Хорлан сұлудың ұл-қызы

Еліміздің ұзақ жылдарға арналған мә­дени саясаты туралы әңгіме қозғалса, көз алдымызға бірінші болып халық өнері саңлақтарының бірі, әнші Естай Беркімбайұлы сынды дүл­ділдердің бейнесі келетіні заңдылық болар. Бізге журналистік сапарлардың бірінде аты аңызға айналған осынау өнерпаздың ұрпақтарымен жүздесудің сәті түскен еді. Баяғыда Маралды жерінің Ұрық ауылында Сұңқар, Солтан есімді ағалы-інілі екеу өтіпті. Екеуі де ел билеген, өз заманының серкелері екен. Естай ақынды естен тандыратын Хұсни мен Хорлан – сол Солтанның қыздары. Бірде қазіргі Екібастұз ауданына қарасты Қаракөл қыстағын мекендейтін Сүлеймен байдың ұлы Шошан Ұрықтағы өзінің қалыңдығын алып қайтуға Естайды да ерте келеді. Өзі ақын, өзі әнші Естайдың екі аруды көретіні осы сапар. Әйіптің Нұрмағамбеті дегенге айттырылып қойғанымен, Хорлан да өнерлі жігітке алғаш кет әрі болмайды. Ақыры сөз байласып тынған. Бірақ ахуалды аңдаған Солтан Шот (бүгінгі Алтай өлкесі, Славгород) қаласының түбіндегі Шүкірді мекендейтін құдасына хабар беріп, қызын дереу ұзатып жібереді. Сөйтіп, уәделі сәтте алып-ұшып жеткен Естай: – Бұл ғаламды шарықтап, О, дариға, ләуліктас, Бағдат, Мысыр, Шын-Машын, Іздесем Хорлан табылмас, – деп аңырап, жер сипап қалады. Алайда, аһ ұрып, зар илегеннен қайран бар ма. Мұң-шерін дүниені дүбірлетіп әнімен төгіп, бейбақ ақын бармақ шайнап қала береді. Міне, енді біз арадағы қамықтырған қаншама заманалардан кейін сол Хорлан мен Нұрмағамбеттің немересі Гүлсім әпке-міздің қолынан дәм татып отырмыз. Қасында өзінің туған ағасы Сайлаубек пен күйеуі Қапсамат бар. Үшеуі де алпыстан асқан адамдар (Жол түсіп келіп қалған соң соқпай кете алмадық). Жат қолындағы Құлынды даласының бір пұшпағын жайлаған Әйіптің әкесі Қуат та дәулетті кісі екен. Сол байлығының арқасы болар – орыстар ауыстырамыз деп келгенде қыруар малын шашып, ауылының атын сақтап қалады. Бұл мекен күні қазірге дейін «Село Куатовка» деп аталатын көрінеді. – Атамыз Нұрекеңнің көз алдында өстік. 1966 жылы сексен алты жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бейіті сол Қуат ауылында. Хорлан әжемізді көре алмадық. Ертерек қайтыпты. Ең өкініштісі, о кісінің не фотосуреті, не ұстаған заты қалмаған... Ақсу қаласы №7-ші орта мектебі директоры қызметіндегі Гүлекең ашық-жарқын адам. Бізді қызықтырып отырған «ғашықтық ғаламаты» төңірегіндегі сұхбаттан ешбір тартынған жоқ. – Дегенмен, Нұрмағамбет атам Естайдың өз әйеліне іңкәрлігі туралы сөзді онша ұнатпаған секілді. Осы тұста Гүлсімнің ағасы Сәкең әңгімеге қосылып, қызарақтап, бұ кісі де әжесін аздап қызғанатынын байқатып алды: – Несін ұнатады! Тегі, махаббат-сахаббат дегеннің не қажеті бар екен осы?!. Гүлекең де, оның жолдасы Қапсамат та мәз болып күліп жатыр: – Бәле, қызықсың