Президент "Көк-жайлауда" құрылыс жүргізуге тыйым салды

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Көк-жайлау" тау-шаңғы курортының құрылысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды baq.kz.

"Тағы бір мәселе. Бұл "Көк-жайлау" тау-шаңғы курортының құрылысы. Бұл мәселеге қайта айналып келмес үшін, бұл жобамен айналысуға тыйым саламын. Яғни, құрылыстың бізге қажеті жоқ", - деді президент.

Сонымен қатар, ол қаладағы тарихи ғимараттардың бұзылып, орнына сауда үйлерінің тұрғызылып жатқанын сынға алды.

"Қалада бұрыннан келе жатқан "Алатау" кинотеатрын бұзып, орнына сауда нысанын салды. Әдемі ғимаратты бұзудың қаншалықты қажеті болды. Оны бір кәдеге жарату керек еді. Қаланың қақ ортасына қонақүйлер мен сауда үйлері тұрғызылып жатыр. Қаланың сәулет жоспары дұрыс ойластырылмаған, үлкен ғимараттар қаланың әдемі жерлерінің барлығын жауып қалған", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, президент қалада трамвайдың тоқтатылғанына да алаңдаушылық білдірді.

"Шетелде экологиялық таза көліктерді көптеп жүргізуде, бізде керісінше тоқтап қалды. Трамвайдың жұмысын одан әрі жандандырып, қала игілігіне беру керек еді", - деді мемлекет басшысы.