Абзал ҚҰСПАН: Ислам Әбішев ақталды!

25089

Сот ақтар-ақтамас, қоғам алдында ақ екенін дәлелдеді

30-қазан күнгі сот оты­рысында бірінші болып сот тергеуіне жауап берген куә Асылжан Өмірбекұлы Жампозов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері жүр­гізген тергеу кезінде жа­зыл­ған хаттамалардың төр­теуі­нің үшеуін, беттестіру жайлы жазылғандарды мойында­майтынын, оның бәрі тергеу­шілердің өздері ойдан құрас­тырып жазғандығын, бұған тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын және хаттаманың бәрін бұған вацаппен жіберіп, «кейін сотқа барғанда былай-былай деп айтып бересің, жаттап ал» деп айтқандарын, ол хаттамаларды оқығаннан кейін сотқа келуге қорқып, келмегенін», – айтып берді.

Тергеушілердің бұл секілді әрекеті қылмыстық кодекстің «азаптау» деп аталатын бөліміндегі 146-бабында көрсетілген. Куә әкесі өмірден өтіп кеткенін, шешесі екеуі қалғанын, әйелімен ажырас­қанын, үлкен баласы өзімен бірге тұратынын, ең алдымен соның өмірі үшін қауіптенетінін айтты. Айыпталушы жақ «арандатушы адам» деп бағалап отырған Азамат Шәймерденов дегеннің бұрын қаржы полициясында жұмыс істеген адам екенін, ол салада жұмыс істейтін таныстары көп екенін, «мен сені полицияға жұмысқа кірізейін, айына 450-500 мың жалақы алатын боласың» деп айтқанын, Жәрдем есімді полицияның жедел өкілі вацапқа «выйди, поговорим как мужик с мужиком» деп айтқанын, оның бәрі ұялы телефонда тұрғанын, ал, бұл сол сөздің бәрін скрин-шотқа (суретке) түсіріп алғанын, оларды қағазға шығарып, өзімен бірге осы сот отырысына алып келгенін жария етті. Бұндай қысым болған жағдайда куәнің тергеу кезінде көрсеткен куәлік сөзінің бәрінің іске жарамай қалатынын, оларды дәлел ретінде енді қабылдауға болмайтыны бәрімізге белгілі. Судья ол «телефоныңыз қайда?» деп сұрағанда, куә «телефоным төменде, күзетшілердің қасындағы сақтау жәшігінде», – деді. Ислам Әбішевтің қорғау­шылары судьяға «сол телефонды алдыртыңыз» деп өтініш айтты.
Дәл осы кезде сот хатшысы «бей­нежазу жүйесі белгісіз себеп­термен жұмыс істемей қалды» деп хабарлады. Судья «олай болса жүйені мамандар жөндеп, қалыпқа кел­тіргенше он минутқа үзіліс жария­лаймын, сот тергеуін содан кейін әрмен қарай жалғастырамыз», – деді.
Үзіліс бітті-ау деп залға жиылған көпшілікке сот хатшысы «бейнежазу жүйесін жөндеу қиын болып жатыр, сондықтан үзіліс!» десе бола ма… Қорғаушылар шу ете қалды: « – Сіз кімсіз үзіліс жариялайтын? Олай етуге сіздің хақыңыз жоқ! Үзіліс жариялауға тек судьяның хақысы бар, шақырыңыз, судья келсін, өзі хабарласын!»
Осылайша, судья келгенге дейін пайда болған үзілісте айыпталушы Ислам Әбішев ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап мынадай мәлімдеме жасады:
– Құрметті халайық! Бұл куә – айыпталушы жақтың емес, айыптаушы жақтың әкелген куәсі! Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлерінің әрекеттері қандай болғанын ашып, көрсетіп берді. Мен 1 триллион теңгені үнемдеймін деп екі абзал азаматымнан – екі әріптесімнен, екі қарамағымдағы қызметкерімнен, екі досымнан айрылдым. Олар мемлекеттің осы триллион теңге қаржысын үнемдеу үстінде айрықша еңбек етіп, маған барынша көмек көрсеткен білікті мамандарым еді. Соның біреуі – осы жігіттің әкесі Өмірбек Жампозов болатын. Ол өтірік, жала айыптауларға шыдай алмай, жазықсыздан жазықсыз түрме азабын шеккенімше деп өзін-өзі құрбандыққа қиды. Сол құрбандығы арқылы қоғамның назарын құқық қорғау органдары тарапынан болып жатқан бассыздыққа, нағыз заңсыздыққа аударғысы келді. Дәл осындай жағдайда, Жампозовтың қазасынан кейін алты ай өткенде қорлауға, жалаға шыдамаған Алматы су шаруашылығының директоры Сейілхан Мұхамадиев те өмірден өтті. Олардың екеуі де менің жасымдағы азаматтар болатын. Ендігі «кезек» – менікі… Халық қазынасына араша болған жандарды кәсіби түрде жоятын машинаның қалай жұмыс істейтінін бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен өмірден өтсем, біз сияқтылардың қатары бітетін де шығар…
