Шымкентте атыс болып, 2 адам қаза тапты

29 қазан күні Шымкент қаласында атыс болып, 2 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алған. Бұл туралы Оtyrar.kz хабарлады.

Оқиға кешкі сағат 17:30-да Арғынбеков көшесіндегі дәмханада болған.

Куәгерлердің айтуынша, атысты екі адам ашқан. Атыстан кейін олар оқиға орнынан қашып кеткен. "Сайга" мылтығы дәмханадан 300 метр қашықтықта бетон кесектерінің артынан табылған.

Абай аудандық полиция бөлімі оқиға болған жерді қоршауға алған. Дәмхана маңында Toyota Camry 70 және Lexus RX 350 екі автокөлігі тұрған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері сол көліктердің бірінен үлкен сомада ақша тауып алған.

Дәмханада алған жарақатынан оқиға орнында атысқа қатысушылардың бірі қаза тапқан. Инсайдердің мәліметінше, біраз уақыттан кейін екінші адам да қаза болған. Ұсталғандар бар.

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасына 4 адам оқ жарақатымен келіп түскен. Төртеуіне де дәрігерлер құрсақ қуысының жарақаты диагнозын қойып отыр.

Жарақаттанғандар  1989, 1987, 1996, 1984 жылы туғандар. Барлығына ота жасалған.