Мәдениет басқармасының басшысы парамен ұсталды

Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы ірі көлемде парамен ұсталды, - деп хабарлайды КТК арнасы.

Ол мәдениет саласында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда қитұрқылықтарға барған.

Көкшетаудағы екі бірдей мұражайдың экспонаттарын жаңартып мұрағаттарды жаңғырту жұмысын шенеунік «май-шелпекке» айналдырған. Атқарылған жұмыс актісіне қол қоюға кәсіпкерлерден 15 миллион теңге мөлшерінде пара алған.

Параны ол биылғы мамыр-қазан айлары арасында бірнеше бөліп алған екен. Басқарма басшысы кәсіпкерден қалған 5 миллион 700 мың теңгені алып жатып ұсталған. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды.

Данияр Бегайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі:

- Күдікті қылмыс үстінде ұсталып, Көкшетау полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде. Күдікке қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сотпен қабылданатын болады.