Түлкібаста Мекемтас Мырзахметұлының шығармашылық үйі ашылды

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында жазушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының шығармашылық үйі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тоқсан жастан асқан жазушыға жерлестері туған жері Майтөбе ауылынан шығармашылық үйін салып, тарту етті. Бұл үй аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тікелей бастамасымен демеушілер есебінен бой көтерді. Бес бөлмеден тұратын шығармашылық үйі заман талабына сай жабдықталып, аумағы абаттандырылған. Салтанатты жиында аудан басшысы ғылым саласына өлшеусіз үлес қосқан Мекемтас Мырзахметұлына шексіз ризашылығын білдіріп, үйдің кілтін табыс етті.

«Ешкім де Еңбек Ері болып тумайды. Абырой да, құрмет те еңбекпен келеді. Әркім – өз дәуірінің перзенті. Өз заманының талабына өзінше үн қосады, еңбегін арнайды. Халқының бақыты үшін күндіз-түні тынбай, елге қызмет еткен Мекемтас ағамыз бақытын ғылымнан тапқан азамат. Ұлы ақын Абай Құнанбаев пен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының бай мұрасын терең зерттеген жазушы қазақ ғылымының дамуына, әдебиетіміздің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Бүгінде ғылыми және тарихи еңбектері еліміздің дамуына септігін тигізіп, тәрбиелеген шәкірттері республиканың барлық аймағында жемісті еңбек етуде»,- деді Нұрбол Тұрашбеков.