ба! Бүкіл өмір-тарихымыздың бәрі осы махаббаттан басталып жатыр емес пе?! Еріксіз өзі де күлген Сайлаубек сөз сабақтайды: – Хорлан әжем бес ұл тауыпты. Ғабдулжәппәр, Ғабдулмәжит, Зейнелғабиден, Назымбек, Нәсіполла. Ең кенжесі жастай шетінейді. Біз Назымбектен тараймыз. Біз де бес ұлмыз. Бауырларым Қанат, Ермекжан, Еқсан Ресей жерінде қалған. Қайыргелді ағам сонда қайтыс болды. Негізі, оны орыс жері деу де қате. Өз атақонысымыз. Мына Гүлсім ортамыздағы жалғыз қыз болған соң туыстарым тұрмыстағы осыны қарайлау үшін мені әдейі көшірген. Ғабдулжәппәрден де жалғыз қыз бар. Нәзия тәтем. Сексен үште. Павлодарда тұрады. Зейнелғабиден Мәскеу түбінде ерлікпен қаза тапқан екен. – Негізі, Нұрмағамбет атамыз бай тұқымы ретінде көп қуғындалады. Әйтеуір, Қиыр Шығысқа, анда-мұнда бас сауғалап қашудан көз ашпаған. Ақыры, Зейнелғабиденнің ерлігінен кейін ақтайды. Бірақ 1937 жылдан бастап үлкен ұлы Ғабдулжәппәр да қуғынға түскен. Бізге оның «Алпыс бесте шал қалды, иісі аңқып жер қалды» деген атақты өлеңі ғана жетті. Естуімізше, Хорлан әжеміздің жанына, әсіресе, осы жағдай қатты батқан. – Хорлан әжем сол отыз жетіде елу тоғыз жасында қайтыпты. Ресей-дегі Бөрлі ауданы, Қаранай ауылында жерленген. Осыдан үш жүз сексен шақырым межеде. Бертінде облыс әкімі бастаған ел азаматтары «Мұнда қазақтың хас сұлуы Қорлығайын Әйіпкеліні жатыр» деп жазғызып, үлкен ескерткіш белгі орнатты. Ас бердік. Алматы, Астанадан да меймандар келіп, екі жүз кісідей қатысты. – Бұл Гүлекеңнің сөзі. – Жай ғана шара емес, көршілес орыс халқының алдында ұлт абыройын көтерген іс болды. «Ләйлі – Мәжнүн, Ромео – Джульетта» деп жатады. Қазақ елінде нағыз сүйіспеншілік символына айналған жандар аз ба. Солардың даңқы асырылып жатса несі айып. Кейін туған жерінде Естай Беркімбайұлының да ескерткіші ашылған. Сонда ақынның туыстары бізді Хорланның немерелері деп арнайы шақырды. Мені ерекше құрметтеп, қолыма алтын сақина салды. Осы тұста Гүлекеңнен Хорлан арудың Естайға жүзік сыйлайтыны туралы әңгімені білгіміз келген. – Иә, болған жағдай көрінеді. Тек бұл бертініректегі, әжеміздің елуден асқан кезіндегі нәрсе. Және бір аңдағаным – атам да әжемді керемет сүйген еді. Айтуынша, жары сұлулығына қоса қолаң шашы тірсегіне түсетін сұңғақ бойлы, өте сымбатты жан екен. Жарықтық: «Мына Гүлсәнге тимеңдер. Бетіндегі меңі де, мінезінің ашықтығы да Хорлан әжесіне тартқан!» деп отыратын. Гүлсім мен Сайлаубек Қуатовтардың сөзіне қарағанда, Солтаннан төрт қыз туады. Олар – Қорлығайын, Хұсни, Қорзафыран және Рахима. Бәрі де бірінен-бірі өткен сұлулықтарымен есте қалған. Бірақ Хұсни бойжеткен күнінде қайтыс болады. Рахима да тым жастай кетсе керек. Қорзафыранның ұлдары бар. «Хорлан» әнін алғаш Финляндияда шырқаған Шахимардан Әбілов кейін оны