЗУ ҚҰҚЫ­ҒЫН­ДАҒЫ «№23 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА» КОММУНАЛДЫҚ МЕМ­ЛЕКЕТ­ТІК КӘСІПОРНЫ» – деп жазылған. Қаладағы барлық емханалардан осындай атауды көресіз. Аты айқайлап тұрғандай шаруашылық жүргізу құқығы бар, коммуналдық кәсіпорын. Біріншіден, атауы түсініксіз, анығы қоғамдық денсаулық бақармасы емес, «қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» болуы керек. Өйткені негізгі қызметі етік тігу емес, халықтың денсаулығын сақтау болып табылады. Оған қоса бұл саланы басқаратын да Денсаулық сақтау министрлігі емес пе?!. Екіншіден, ұлт үшін ең негізгі мәселе болып табылатын денсаулық сақтау саласындағы медициналық мекемеге «шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кә­сіпорын» деген «құйрықты» кім жалғап жіберген? Онсыз да жанын қоярға жер таппай келген науқастардың мұны оқығанда түсіну үшін шақшадай басы шарадай болары сөзсіз. Адам түсініп болмас атауы өз алдына, оған қоса мемлекеттік медициналық мекемені сауда-саттық орнына айналдыруға жол ашып тұрған жоқ па? Былайша айтқанда қандай қосымша шаруашылық жүргіземін десе де ерікті. Демек, дәрігерлердің дәрі-дәрмекті сатып, қызметін ақылы етіп жартылай бизнесменге айналуына алдымен өзіміз кінәліміз, мемлекеттік қызмет пен коммерцияны қосып ботқа жасап отырмыз. Мысалы, біздегі заңдар бойынша мемлекеттік қызметкерлер бизнеспен немесе басқа да коммерциялық жұмыстармен айналысуға құқығы жоқ. Ал, мемлекеттік мекемеге неге ондай мүмкіндік берілген? Ондағы істейтіндер де мемлекеттік қызметкерлер емес пе? Алдында айтқанымыздай бұл салаға аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Мысалы, жақында ғана 2020 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына 1,5 трлн. теңге бөлінетінін қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов Парламент Сенатында айтқан болатын. Сонда бұл қандай мұқтаждық? Өйткені бюджеттен бөлінген қаржыны өз мақсатында, ұқыпты түрде жұмсау бізде атымен жоқ, жоғарыдан төменге жеткенше жолай тоналады. Бұл бір ғана медицина қызметіне қатысты емес, біздегі барлық салада орын алып жатқан жағдай. Оған әртүрлі салалардағы топ-тобымен жемқорлық үшін тұтқындалып жатқан лауазымдылар нақты дәлел. Оның шексіз тізімін келтірмесек те өздеріңіз жақсы білесіздер.
Адамның өміріне тікелей қатысы бар бұл саланың жауапкер­шілігі өзгелерге қарағанда ана­ғұрлым жоғары. Сондықтан, әлемде дәрігерлердің науқастарға адал қызмет етуі үшін медицинаның атасы болып саналатын Гиппократ антын қабылдауы да осыны көрсетеді. Ал бізде бұрындар тәжірибемізде болған өз ісіне деген адалдық анты айдалада қалғанын аңғарамыз. Бұл саланы бизнеске айналдырып алғанын байқау қиын емес. Мысалы, кез келген ота жасау қазір тек қана ақылы қызметке айналған. Ақша бермесеңіз хирургтер қолына пышағын алмайды. Сонда олар негізгі қызметі үшін айлық алмайтын болғаны ма? Ал заң бойынша бұл қызмет тегін көрсетілуі керек. Сол сияқты, зертханаларда да ақша талап етеді. «Бізде ондай құрылғылар жоқ» деп басқа бір, көбінесе жекеменшік мекемелерге жібереді. Оған барған соң міндетті түрде ақша төлейсіз. Бізде кейбір жекелеген ауру түрін емдейтін дәрігерлер жетіспейді. Бұл жерде де өзгелердің қызметіне жүгініп тағы да ақша төлейсіз. Ал сол медициналық құрал-жабдықтар мемлекеттің яғни халықтың ақ­шасына сатып алынған жоқ па? Олай болса сол мемлекеттің мүшесі болып табылатын науқастар өздері сатып алған құрылғыларды неге ақылы пайдалануы керек?
Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласына деген қарапайым халықтың өкпесі қара қазандай. Салада тәртіп пен бақылау жоқ, тіпті қарапайым тазалық та сақталмайды. Тіс жұлдыру немесе басқа да операция кезінде гепатит ауруын жұқтырғандар жетіп артылады. Осыған байланысты оны тұрғындар арасында жаппай анықтау қолға алына бастады. Ересектерді былай қойғанда бізде нәрестелердің шетінеуі көбейіп кетті. Атыраудағы дәрігерлер жаңа туған баланы тоңазытқышқа салып өлтірді деген у-шудан басқа, аталмыш аймақта биылғы жылдың 9 айы бойынша бала өлімі 12,7 пайызға жеткен. Тексеру барысында осы кезеңде облыста 1 жасқа дейінгі 156 сәби өлімі тіркелген. Оның ішінде 98 бала облыстық Перинаталдық орталықта, қалған 54 бала басқа медициналық ұйымдарда және 4 бала үйде қайтыс болған. Сәби өлімінің негізгі себебі – пе­ринаталдық кезеңдегі жағдай – 72,1, инфекциялық аурулар – 2, туа біткен кемістіктер – 19,7, жазатайым оқиғалар – 4,1 пайызды көрсеткен.
