Тағы бір қорықшы браконьерлермен күресте мерт болды

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында браконьердің соңына түскен қорықшы Әділ Кенжеғұлов мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 25 қазан күні түнде болған және қашқан браконьердің соңына түскен инспектордың көлігі аударылған.

«Біздің инспекторлар түнгі уақытта далада күмәнді автокөлікті байқаған. Оның артынан қуғанда белгісіз автожүргізуші қашқан. Сол сәтте инспектордың көлігі аударылып, алған жарақаттан ол мерт болды», - деп түсіндірді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті Жануарлар әлемі және аң шаруашылығы басқармасының басшысы Айтуар Туғанбеков елордада өткен брифингте.

Оның айтуынша, браконьерлер инспекторға оқ атпаған.

«Олар оқиға орнында ұсталды және жергілікті тұрғындар боп шықты. Көлігінен қару мен заңсыз атылған жабайы аңның ұшасы табылды. Министрлік атынан марқұмның туыстарына көңіл айтамын. Оның отбасына 7,8 млн теңге материалдық көмек көрсетілді. Іс тергеуі аяқталған соң, сақтандыру бойынша тағы 4 млн теңге төленеді», - деді А. Туғанбеков.

Айта кетейік, Әділ Кенжеғұлов - жыл басынан бері табиғатты қорғауда мерт болған үшінші қорықшы.