Париж, Лондон тыңдармандарына жеткізеді. Сондай-ақ, Италияның Винчеса қаласында Рим папасымен болған кездесуде орындайды. Мұны әйгілі Робертино Лоретти де тыңдап, ән тарихына қатты қызығыпты. – Және бір айта кететін нәрсе, – дейді Сайлаубек, – кейбір жігіттер біздің ауылды «Шұқыр» деп жазып жүр. Дұрысы – «Шүкір». Сонау отыз екіде бұл жерге аштық келмепті. Сонда алыстағы ағайындар «шіркін, Шүкірге бір жетсек!» деп армандайды екен... Қапсамат маған Хорлан сұлудың күйеуі Нұрмағамбеттің суретін ұстатып тұрып: – Бұл дүние енді сен екеумізде ғана бар! – деп күлді. *** Ғажап болғанда, Ақсудан шыға бере алдымыздан қос аққу ұшты. Қиқулай ұзаған құстардың соңынан көз талғанша қарадым. Әйгілі әнші, ақын, композитор Естай Беркімбайұлы (1874-1946) және осы кісінің бір әні ҚОРЛАН (І түрі) Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, Табиғат берген екен күн мен айын. Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен, Дариға арманым көп не қылайын. Қайырмасы: Ахау, арман, Құсни, Қорлан, Екі-ай бағлан, Екеуі туған екен бір анадан. Бозбала, қалма қапы бұл жалғаннан, Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған. Өзіңдей боп жан тумас, Туса турар, артылмас. Бар ғаламды шарықта, Уа, дариға, ләулік тас. Бағдат, Мысыр, Шың, Машын, Іздесем Қорлан табылмас. Қайырмасы. (ІІ түрі) Іште бар жердің аты Маралды-Ұрық, Сол елді сейіл қылдым кезіп жүріп. Әміре, Құртқадай зар илеймін, Сол елде Құсни, Қорлан бір қыз көріп. Қайырмасы: Ахау, арман, Құсни, Қорлан, Екі-ай бағлан, Екеуі туған екен бір анадан. Бозбала, қалма қапы бұл жалғаннан, Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған. Өзіңдей боп жан тумас, Туса турар, артылмас. Бар ғаламды шарықта, Уа, дариға, ләулік тас. Бағдат, Мысыр, Шың, Машын, Іздесем Қорлан табылмас. Сұрасаң қыздың аты – Қорлығайын, Мағұрып қолға берлі туған айын. Әуелде жазбағасын болмайды екен, Мақсұтқа жете алмадым, не қылайын. Қайырмасы. Бірі апа, бірі сіңлі Құсни Қорлан, Екеуі туған екен бір анадан. Бұрынғы гүлжазира қыздарындай, Дүниеге келер емес ондай бағлан. Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иек, Шынардай он саусағы құлжа сүйек. Осындай мақбуп жардан айырылған соң, Жалын боп жарым үшін жанды жүрек. Қайырмасы. Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл маңдай, Ғашық жар сенен артық тусын қандай. Қасыретті халыңнан хабар білдір, Жолыңа сарп етейін мал мен жанды-ай. Қайырмасы. Айырылдым ғашық жардан, Құдай алмай, Құр ішім толғай берді жылай алмай. Бар еді қимас күндер тату өскен, Келер ме енді айналып, уа, дариғай. Қайырмасы. Бирилан шашбауына таққан теңге, Түк болмас шаш пен кірпік қастан өңге. Сағымдай сәулелері көтеріліп, Құбылар бір сағатта әртүрлі өңге. Қайырмасы.   Құлан САҒАТҰЛЫ, Павлодар қаласы qazaquni.kz