Енді қарапайым халық Міндетті медициналық сақтандыру қорының іске қосылуына үміт артып отыр. Оған деген үмітпен бірге күдік те жоқ емес. Өйткені 1990-жылдардың ортасында Қазақстанда мұндай қорды ашып, аузымыз күйген. Екі жылға жеткізбей оның директоры Талапкер Иманбаев шетелге қашып кеткен-ді. Шекара асқан алаяқпен бірге медициналық сақтандыру қорындағы 150 миллион теңге де құмға сіңген судай жоқ болды. Ол кезде 150 млн. теңге қомақты қаржы есептелетін.
Ашығын айтсақ, бұл жаза-жаза әбден жауыр болған тақырып. Бірақ, бұған қайта-қайта оралмаса тағы да болмайды, маңызды саланы меңдеген «сырқат» соған мәжбүрлейді. Мыңдаған адамдар дұрыс емделуге мүмкіндігі болмай жарық дүниемен қоштасып жатыр. Оның себептерін сарапшылар мен мамандар жылдар бойы айтып та, көрсетіп те келеді. Сала басшысын ауыстыру керек, бюджеттен көбірек қаржы бөліп, дәрігерлердің жалақысын көтеру қажет деген ұсыныстар жиі айтылады. «Біздегі осы саланы қаржыландыру көлемі артта қалған Африка елдерінен аса қойған жоқ», – деп сиымсыз салыстырулар арқылы ауыр сын айтқандар да бар. Әрине, маңызды саланы шөміштен қыспай лайықты қаржыландыру керек, дәрігерлерді материалдық ынталандыру арқылы лайықты жағдай жасағанымыз құптарлық ұсыныс, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ, біздегі тәжірибе көрсетіп отырғандай қанша қаржы көп бөлінсе оны ұрлау да сонша өсетінін ұмытпағанымыз жөн. Министрді ауыстырғаннан жағдай жөнделетін болса басшысы екі жылға жетпей көпшіліктің талабы бойынша қызметінен кететін біздің білім саласы әлдеқашан әлемде бірінші орынға шығар еді ғой. Ұсыныс айтушылардың медицина саласын қайткен күнде де сауықтыру керек деген ниеттері дұрыс, бірақ біз мәселенің түп-төркініне бойлай алмай, бергі бетінде қалқып жүрміз, «сырқаттың» негізгі диагнозын қоя алмай жатырмыз. Ауруын дұрыс анықтамасақ, оны емдей де алмаймыз.
Елімізде жылдар бойы орын алып келе жатқан мына бір жағдайға назар аударып көрелікші. Айталық, қала немесе облыс әкімі ауысып, жаңа басшы келді делік. Бір ай өтпей жатып орынбасарлар мен қаладағы медицина, білім және басқа да сала басшыларын ауыстыру басталады, дәлірек айтсақ әкім өз адамдарын тағайындайды. Сонда бұрыннан істеп келе жатқан, саланы жап-жақсы басқарып келе жатқан маманның кенеттен жарамсыз болып қалғаны ма? Әрине, жоқ. Тағы да сол – туыстық, тамыр-таныстық, парақорлық пиғылды көреміз. Туыстық белгімен немесе пара беріп орналасқан басшы ешқашан дұрыс жұмыс істемейді, жемқорлыққа салынады. Тіпті бір саланы басқарған адам, мамандығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге бір салаға министр бола салады. Миллиардтап жесе де оған от та жоқ, сот та жоқ. Жоғары жақтан бір қоңырау шалынса сот залынан босатып жібереді. Біздің жоғары биліктің өзі осындай үлгі көрсетіп отырған жоқ па? Ал одан кейін төмендегі түрлі саладағы басшыларға кіна артудың өзі артық. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді халық даналығы. Демек, еліміздегі биліктің ішкі саяси ойындарының әсері денсаулық сақтау саласына да өз салқынын тигізіп отыр деген сөз. Ұлттың саулығын ойласақ денсаулық сақтау саласының өзін алдымен сауықтыру қажет. Ол үшін биліктегі созылмалы «сырқатты» бірінші кезекте емдеу керек…

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Нұрлан 4 Қараша, 2019 18:11 Жауап

    Өте дұрыс айтылған, алдымен билік басындағылар дұрыс үлгі көрсетуі керек. «Балық басынан шіриді» деген босқа айтылмаған.

Пікір немесе жауап жазу

он алты + жиырма =