Әдебиет абызы оқырмандарына ақ алғысын білдірді

Қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды. Осыған орай, Алматы қаласында суреткер-қаламгердің мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаттарын жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің құттықтау хатында мерейтой иесін сөз өнерінің сардарына теңейді. «Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтай­мын. Көзі тірі классик, сөз өнерінің сардары, көрнекті қаламгер және қоғам қайраткері ретінде Сіз ұлттық әдебиетімізбен мәдениетіміздің дамуына, оның әлемдік деңгейде дамуына сүбелі үлесіңізді қостыңыз»– деп баға берді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев. «Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиет әлеміне «Курляндия» романымен келді. Ал «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ әдебиетінде дәуірлік белес болды», – дейді замандастары. Қаламгер әйгілі еңбектерінде XX ғасырдағы ел, туған жер, теңіз тағдырын барынша шынайы суреттейді. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығар­малары қазақ оқырмандарымен қатар, әлем оқырмандарына да жақсы таныс. «Қан мен тер» трилогиясы дүниежүзінің 35 тіліне аударылуы соның дәлелі. Жазушының ізін басқан інілері «Әбең шығармашылыққа өте жауапкершілікпен қарайтын тұлға» дейді. – Не жазсам да, үлкен шығарма жазайын, орташа шығарма жазайын, кіші шығарма жазайын, соның бәрін өздеріңе арнап жаздым ғой. Соның бәрін жазып, басқызып, содан кейін мына көңіл күпті, апыр-ай, қалай қабылдар екен деп күтетін, бір қиналып күтетін күндерім болатын. Әйтеуір жазған кітабым дүкенде сөреде жатқан жоқ, – деді қарт қаламгер өз оқырмандары алдында ағынан жарылып. Тоқсан бес жасқа толғанына қарамастан, қазақ әдебиетінің абызы аяғынан тік тұрып, жиналған көпшілік алдында шексіз алғысын білдірді. qazaquni.kz