Және тағы бір менің жанымды аяздай қарып, арқама аяусыз батып отырған жағдай – ол екі азамат өлгенмен де олардың ісі ақталмаған күйі қалды. Олар өздерінің адал екендігін көрсету үшін, тек соны дәлел­деу үшін, басқаша дәлелдей ала­тын амалы қалмаған соң өздерінің өмірін қиып отырса да оларды ақтаған жоқ….
Мен мына Асылжанның тергеу­де берген түсініктерін оқып таң қалған едім. Айран-асыр болып, өз көзіме өзім сенбеген едім. Әлі күнге дейін қалайша маған жала жабуға барды деп, сене алмай жүрген болатынмын. Өйткені, оның әкесі өмірден кетерінің алдында соңғы хатын өзінің отбасы мен маған арнап жазып кеткен болатын. Мен сондықтан, сене алмай жүрген едім. Міне, бүгін оның неге олай деп айтқандарының сыры ашылды… Ақиқат жарыққа шықты!
Осы соттың болғаны жақсы болды. Соттың несі жақсы дейсіздер ғой. Жақсы болатын себебі, кімнің кім екені белгілі болып жатыр, адамдардың бетіндегі бет емес, жамылып жүрген бетперделер жыртылып, ар жағындағы шынайы, сұмпайы түрлері көрініп жатыр. Мейлі, маған он жыл берер, он бес жыл берер, Жампозовтың ісімен, Мұхамадиевтің ісімен өткендердің бәріне де пәлен жылдан берді ғой, мен солардан артық емеспін. Мен аман болып, жер басып жүрсем, ерте ме, кеш пе, Жампозов пен Мұхамадиевтің ақталуына бәрібір қол жеткізем. Соңына дейін соғысам, бәрібір, қол жеткізем, жетпей тоқтамаймын!..
Бұдан соң қорғаушы Марат Түкеев сотқа қатысушылардың назарын бүгінгі жағдайға тағы аударды: «Куәлер айыпталушы жақтың пайдасына сөйлеп жатқан кезде біреу әдейі істеп отырғандай бейнежазу жүйесінің істен шығып қала қоятыны қалай? Бұл бірінші рет болып отырған жоқ қой? Өткенде Құнанбай Шындәулетов те осылай айыпталушы жақтың пайдасына сөйлей бастаған кезде бұл жүйе істен шығып қалған болатын».
Біраздан кейін судья келді. Сағат 15-ке дейін үзіліс жария­лайтынын айтты. Сол кезде қорғаушы Абзал Құспан сөз сұрады: «Құрметті сот! Бұл куә – жай, қатардағы көп куәнің бірі емес, айыптаушы жақтың ең басты куәсі! Сөзін өзіңіз де тыңдадыңыз, тергеу кезіндегі сөзінің бәрінен толығымен бас тартты. Екіншіден, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері тергеу кезінде өзіне қысым жаса­ғаны жайлы мәлімдеме жасады. Енді, құрметті сот, сіз мынадай жағдайдан кейін куә Жампозовтың жеке басының қауіпсіздігін қамта­масыз етуге қатысты шаралар қабыл­дауыңызды сұранамыз. Сонымен қатар, Ұлттық бюро қызмет­керлерінің ешқайсысын куә Жампозовтың жанына жақын жерге келе алмайтын болсын деп қаулы қабылдауыңызды сұраймын». Судья Ұлттық бюро қызметкерлеріне қатысты қаулы қабылдаймын, қабылдамаймын деп ешнәрсе айтпады, тек «куәден жауап алып бітпегеніміз себепті сот приставы үзіліс кезінде куә Жампозовтың қасында болсын, тамаққа да бірге баратын болсын» деп шешім шығарды. Сотқа қатысушылардың арасында А.Жампозовтың ағасы да отыр екен, «біз тамақтануға көшеге шығып, асхана іздемейміз, осы ғимараттың ішінде боламыз, мен ақша берейін, сот приставы дүкеннен алып келсін» деп өтініш жасады, ол өтініш қанағаттандырылды.
Үзіліс кезінде қорғаушы Абзал Құспан біздің «бүгінгі сотттағы болып жатқан оқиғаларды қысқаша қорытып жіберіңізші» деген өтінішімізге былай деп жауап берді:
– Мен судьяның орнында болсам, мына сотталушы екі азаматты дәл бүгін босатып жіберер едім. Неге? Асылжан Жампозов бұл істегі ең басты, ең негізгі куә, одан артық куә жоқ. Міне, дәл осылай жазыңыз! Себебі, ол тергеуде Қаныбек Әбішевке қарсы, Құнанбай Шындәулетовке қарсы, Ислам Әбішевке қарсы, Серік Түкеевке қарсы жауап берген адам. Одан басқа тергеу кезінде Азамат Шәймерденов пен Ұлттық бюро қызметкерлерінің пайдасына жауап берген адам. Бүгін сотқа келіп, бұрынғы сөзінің бәрі қысым көрсетудің салдарынан жазылғанын айтты. Бұл жерде Ұлттық бюро қызметкерлеріне қарсы қылмыстық кодекстің кем дегенде үш бабы бойынша – куәні жауап беруге мәжбүрлеу, заң талаптарын бұрмалаушылық (фальсификация), т.т. қылмыстық іс қозғалуы тиіс. Судья бұл жөнінде жеке қаулы қабылдап, оны тіркетуі тиіс. Ар жағында тергеу жүргізілуі тиіс. Міндетті түрде! Өйткені, айыптаушы жақтың куәсінің айыпталушы жақтың пайдасына сөйлеуі – сенсация.
Біз енді Жампозовтың бұрын тер­геудегі жауабының төрт хатта­масын жарамсыз деп қабыл­дау туралы және Ұлттық бюро қыз­мет­керлерінің үстінен қылмыстық іс қозғау жайлы өтініш-хат береміз. Егер осы екі өтінішіміз қабыл­данбайтын болса, судья Қ.Мекем­тас­қа сотты жүргізуіне толық қарсылық (отвод) білдіреміз. Өйткені, мына жағдайдан кейін сотта­лушыларда ақтаудан басқа істей­тін іс қалған жоқ. Бүгін Ислам Әбішев пен Серік Түкеев соттың қаулы­сымен ақталмай қалса да, қоғам алдында толық ақталды деп есеп­теймін!
Үзілістен кейін сот тергеуі қайта жалғасты. Прокурор неше түрлі қитұрқы сұрақ қоюын жалғастыра түсті. Мысалы, оның бір эпизодқа қатысты «прокурордың сұрағына жауап жоқ» деп айтқансыз» деген сөзін қорғаушы Е.Мәкенов сөз алып, куә «мен бұл сұраққа тергеу кезінде жауап бергенмін, бірақ, неге екенін білмеймін, ол жауап хаттамада жоқ» деп тұр» деп түзетті. Судья онымен келісті-дағы, прокурорға «сұрағыңызды нақтылап қойыңыз» деп ескертті.
Бұдан соң сот тергеуі кезінде куә қолындағы скрин-шот жасалған қағаздарды сот құжаттарына тіркеуге берді. Куә сондай-ақ, осы сотқа шақыруды телефоннан хабарлама алғанымен келмей жүргеннен кейін Жәрдем есімді жедел өкілі сотқа судья Қ.Мекемтастың аты жазылған шақыру қағазын өзінің інісіне біреуін, анасына екіншісін апарып бергенін, оны алған анасы қорқып, ауырып қалғанын айтты. Сотқа шақыру қағазының көшірмесі де сот құжаттарының ішіне тіркелетін болды. Ислам Әбішев куәге шын сөзін айтқаны үшін алғыс білдірді.
Бұдан соң сөйлеген «Қаз­байлық-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы куә Төлегенов жауап берді. Ол 2018 жылы жазда Су ресурстары комитеті жариялаған тендерге қатысып, оны ұтып алғанын, шарт жасасқанын айтты. Өздерімен бірге консорциум құрған компания өкілі Макишев дегеннің 2019 жылдың басынан 2019 нау­рызына дейін бірнеше рет Су ресурстары комитетіне шартта жасалған соманың 3-4 пайызы көлемінде пара берулері керектігі жөнінде бірнеше рет сөз қозғағанын, бірақ, параның кімге беруде ешкімнің фамилия­сын атамағынын, бас кезінде оған «бұндай сөз қозғау ұят қой» дегенін, кейін ең соңында ұрсып бергені жөнінде әңгімелеп берді. Соның алдында оған «сізді Макишев сыртыңыздан не деп атайтынын білесіз бе?» деп сұрақ қойғанда «жоқ, білмеймін» деген жауаптан соң «білмесеңіз, «лох» деп атайды», – деген Ислам Әбішев осы кезде: «Макишевті ұялтудың, ұрысудың орнына бір-ақ ұрмадыңыз ба, ұрғаныңызда ол менің үстімнен жалған арыз беріп, арандатуға бармас еді, сонда мен мына жерде отырмас едім» деген репликасына Төлегенов «я же «лох», сондықтан, ұрмаған шығармын…», – деді. Жиылған жұрт ду күлді. Трагикомедия деген осы…
Сот тергеуі 31-қазанда жал­ғасады.

Әлмәмбет Әзизұлы

qazaquni.kz